Тірі жесір 1-бөлім

0 2 267

Көз байлана бере шалқайып ашық тұрған есіктен жас келіншек ішке қарай алқын-жұлқынып шығып аттады. Мойнына ораған алқызыл жібек шәлісінің салпылдаған бір ұшы   тұтқаға орала кетіп, сыпырылып түсті. Оған қарайтын жан қайда?! Аяғындағы «қайық» деп аталатын қызғыл түсті жеңіл топылайын екі жаққа ұшырып төрге озды. Алқынып жеткеннің алдынан шыққан жан болмады. Үйде өлі тыныштық. Ашық тұрған терезенің жібек пердесі ғана желмен тербеледі. Құлаққа ұрған танадай мына үнсіздік ашу буып келген келіншектің қанын одан әрі сапырды.
Келген үй – төркіні болатын. Сондықтан дауысын қатты шығарып:
– Апа! Қайдасың!, – деп айқай салды.
Оң жақ бүйірдегі есіктен шыға келген алжапқыш байлаған, бұйралаған шашы басына қозының терісін қаптап алғандай, алақан көз  кейуана:
– Біссімілдә! Гүлдерай! Не болды сонша аттандап, әкең демалып жатыр, – деді. Үнінен қызының мына жүрісін жаратпай, қарасынан ағы басым ала көзін төңкере қарап, тыныштықтарын бұзатындай хабар әкелгенін жүрегі сезді.
Амандасу керегі есіне түскендей қызы:
– Қалайсыңдар? – деді де ұстап келген қолсөмкесін кіреберістегі киімілгіштің сөресіне лақтыра салды.
– Не қалайы бар, жақсымыз? – деп шешесі асханаға қайта кіріп кетті. Қызы соңынан есігін жаба ілесті. Ортадағы ас үстелінің үсті толған ыдысқа салынған өрік пен шие. Шамасы тосап қайнатылып жатыр. Газ плитаның астындағы булағышта  банкалар тізіліп булануда. Онсызда  ыстық бөлменің есігін жауып алғанды жақтырмаған анасы:
– Ашшы әрі! Не болды? – деді қызына алая қарап.
– Болары болды! – қолын есіктің тұтқасынан босатқан қызы орындыққа жібек көйлектің етегін желп еткізіп, жалп етіп отыра кетті. Кейуана бір қолына шөмішін, екінші қолына ыдыстың қақпағын ұстаған қалпы әлі қызына қарап тұр. Түсіп қалған қасының үстін қара бояумен баттастыра сызыпты. Ол таңданыстан сәл көтеріліп тұр.
–  Болды апа! Қызың тірі жесір болды!
– Тірі жесірі несі? Жұлынбай жөндеп айтшы…
– Тірі жесір дегенді естіп па едің?! – анасына енді қызы алая қарады. Бірақ оның жіпсік көзі қанша ашса да кеңеймеді. Тек өңменіңнен өтетіндей ызғармен анасының жанарымен барып шағылысты. Көзі тайқып барып, үстел үстіндегі ыбырсып жатқан ыдыс-аяққа тоқтады. Кейуана қозы басының арасына бес саусақты салып жіберіп, бір қасынды да, орындығына қайта жайғасты:
– Құдай сақтасын! Тірі жесір! Ондай сөзді естімеппін. Кім айтып жүр? – деп перзентінің сауалына сауалмен жауап қатты. Анасының мына бейқамдығына күйіп кеткен ақ борықтай келіншек алдындағы табақтағы өріктен біреуінің ұрығын шығарып, қоқыс шелекке лақтырды да бүтіндей аузына тығып жіберді. Аз-кем үнсіз отырып, шайнаңдап барып тамағына әрі қарай жылжытып жіберіп қайтадан тілге келді.
– Тірі жесір деген мына мен! Он бес жыл бойы сенің «Шыда! Шыда! Түбі ана үш қабат үй саған қалады. Жүрмейтін еркек жоқ, қайтып келеді! – дегеніңе сеніп енді міне тақырға отырдым, бай да жоқ, баспана да жоқ!, – деп еңірей жөнелді.
Үнсіз тыңдап отырған кейуана мына жаңалықтан шошып, ұрығын аршып отырған табақтағы өрікті итере салып, ыстықтан албырап тұрған беті одан әрі қызара қызына шүйлікті. Дауысы қандай ащы еді, шіркіннің!
– Әй, қыз! Байыңнан айрылсаң оны менен көрме! Сол үйге барғаннан ана өгей шешесімен алыстың. Нең бар еді, атынан жұрт үркетін шалын тыпыр еткізбей отырған қатында. Бес қыз тұрмақ елу қыз тапсада нең бар еді. Бара салып бір ұл таптың да масайрап, “менің балам мұрагер!” деп бақыттан басың айналып, байқұс әйелге күн көрсетпей қойдың. Күйеуің астынан ши жүгіртіп үйден сені айдап салады, сен ақымақ барып оны табалап, қанын тасытатынсың. Сорлы әйел қанша жылады. Соның көз жасы шығар сендерді ұрған.
– Не, апа, енді сен мені табалап отырсыңба?
– Табалап отырған жоқпын, көргенімді айтып отырмын. Өзіңе де обал жоқ, байыңның айтқанына еріп, сол қатынмен арпалыстың. Енді міне сол күн өз басыңа келіп отыр. Артты қыссаң, бай болар едің. Енді келіп менен көреді ғой, о, несі-ей! – деп сөзін кейіп аяқтады.
Асхананың есігі ақырын ғана ашылып бір уыс бетін әжім басқан, селдіреп кеткен ақ шашы сопақ бастың төбесінде ғана жалбыраған, арық қара шал аттады. Қырылдаған үнмен:
– Гүлә! Сен бе келген, шешең кіммен даудырласып жатыр десем, – деп екі иығы қушиып, имеңдей басып терезе жаққа өтті. Құдды бірнәрсеге кінәлі болған жанның мүсәпір кейіпі.
– Әй, желді жаппай былай өтші!, – деп бәйбішесі бір қолымен шалын  сермеп, екінші қолымен есікті шалқайта ашты.
Әкесін көрген қыз жасаураған көзін алдындағы асханалық орамалмен сүртіп:
– Мен ғой, папа. Қалайсыз!, – деп амандасқанның ырымын жасады. Перзентінің боталаған жанарын байқаса да, сұрақ қойса басына бәле тауып алатындай болып, сескенгендей:
– Отырмыз! Мына шілденің шіліңгір ыстығы қанды кептіріп барады ғой тегі. Бесінде бір көз шырымын алмасаң, басың айналып, тәлтіректеп қаласың, – деді еркек қалақтай басын қайта-қайта шайқап. Үстелдің үстіндегі шыны құмырада тұрған судан кесеге құйып алып, басына көтере сімірді. «Үһ» деп жан шақырғандай болды да, қызы мен қатынының қабағына жәутеңдей қарап, бірдеңе сұрауға батылы бармай, аяғын санап басып шығып кетті.
Аналы балалы екеуі еркек кіргенде сап тоқтата қойған әңгімелерін ары қарай жалғастыра жөнелді.
– Гүлә! Сен қырсықпай, маған жағдайыңды былай жөндеп түсіндірші, – деді анасы дегенмен баласына жаны ашып. Ерегескеннен ештеңе таппасын білген қызы да енді:
– Апа, ол әлгі  Қарагөз бәлесіне біржолата кетіп қалды, – деп жөндемге келді.
– Баяғыда айттым, тағы бір-екі баланы топылдат деп, тыңдамадың. Магистр болам деп үш жыл, доктор болам деп бес жыл жоғалттың…
– И-и, апа-ай, менсоны тумайын деді дейсің ба?! Жетіскенімнен оқу қуып кетті дейсің ба?!  Шыңғысты туғаннан кейін-ақ, жатын бөлмеге жоламай қойды емес пе, мен бала таппасын деп. Баланы күлге аунап табам ба?, – деп ащы запыранын төккен қызы он бес жылдан бергі ашпаған сырын он бес сөзбен ақтарып салды.
Басындағы қозының жүніндей бұйраланған шашының әр талы жазылып кеткендей болған кейуана үстіндегі биттің қабығындай желеңін ауырсынып, ауа жетпегендей алақтап қызына қарап:
– Сен сонша жылдан бері ол сұмпайының әрекетін неге маған айтпай келгенсің? – деді.
– Ұят емес пе, қалай айтам. Байым қойныма жатпайды деп кімге шағынам. Талай түндерді жылап өткізіп, білім қуған болып шет елге кетіп қаңғып жүрдім ғой, – алдындағыдай емес, келіншектің дауысы баяулап, тағдырының салғанын мойындағандай момақан бола қалды. Перзентінің мына мүшкіл халін көрген анасының жаны ышқынып:
– О, зәлім! О заманда, бұ заман жап-жас келіншегінің жанына жатпай, бала таптырмаудың жолын жасаған сұмпайыны көргенім де, естігенім де осы.Сұмырай! Мұндай бәле қалай басына келеді десеңші. Бала таптырмау үшін сақтанады емес пе, – деп күйіп-піскен әйел тарс еткізіп, тегенедегі қантқа араластырған өрігін оттың үстіне қойды. Қызы әлі ішіндегі құсасын ақтарып отыр.
– Ол менің сақтанбайтынымды біледі. Маған бала керек дегенмін. Содан кейін-ақ, бала керек болса туып ал деп ерегесті. Мені әдейі төсек үшін біреумен жүріп кетсе екен деп істеп жүргені.
– Ойпырмай, мынаның залымын ай-ә! – Әйел күйеубаласына тісін қайрады. Бір кезде таңырқап:
– Гүлә! Сен мына тірі жесір деген сөзді қайдан естіп жүрсің? – деді.
– Апа, жесірдің күйеуі өліп қалады. Тірі күйеуі не ажырасып кетпей, не өлмей, не үйіне түнемей жүрсе, оның әйелі тірі жесір болмай, кім болады? Шартты түрде айтқаным ғой…
– Құдай жазасын берсін, ұрмай-соқпай, азаптау деген осы шығар, –  қыз анасы әлі бұрқылдап отыр.
– Соның тілін қалай тапсам деп, соның айтағымен өгей шешесіне бекерден-бекер тиісетінмін. Ал, әкесі мен өгей шешесі баласының жасап отырғанын білмейді, менен келген пәле деп, мені жек көретін. Сонда да оны жамандамай, барлық күнәні өз мойныма алып жүрдім.Өгей шешесі тапқан қарындастарына да қарадай тиісіп, неше түрлі өсек тарататынмын, –  мұрны пышылдаған қызы да тоқтай алар емес.
– Сорлы балам-ай, солардың көз жасы шығар сені бүгін сенделтіп отырған, – деді де шешесі есеңгіреп, ебіл-дебіл жылап отырған қызын кең құшағына орап алып, бетінен, көзінен сүйе бастады. Ерні тиген жерлерден көз жасы мен тердің ащы дәмі келіп, таңдайына жетті. Перзентінің жан жарасының қандай ащы екенін енді түсініп жатқандай еді. Сол сәтте булағышқа салған банкілердің біреуі тарс ете түсті. Тура қасіретті келіншектің ішіндегі жылдар бойығы өскен бітеу жарасының аузы жарылып кеткендей болды.
– Ойбу, банкім сынып кетті! – деген кейуана баласын тастай сала булағышқа қарай ұмтылды. Маңайында не болып жатқанына мән беруге шамасы жоқ келіншек көзі бақырайып плитаның астына қарады.
– Құрсын, садақа! – деді де әйел сынған банкісін қоқыс шелекке лақтырды. Қалғанын бір-бірден шығарып шетке қойды. Осы сәтті пайдаланып:
– Басқа әйелі бар деуші едің ғой, сонысымен рақаттанып жүрген шығар, – деп көптен көңіл түпкірінде тығылып жатқанын да сұрады. Гүлдерайдың баяғыда бұл мәселе жанды жері болатын. Анасы сол жаққа қарай әңгіме бастаса-ақ, ат тонын ала қашып, тулай жөнелетін.Бүгін бір ақтарылайын деп келсе керек,
– Апа, мен сендерге айтпай жүр едім, онысы да бір ұл тауып алған.
– Не дейт? – деп шешесі шошып кетті  – неғып айтпай жүрсің?
– Айтқанда қайтем, оған сендердің күштерің жете ме, мойындатуға…
– Ең болмаса тәк деп қояр едік те…
– Ол сендер тұрмақ әкесін адам екен демейді. О шал да басқа әйелден баласы барын біледі. Тұқымың өсе берсін деп қуаныпты. Баяғыда түнде келмейді, десем ештеңе емес, айналып қазығын табады деп қоймай қойып едің ғой, – деп қызы өкпелеп алды.Шешесіне кейде күйеуінің жігіттік жүрісінің көбін айтып шағына бастаса:
– Қой, қызмет істеген еркекке әркім жабыса береді. Солардың бірі болар. Аттандамай тыныш отыр, ана зәулім сарайдан айырыласың. Басыңда үйің, қойныңда байың, баурыңда балаң. Жолдан жабысқан жолбикелермен жағаласып қайтесің. Тағы бір бала тап одан да! – деп қоймайтын. Сол шыдамға шақырғанының соңы өздеріне сор болғанға ұқсайды. Шешесінің бір сұмдықтың болғанын сезген жүрегі зуылдап, іші жидігендей болды.
– Сонымен немене, үйден кетіп тынды ма? – деп бағанағыдай емес, үні бәсеңси сұрады.
– Өзі кетіп қалса жақсы еді ғой, маған бүгін үлкен үйді босат, ұл екеуіңе екі бөлмелі пәтер алып қойдым, сонда көш деді.
– Не дейт? – Әйелдің көзі атыздай болып, оған қоса төбе шашындағы бұйралары жазыла кеткендей қызына қарады.
– Сөйтті. «Мына үй жиырма жылға аяқ басты күрделі жөндеуден өтпеді, жөндетем. Көшіңдер!» – деді.  Оның аяғы белгілі, жөндетіп ана Қарагөзімен көшіп келмекші – деген келіншек аһ ұрғанда, аузынан жалын шыққандай болды.
– Мен бір бөлмеде отыра берем, ремонтты жасай беріңдер демедің бе.
– Оған коттедж керек болып тұр ғой.
– Бермеймін, он бес жылдан бері осында отырмын де.
– Оны мен келгенге дейін әкесі салдырып берген. Сол шалдың атында, таласа алмаймын. Мен кірмемін. Далада қалдырмай пәтер алып беріп отырғаны сол ғой.
– Шынымен бай да жоқ, баспана да жоқ болдың ба?
– Баламды да алып қалам деді, шу шығарсаң.
– Сен о жалмауызға не істеп қойдың, осынша қорлайтындай?
– Ештеңе де. Тек дүниесінің қарауылы болдым он бес жыл. Апа, ол мені сүймейді! – Гүлдерай соңғы сөзді екпінмен айтты да, жылап жіберді.
– Қызыңызды сүйем деп алдымызға әкесі мен өгей шешесін жіберіп-ақ, қыздай алып еді ғой сені. Бұл не басыну, ойбай!

2
Гүлдерай Талаппен қосылғалы  жылдардың қалай зымырап жатқанын да білмеді.
Шыңғысы мектеп табалдырығын аттады. Күйеуі басында тек бөлек бөлмеге жатып алушы еді, кейіннен үйге келмейтінді шығарды. Ұрмайды, соқпайды, кет деп қуаламайды. Осы үш қабат зәулім үй мен ұлының күзетшісі, үй қызметкері сияқты болып қала берді. Өздігінен «мені әйелің деп есептемесең кетем!» – деп айта алмайды. Күйеуіне бірде :
– Екеуміз қосылғалы он жыл болды, тағы бала туғым келеді. Шыңғыс жалғыз болып қалатын шығар, – деп еді,
– Гүлдерай, маған баланың керегі жоқ! Саған керек болса осы үйден кет те, туып ал. Шыңғыс жалғыз болмайды. Сен білесің менің тұрып жатқан әйелімнен тағы ұлым бар. Сен заңды әйелімсің. Тұрам десең – үйің осы, балаң – әне! Кетем десең жолың – анау! Докторлығыңды қорға, қарсы емеспін. Қызметіңді істе! – деді.
– Менің нағыз әйел болғым келеді! Жарымды құшақтап жатып, өсіп-өнгім келеді! – деп бажылдап жылай бастап еді, жанына келіп өңменінен өтердей көзбен қарап, білегінен қысып тұрып:
– Немене әйел емеспісің? Заңды күйеуің бар, ұлың бар, баспанаң бар. Астыңда көлігің бар. Мен сені ұрдым ба? Үйден қуаладым ба? Мені көкбеттеніп жеңем деме. Жыным ұстаса, артыңа бірақ тебем де, баланы тартып алам. Жындыханаға қалай түскеніңді білмей қаласың! – деді. Гүлдерай мына сөздерден үрейі ұшып, заңды күйеуге  шынында не кінә тағарын білмей, жерге қарап тұрып, басын шайқады.
– Енді немене? Өлтірсе де қойныңа жатпаймын. Жатпады деп кетсең, жолың ашық! – деді де кекірейген күйеу әдеттегісіндей заттарын жинастырып алып, қош демей шығып кетті.
Бұл қайтсін… әдеттегісіндей жалғыздықта жылап алып, мектептен баласын әкелуге шықты. «Баланы алып қалам!» – дейді ғой, мен бере салатындай. Заң бойынша ананы баладан ажыратпайды. Кетсем, баламды ала кетем! Маған дүниесін қорытып қойып, жүр өзі шалқып», – деп жол бойы өзімен-өзі сөйлеп, біраз бұрқылдады. Аздан соң есін жиып:
«Кеткенде қайда барам? Басымда баспанам жоқ. Әке-шешем өзі әрең күн көріп жүр. Оның қолында
ажырасып келген сіңлім екі баламен отыр. Бұдан кетсем, докторлығым да жайына қалады» – деп артын ойлап, сабырға келді.
Зәулім үйді күйеуі бұл келгенге дейін салыпты. Сондықтан ажырасып жатса, бұрау да тимейтіні белгілі. Балаға бірдеңе бұйыра ма дейтін еді, оны алып қалам деп жатыр. «Ол бәленің тамыр-танысы көп, жындыханаға тыға салу оған түкке тұрмайды. Одан да осы үйде тыныш қана, баламды бағып, докторлығымды қорғап, бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар болып жүре бергенім дұрыс» – деп шешті.
Айлап түгілі жылдап жыныс қатынасы болмады.
Әйел қанша жерден шыдамды десек те бір жыл, екі жыл, үш жыл, тіпті, кейде одан да көп шыдауы мүмкін. Бірақ шыдамның да шегі бар. Әйел еркегінің көзіне шөп салуға, ең сонында, амалы жоқтықтан барады. Гүлдерайдың  күйеуі әйелдік әлсіздігі бір болып қалар, соны пайдаланып қуып жіберем деп жүр ме, аңдысып жүрген жау сияқты. Бірақ, қанша кінә тағайын десе де, түк таппайды. Есіне түскенде үйіне келіп дүниесін түгендейді. Бәрі орнында. Күдікті ешнәрсе жоқ. Үйдің коммуналдық шығынынан басқа не балаға, не өзіне деп қолына бір теңге бермейді. Жұмыстағыларға, кейбір ағайындарға көз қылып заңды әйелін жылына бір рет шақырған жерге алып барады, баласымен. Ұлы өскен сайын әкесімен бірге жүргісі келеді, сол үшін мерекелерде мейрамханаға апарып қоятыны да бар. Отбасы болып бірге демалысқа бару деген өмірі болған емес. Онадайды бұл шаңырақтың жандары білмейтін сияқты. Ауызға алып, сөз етпейді де.
Гүлдерай келін боп түскелі күрделі жөндеуден өтпеген үй тозып кеткен. Бөлмелердің қабырғаларында баласының суреттен алғашқы шығармашылық жетістіктері сақталған. Тек жарылған құбыр, бітелген септикке ғана қаржы береді жамауға. Байғұс әйел бюджеттен алатын азғантай айлығымен ас-ауқатын ажыратып, баласының керек-жарағын түгендейді. Күйеуі баяғыда өзінен қалған бір ескі көлігін берген, үйреніп ал, баланы бақшаға тасыйсың деп, өз мазасын алмасын деді ме.  Ол да салдырап қалды. Жамап-жасқап, мініп жүр.
«Бұл не деген жаны сірі, итжанды бәле! Ажырасайын десем, алдында бір қатынды жібергем. Тағы елдің өсегіне қалам. Қызметтестер де аңдып отыр. Көзіме шөп салды дегенді сылтау етейін  десем, дәлел-дәйегім жоқ. Қайтіп құтыламын!» – деп еркегі жүр ішінен итқұса болып.
Ал, сорлы әйел сол шаңырақтың күзетшісі сияқты. Басқа түссе баспақшыл деп, көндігіп, оның келетін күніне киімдерін тазалап, тамағын әзірлеп күтіп отырады. Сол хабарласып қала ма деп күні-түні аңдығаны ақ телефон. Зәуде бір шаруа айтып хабарлама жіберсе, төбесі көкке жетіп қуанады, іздеушісі бардай. «Жаным сол, ауладағы шөпті орғыз депті ғой, бүгін Жағыпарға айтып тез орындатайын. Келіп қалса көзіне көк шөп ормандай болып көрінер – деп сөйлей жүріп, бағбанды тауып, оған қожайынның қатыны болып мінез көрсетеді.
– Жағыппар, мына ауланы шөп басып кеткенін неге өзің көрмейсің? Ертең іс-сапардан қожайының келеді. Сонда не дейсің? Саған не үшін айлық төлеп жүрміз? –  деп ауланың түпкіріндегі қоржын тамда отбасымен тұратындарға жетіп барып шәңкілдейді. Айлықты өзі қалтасынан шығаратындай. Бағбанның еңбегін байы жұмысымнан бірдеңе етіп реттеп төлеймін деген. Соны  есіне алып, айлық төлейтінін айтып міндетсіген түрі.
Ауылдан күнкөріс үшін көшіп келіп, қаланы
жағалаған Жағыпар әйелі екеуі осы үйді паналаған. Үйемелі-сүйемелі ұлы мен қызы жақын жердегі мектепке барады. Еркегі ескі көлігімен таксилетіп нан табады, әйелі қожайынның үйін тазалайды. Бес жылдан астам тұрғалы үш қабатты кірпіш үйге мына шәңкілдек әйел мен жалғыз ұлынан басқа кіріп-шыққан пенде көрмейді. Жасы елуге тақаған месқарын қара еркек осы үйдің иесі, екі-үш айда бір төбе көрсетіп кетеді.  «Оны іс-сапарда деп әлдеқандай болады ғой! Білеміз қандай сапарда екенін. Үй күзеткен сарқанден», – деп мыңқылдап жүріп ауланың шөбін орады. Ағаштарын суарады.
Өткенде келіншегі Жанар қожайындарының киімдерін (әйел мен баласының ғана) үтектеп жатып бір жібек көйлегінің етегін күйгізіп алыпты. Даудың басы содан басталды. Кешке қарай көлігін қойып, үйге кіргені сол еді босағадағы ескі орындықта жылап отырған әйелін көрді. Ой деген көк дөнен жүйрік қой, елдегі қарттарынан жайсыз хабар келіп қалды ма деп зәресі ұшқан ол:
– Жанар, тыныштық па? – деп көңілі алабұртып тозығы жеткен шарқайын аяғынан әрең шығарды.
– Гүлдерайдың көйлегін күйгізіп алдым, и-и-и… – деп алдына алып әлпештеп отырған сары көйлектің ыстықтан жиырылып қалған етегін көрсетті.
– О, Құдай! Сол ма? Мен ауылдан жаман хабар алды ма деп қорыққаным-шы… – деп төрге озып бара жатыр еді,
– Енді бізді осы үйден қуып шығатын шығар… – деп әйелі қайта ыңылдады.
– Әй, қой енді, тастайтын аспаны болса тастап жіберсінші сол сар қанденнің заржақ үнінен шаршадым, – деді де төркөрпенің шетіндегі мылжа-мылжасы шыққан пүліш жастықты қолтығына қысып домалай кетті.
Жанар әлі отыр, қозғалатын емес, көйлекке жабысып қалғандай.
– Әй, балалар қайда! – деді еркегі, үй ішіндегі тыныштыққа таңданғандай жан-жағын шолып бір кезде. Мұрны пышылдап отырған келіншегі:
– Қайнаға алып кеткен, демалыста үйлерінде болсын деп…
– Жақсы бопты, жеңешемнің паркінде ойнап қайтсын, – деді де ас әзір болғанша көз ілдірмекке қисайды. «Қайнаға», – дегендері өзімен тетелес ағасы, осы қалада пәтер жалдап тұрады. «Жеңешесінің паркі», – дегені сол ағасының әйелі «Жерұйық»,- деген саябақта қара жұмысшы. Саябақтың ортасында балаларға арналған неше түрлі ойындар атракционы бар, балалары соған құмар. Ағасының ұлдарына қосылып сонда барып ойнап қайтады мейрамдар мен демалыс күндері.
«Мына үш қабат үйде «сарқанден» ұлымен ғана тұрады, біз бір атадан екі ұл, бір қыз әрқайсымыздың отбасымызда төрт-бес жаннан бар, пәтер жалдап көшіп-қонып жүрміз. Мұның мес қарын байы тағы бір қатынымен қаланың сыртында жерүйде тұрады. Бір шаруамен апарғанда көрген. Бұрынғы шығарған әйелі Қарағандыда екі баламен көрінеді. Ол да үйлі-жайлы. Ол балаларына да қарасады. Осы жұрт ақша туып жатыр ма, қалай шалқып өмір сүреді. Біздің жүріс мынау ата-бабадан қалған жерде шалқымақ тұрмақ бас сұғар тесік жоқ…
«Қонағы жоқ қараша үйден, құлазыған түз жақсы», – деген Қорқыт атадан сөз қалыпты. Сол айтқандай құлазыған түзден жаман үйге қарап жаны шошып жатып көзі ілініп кетті Жағыпардың.
Жанар күйген көйлекті не істерін білмей, біресе терезенің алдына, біресе киім ілгіштің жанына қойып әбігер болды. «Енді қайттім… не деп айтам…», – деп қаралы хабар естіртетіннен жаман аласұрып жүр. Бір кезде есіне күйеуіне тамақ беру керек екені түсті де ас бөлмеге барып, тіршілігіне айналып көйлектен көңілі бөлінді.
Жібек көйлектің жыры ертесі тағы жалғасты бәрібір.
Таңертең қажәйкесі Гүлдерай бірдеңені білгендей қабақ түйе, әлденеге ренжіп жүргендей салқын қарсы алды. Бір-біріне амандықтың ырымын жасасты. Жанар желім қалтаға салып келген жібек көйлекті бірден айтуға батпай кіреберістегі киім ілгіштің тартпасына байқатпай сұға салды. Аяғына өзіне ғана тиесілі шәркейін іліп, жуынатын бөлмеге тартты. Онда еден жуатын шелегі, шүберектері мен суға қосатын түрлі жуғыш сұйықтықтары бар. Еденді швабра деген таяқпен жууға рұқсат етпейді.  «Ерінбей, еңкейіп қолмен жуу. Әйтпесе дұрыс жуылмайды. Сатал-саталы шығып жатқан еденді көргім келмейді», – деп тапсырыс берілген әу баста. Бұйрық қатты, жан тәтті дегендей содан бері Жанар үш қабат үйдің еденін етегін түрініп алып, тоңқаңдап жүріп жуып шығады. «Шынында сол еденнен жүріп жатқан қонақ болсашы. Ең болмаса Гүлдерайдың қызметтес құрбылары, не ұлының сыныптас достары келіп жатса ғой.  Байының өзі тоқсанында бір келіп, тексеріп кетеді. Бейшарада төркін дейтін төркін де жоқ. Қаланың сыртында әке-шешсі тұрады, өзі баласын алып айына бір барып қайтады. Әке-шешесінің мұнда келгенін көрген емеспін.» – деп іші толып қалған Жанар өз абысынына мұңын шағып қоятын. Осындай кірпияз әйелге күйген көйлекті қалай айтарын білмей, етегіне сүрініп су төгіп жатқанда Гүлдерай  желке
тұсынан жетіп келді.
– Жанар, кеше киім өтектеп жатыр едің, менің сары жапырақтары бар көйлегімді қайда ілдің? – деп.  Жанардың аяқ-қолы дірілдеп, қолындағы шелекті даңғыр еткізіп ваннаның ішіне құлатып алды.
–  Дұрыстап ұстасаңшы шелектің құлағын, ваннаның сырын көшіресің ғой! – деп баж ете түсті. Жанар күйбеңдеп жүріп шелекті орнына қойып, ваннадан шығып:
– Сізге көйлегіңізді қазір тауып берем! – деді жоғарғы қабатқа көтеріліп бара жатқан қажейкесіне дауыстап.
Жүгіріп барып, бағанағы тартпаға тыға салған желім дорбаны қолына алып, ішіндегі жібек көйлекті шығарды. Артына тыға ұстап жоғарғы қабатқа беттеді. Іш құрылысы дірілдеп ағаш баспалдақты санамалап басып, көтеріліп келеді.
Гүлдерай жатын бөлмесінде шифонердің заттарын ақтарып тастап, бірдеңе іздеп жатыпты. Жанар жақындап келіп, дауысына діріл араласып:
– Сіз мені кешіріңізші, көйлегіңізді күйдіріп алдым,  – деп екі алақанының ортасына баладай әлдилеп салып жібек көйлекті ұсынды. Гүлдерай бірдеңе іздеп жатқан басын шифонердің ішінен жұлып алып:
– Не дейт! Күйдіргені несі! Қайда қарадың? – деп қорқып тұрған келіншектің қолынан көйлекті жұлып алды да жанталаса айналдыра қарай бастады. Етек жағындағы жиырылып тұрған жерін алақанымен соншалықты аялап ұстап, оқты көзімен үй жинайтын келіншекті жеп қоя жаздап:
– Білесің бе, бұл көйлек қанша тұрады? – деп зіркілдеді. Өзі күнін әрең көріп жүрген әйел қайдан білсін, өмірі көрмеген жібек көйлектің қанша тұратынын. Есі шыққанынан төмен қарап, басын шайқады.
– Сен мұндайдың қәдірін қайдан білесің? Қайта етек жағы ғана күйіпті. Ертең тігіншіге апарамын, жөндетуге. Бағасы қанша болса, соны төлейсің! – деді де шифонердің тартпасынан жылтыр қалта алып соған баппен орап сала бастады.
Тағы бірдеңе деп сөз естімей тұрғанда көзімді құртайын дегендей Жанар бөлмеден шыға жөнелді. Содан «о бәлесіне қанша сұрар екен? Енді қайттім? Ақшаны қайдан табам? Балалар да мектепке ақша керек деп жатыр еді» –  деген сары уайымнан істеген тірлігінің берекесі болмады. Асханада еттің сорпасы тасыды. Сонымен алысып жатқанда жанына тағы Гүлдерай жетті: – Жанар, саған не болып жүр? Жұмысыңа салғырт қарап барасың. Істегің келмей жүрсе айт! – деп дікеңдеп алып барады. Өзі бойы бір қарыс болып алып, даусы шаңқылдап жер жарады.
Жағыпар осыны сарқанден десе, «қой олай деме, аузың қалып алып кетіп, байқамай айтып қаласың. Ұят болады», – деп араша түсіп жүретін. Бұрын да анау-мынауға сөйлей беретін. Үндемей құлағынан өткізе салатын. Мына жібек көйлектің өтеуін төлейтіні жанына батып барады. Үлкен үйдің тіршілігін бітіріп, өз лашығына бет бұрды. Ендігі уайым – көйлекке төлейтін ақшаның жайын күйеуіне қалай айтады. Тамағына тас тірелгендей сол уайым тұрып, жанары боталап табалдырығынан аттады.
Гүлдерай болса, жібек көйлектің өшін кімнен аларын білмей, терезе алдында қақайып лашыққа қарай имеңдеп кетіп бара жатқан әйелдің артынан жек көріп қарап тұрды. Жұдырықпен бір ұрып әйнекті сындырып, сүйретіліп бара жатқан бейшараның желкесінен ұстап алып  қоршаудан сыртқа лақтырып жіберер еді, әттең, қолы қысқа…

Жалғасы бар

Leave A Reply

Your email address will not be published.