Күйеуі келіп кеткенен бастап, Гүлдерайдан ес кетті. Талап айтты, бітті, ол ешкімнен де, ешнәрседен де аяқ тартпайтын, қисайған жағынан тұрмайтын қырсықтың өзі еді. Оның мінезін жақсы білетін келіншек кімге айтқанымен, арашалап ала алмасын да біледі. Енді сол айтқан пәтеріне көшуге тиісті. Әйтпесе, жындыханадан шығуыда кәміл. «Бұл ақыры маған бай болып жарытпайды, одан да аманымда баламды алып айтқан баспанасын паналайын» – деген ойдың шырмауынан шыға алар емес.
Есеңгіреп жүріп, жолда біреудің көлігімен соқтығысып қалды. Өзінен жас қыз екен, телефонға жармаса кетіп, әлдекімге хабарласты. Содан мізбақпай көлігінен шықпай отырып алды, терезесін жауып. Сүт пісірім уақта қымбат көлікпен бір еркек келді. Онымен қабаттаса МАЙ қызметкері де жетті. Күре жолдың ортасында тұрып алып, ары айтысып, бері тартысып, басты жолда келе жатты, өзі көлденеңінен соқтықты деп ағасы қарындасын қорғаштап, Гүлдерайды кінәлі етті. МАЙ қызметкері де соларды құптады. Не сотта кездесеміз, не жөндетіп бересің, болмаса үш жүз доллар деген үкім шығарды. Іс сотқа дейін жетсе – күйеуінің қызметіне нұқсан, көліктің быт-шыты шыққан бүйірін жөндетіп беретіндей қай жақыны бар еді, үш жүз доллары да жоқ екені белгілі. Ұлымен айлыққа күн көріп жүрген мұғалімге ондай қаржы түсіне кірмес! Болған жағдайды күйеуіне айтса бітті, қара басына қатер төнеді. Төлқұжатын беріп жатып үш күнге пұрсат алды, үш жүз доллар беруге. Өзінің көлігінің майысқан бамперін ауызға алмағанда қып-қызыл шығынға батты да қалды.
Зар еңіреп тағы анасына келді. «О, соры қайнаған қызым!» – деп жүріп кейуана жалғыз алтын алқасын берді, ломбардқа қойып қарыздарыңды өте деп. Басқа барар жер, басар тауы жоқ келіншек анасының алқасын алақанына салып ломбардқа құстай ұшты…
Соқтығысқан көліктер жырын бітіріп, екі күннен соң жұмысқа келіп еді, деканатта Бағила апай жалғыз отыр екен. Мұны көргеннен:
– Гүлдерай, сен қайда хабарсыз жоғалдың, бастық жер-көктен іздеп жатыр ғой! – деп тарпа бас салды. Түнімен жылап бет-аузы іскен, қабағы салыңқы келіншек:
– Келдім ғой. Кеше телефоным сынып қалды. Өзім біреудің көлігін ұрып алып соның шаруасымен жүрдім, апай, – деп жылап жіберіп орындыққа отыра кетті. Өзінің бірден қатты сөйлегеніне ұялып қалды ма, Бағила апайы:
– Не дейт?! Біз білмедік қой – деп аузын екі қолымен баса қойды.
– Мен ешкімге хабар бермедім. Басым қатып өз бетіммен жүгіре беріппін…
– Ойпырмай,ә! Обал болған екен! – деп жанына келіп, басынан сыйпап:
– Қоя ғой, бар бәле сонымен кетсін! Жылама! – деп жұбатты.
Абырой болғанда жазғы демалысқа кеткендіктен деканаттан әшейінде үзілмейтін оқытушылар жоқ болатын. Екеуі оңаша болған соң Гүлдерай солығын баса алмай біраз отырды. Түскі астың кезі де таянып қалған еді, өмірі бір жанмен сөйлесіп, оңаша шәйға шақырып көрмеген Гүлдерай:
– Апай, жүріңізші бірге түстенейік. Сізден ақыл сұрайын деп едім! – дегенде Бағила апайының жағы салбырап, аң-таң боп не дерін білмей қалды.
Кім кімнен, Гүлдерайдан мұндай ұсыныс күтпеген. Күллі кафедра болып бас қосса да ол жерге Гүлдерай бармайтын. Оншақты жылдан бері бір ұяда қызмет істеп жүріп, бір жанмен сырласып, ақыл сұрамақ түгілі сөйлесіп отырғанын көрмепті. Сыртынан оны әйелдер «Жабайы», – дейтін. Кейбіреулері «Күйеуі үлкен жерде қызмет істейтін болған соң бізді менсінбейді», «Түк көрмеген, жетті деген осы екен деп жүрген ғой», «Докторлыққа қалай ілнгенін де білеміз, сабағын дұрыс өткізе алмай жүріп шетелге шыққыш өзі», – деп шыны да бар, қызғанышы да бар сыртынан ғайбаттайтын. Биыл кезекпен шығатын демалыстарына осы екеуінен басқалары кеткен болатын. Декандары шет елде жатса да телефонмен байланысып, тапсырма беріп, жұмыс жайын бақылап отыратын. Кешелі бері Гүлдерай не тұтқасын көтермейді, не жазған хабарламаларға жауап бермейді. Енді міне күн түске тырмысқанда жұмысқа келіп, сырласуға шақырып отыр, таңданбай қайтсін Бағила апай.
Әріптесінің ағыл-тегіл жылап отырғанына қарап, «е, бұл да адам емес пе, ешкіммен араласпай ішқұса болып қалған шығар, мұңын тыңдап, білгенімді айтып берейін»,– деп ойлаған Бағила апай Гүлдерайға еріп сыртқа шықты. Екеуі ескі қала жақтағы «Узбечка», – деген кафеге келді. Адам аз болса да Гүлдерай ұзақ қарап жүріп, ішкі бөлмедегі ең түпкіргі төрт орындықты үстелге тоқтады.
– Апай, мына жер оңаша, жақсы екен, – деп қояды. Еріп келген жанда не ерік болсын, қостаған болып жанына жайғасты.
Алдымен «Ас мәзірін» қарап, тапсырыс берді.
– Апай, мені кафедрадағылардың бәрі де кісікиік деп ұнатпайтындарыңызды білем. Мен жетіскенімнен елден безіп жүр дейсіз бе, – деп бастаған Гүлдерай күйеуге шыққаннан күні кешегі баласы екеуі отырған үйді босататын жағдайға жеткенге дейінгі өмірін жіпке тізгендей етіп әрі әріптес, әрі анасындай ақылдас әйелге айтып берді. Арасында мұрнын тартып, тартып қойып, пышылдап жылап та алды. Өксіп-өксіп, ұяттан өртене отырып, бар шындықты жайып салды.
Бағила да тартысы мол өмірде талай көйлек тоздырған, біраз қиындық пен қасірет көрген жан еді, бірақ дәл мынандай қорлауды, басынуды, әйелдік намысты аяққа таптауды көрмек тұрмақ естімепті де. Өзі де екі қыз өсіріп отыр. Әкесінің үйінде ханшайымдай болып, еркелеп, ертеңінен үміт күтіп бойжеткен қызыңның біреу осылай тағдырын талқандап, өмірін өксітіп жүрсе қалай болады. Гүлдерайдың айтқандарынан төбе шашы тік тұрды. Бұл тығырықтан шығатын жолды қалай көрсетсем екен деген шын ниетімен:
– Өгей болса да, әйел-Ана ғой, енеңе барып айтсаңшы, түсінер. Қайынатаңмен бірлесіп ұлды жөнге салсын, – деді ақыл сұрап отырған келіншекке.
– Апай, мен басында өзім сондай ақымақ болдым ғой. Енемді көрсем, кірпідей жиырылып, түрпідей тиіскім келетін. Енді ол кісілерге баруға бет жоқ, – деп жылап, өзінің өгей енесінің шаңырағына жасаған қысымдарын жасырмай айтып берді.
Гүлдерайдың да адамшылықтан шығып кеткен қылықтарын естіп, ой таразысына сала салмақтай келе Бағила апай:
– Гүлдерай қызым, өткенге өкінгенмен ештеңе таппайсың. Ендігі жол – алдағы өміріңді түзету. Ол үшін сен өгей енеңнен, қайынсіңлілеріңнен барып кешірім сұра алдымен. Бір-біріңді түсініскен соң, енең арқылы қайнатаңа жол шығады. Қанша айтқанмен ол да Ана, бес бірдей қыз өсіріп отыр. Қыздар ұзатылды ма?
– Үшеуі тұрмысқа шықты, балалары да бар.
– Әне, ол кісі жапырағын жайып, өсіп-өніп отырыпты. Сондықтан қыз баланың тағдырының қиындығы оған да жат емес. Сен ештеңені жасырмай айтсаң, ол кісі саған көмектеседі. Ол ақылсыз әйел болса, атаңмен қайтадан некелесіп, отбасын сақтап қалмас еді. Шаңырағын шайқалтпай отырған әйел, сол әулеттің Темірқазығы! Ол ұл таба ма, қыз таба ма, қаны араласқан соң сенің күйеуіңе де бөтен емес. Ал, ана бес қыз сендердің қанаттарың. Қыздар деген бауырмал болады. Шыңғысыңның әпкелерін сен енді бауырыңа тарт. Алла әйелді жаратқанда көз жасымен қоса жаратыпты. «Не үшін оған жас бердің?», – деп сұраған періштеге: «Ол – қайғысын, күдігін, махаббатын, жалғыздығын, қасіреті мен қуанышын осы көз жасымен білдіреді», – деген екен. Сонда Періште Алланың кереметіне таңданыпты. Сондықтан сен енеңе барып жыла да бәрін ақтар! – деп кеңес берді.
Гүлдерай өзінің батылсыз, жігерсіз, тіпті күйеуі айтқандай дүниеқоңыз екендігін бүгін анық біліп, өмірін күнкөрістің қамымен босқа өткізіп жүргеніне көзі жетті. Түндерде қыстығып жылап, менің өмірім неге осылай болды деп Құдайдан сұрайтын. Мені Құдай ұмытып кетті ме? Неге тілегенімді бермейді» – деп ойлайтын. Бүгін Фейсбукте Мұратқан Шоқан деген ғалым: «Құдайды іздеп жүрсің бе?! Мен құдайдың қайда екенін білем. Құдай ізгілікке толы жүректе», – деп жазыпты. Өзінің адамдарға салқындап кеткен, қайырымы аз жүрегінде тілегенін беретін, сұрағыңа жауап қататын Құдайға орын болмағаны ғой сонда… Жұрттан жақсылық көру үшін, мейірімге, махаббатқа бөлену үшін сол қасиеттер өзіңде де болуы керек қой. Бойыңда титтей ізгілік болмаса, саған Құдай кімнің ізгілігін жіберсін.
Бағила апаймен ашыла сырласып, болашағына бір бағыт алған Гүлдерай қайнатасының үйіне қарай құстай ұшты. Жолдан дүкенге кіріп, енесі жақсы көретін «Ахмад» шайын, жеміс-жидек, қайынсіңлілеріне тәттілер алды.
Соңғы бес жылда босағаларынан аттамаған келіндерін көргенде ата-енесінің қуаныштан есі шығып кетті. Екі кенже қайыссіңлісі «Гүлдерай тәте!», – деп келіп бассалып құшақтап сүйе бастады. Мұндай жақындық күтпеген Гүлдерай холдағы диванға отыра салып, мыналардың мейірімінен көңілі босап жылап қоя берді. Негізі соңғы жылдары жалғыздық қажытқаннан ба, қорлық өтіп, жаны құлазып кетті ме жылауық болып алды. Жалғыз келінінің қабағы түсіп, жанары боталап келгені жанына батқан ақсақал:
– Айналайын, саған не болды? Амансыңдар ма? Шықатайды ала келмедің бе?» – деп қыбыжықтап мұрагерін қайта-қайта сұрай берді. Енесі қыздарға шәй қоюға тапсырма беріп барып жақындап, қолынан ұстап:
– Гүлдерай, қалайсыңдар, ата-анаң аман ба? – деп хал сұрасты. Әйелдер оңаша сөйлессін деді ме, үлкен кісі әлденені сылтауратып сыртқа кетті. Атасы шыға сала Гүлдерай:
– Аманбыз, төркінім де амандықта. Шыңғыс жазғы лагерде сыныптастарымен демалып жатыр. Апа, Талап екеуміздің арақатынасымыз дұрыс болмай кетті… – деп бастап енесіне Бағила апайға айтқандай көз жасын сарқа айтып шықты. Салиқалы, сабырлы бәйбіше сөзін бөлмей, соңына дейін тыңдады. Арасында шәй ішілді. Енесінің әрдайым дайын тұратын қуырдағы да келіп қалды.
Енесі қайта-қайта жағасын ұстап отырып тыңдалған әңгіменің аяғы кешке оңашада ақсақалымен сөйлесіп, ертесі ұлды тауып тәртібін әулет басқосуында май шаммен қарайтын болып аяқталды.
Өгей енесі мен қайынсіңлілерінің ықыласына тойып, зәті жуас атасының ұлына бірдеңе айтпаса да ортаға отбасындағы ілкі тәртіп пен жарасымды сақтап отыратын әйелін салып сөйлесетініне сенген Гүлдерай үйіне қайтты.
Гүлдерай «Үлкен кісілер талқыға салғаннан кейін ойланар, көшке содан кейін жиналсам да үлгерем ғой. «Кедей болсаң көшіп көр», – деп бабаларымыз айтқандай, он бес жылдан бері ойдан-қырдан жинақталып қалған дүниені екі бөлмеге қалай сыйғызамын», – деп басы қатып, ойы онға, санасы санға бөлініп отырғанда қалта телефоны шырылдады. Бейтаныс нөмір. «Екі кештің арасында бұл кім екен?» – деп тұтқаны көтерді. Гүрілдеген еркек дауысы:
– Алло! Гүлдераймысың? – деп алқынып алып барады.
– Иә! – Келіншектің бойынан бір діріл жүгіріп, дауысы әрең шықты.
– Мен Біржан ғой! Талаптың курстасы, – деп барып тынышталып қалды. Үйлеріне көп келмесе де, алғашқы жылдары көріп жүретін бадырақ көз сары жігіт есінде.
– Гүлдерай қаладамысың?
– Иә.
– Талаптың әке-шешесі де осында ма? – Дегенмен дауысында біртүрлі үрей бар.
– Осында, кеше барып қайтқанмын…
– Үйлерің әлі баяғы котедж ба?
– Иә.
– Онда үйде болшы, біз қазір келеміз, – деп асығыс сөйлеген еркек тұтқаны қойды. Байланыс үзілді. «Бізі кімдер? Қараңғы түсіп, көз байланғанда неге үйге келеді? «Қап, Талап мұнда тұрмайды деуім керек еді!», «Атам мен апаны неге сұрады?» – деген сан сауал шырмаған келіншектің жан-дүниесінде белгісіз бір қорқыныш пайда болды.
Көп ұзамай қақпаның қоңырауы зарлап, үйшігіндегі алабай шабалана үріп, әшейінде дың деген дыбыс шықпайтын аула азан-қазан болды. Кішкене үйден Жағыпар шығып қақпаға таяды. Гүлдерай терезеден қарап тұрды. Тілдескіш арқылы кім екенін білген соң темір қақпа шалқайта ашылды. Екі еркек, бір әйел кіріп келе жатты. Гүлдерай оларды кіреберісте күтіп алып, амандасты. Толықтау келген сары еркекті Білімжан осы шығар деп ойлады, тіпті түрін де ұмытып қалған екен. Ұзынтұра қара еркек пен сылаңқара әйелді жыға танымады, бір жерден көргендей. Үшеуінің де еңсесі басым, қабақтары салыңқы.
Үлкен бөлмеге өтіп, үстелді жағалай жайғасқан соң Біржан:
– Гүлдерай, сені алғашқы жылдары көргенім болмаса, араластығымыз үзіліп кетті ғой. Үйді де ұмытыңқырап қалыппын, әрең есіме түсті. Талап сенен кетіп қалғанын да білмедім… – деп күмілжіп барып сөз бастады. «Сенен кетіп қалған дейді ғой, мен қуып жібергендей», – деп келіншек ішінен қыртиып қалды.
– Мына кісілер Талаптың рулас ағайындары болады. Аманжол ағай мен Зағипа жеңешесі, – деді де ары қарай сөйлей алмай, тамағына тас тұрғандай үнсіз қалды. Аманжол ағай дегені байқап қарап еді, алпысты алқымдап қалған азамат көрінді. Білімжанның әлденені батылы барып жеткізе алмай отырғанын түсінгендей:
– Келін шырағым, екі кештің арасында есі кеткен жүреді дегендей, есіміз шығып келіп отырмыз. Ойда-жоқта, қапыда Талап бауырымыздан айырылып қалдық!, – деп дауысының соңы құмығып, өзі жерге қарады. Әйелі «Қайран ғана, қайным-ай!» – деп бастап ырымын жасап жоқтау айтты. Оның ауылдағыларша дауыс шығарғаны Гүлдерайдың жүйкесіне тиіп, жүрегі дірілдеп кетті. «Ойпырай, Талап па өліп қалған?» – деген ой миында зың етіп жүгіріп өтті… Сонда барып:
– Қашан? Неге? – деп жылап қоя берді.
– Сабыр ет, шырағым. Талқаны таусылған да… Бүгін түстен кейін, – деді Аманжол ағай.
– Қалай? Қалай?– деп Гүлдерай екі жұдырығын түйіп алып, жылап безілдей берді.
– Гүлдерай, сабырға кел! Талап кіші әйелін баласымен демалуға Ыстықкөлге апара жатып жолда көлік апатына түсіпті. Әйелі жүкті екен. Сонымен төрт бас бірден кетіп отыр, – деп Біржан мән-жайды түсіндірген болды. Гүлдерай алақтап:
– Енді не істейміз? – деді үлкен кісіге қарап.
–Біз әке-шешсіне барып естіртейік. Қазір жолда ағайындар жиналып тұр. Сен балаңды алып сонда келесің бе? – деді басын төменнен көтермеген қалпы.
– Аужеке, мәселе сүйекті қайда апарамызда болып
тұр ғой, – деп Біржан досының әршаңырақта бір тұрып жүргеніне өзі кінәлідей болды.
– Осы үй, өз шаңырағы емес пе?!
– Солай ғой, бірақ соңғы оншақты жылда ол басқа әйелмен тұрып жүрген – деген Біржан не айтар екен дегендей Гүлдерайға көз тастап сөзін аяқтады. Өзінен рұқсат сұрағанын сезген келіншек:
– Мен оның заңды әйелімін. Менен де ұлы бар. Осында өз босағасынан шықсын, – деп бірден кесімін айтты. Өзінің шұғыл шешімге келгеніне іштей өзі таңданып қалды.
– Міне, жөн сөз айналайын. Шатасты екен деп, сүйекті айдалаға тасып жүреміз бе. Жүр, әкесін осында алып келейік те арғы жағын ақылдасайық, – деп алпамса еркек орнынан тұрды. Кілем үстінде бір тізесін басып отырған әйелі де сүйретіле көтерілді. Мойнынан бір жүк түскендей болған Біржан жылдам қимылдап үлкендерге есік ашты.
Күн ұясына отыра, күйеуінен суыт хабар алған Гүлдерай дәу бөлменің ортасында екі қолымен аузын жауып, жанарынан аққан тарам-тарам жас бетін жуып, қыңсылай жылап терезеден сыртта кетіп бара жатқан ағайындарға қарап қала берді.
Суыт хабарды қалың жұртқа жеткізушілер көлікке отырғанда Біржан:
– Осы әйелін он жылдан асты маңына жоламай, не ажырасып кетпей, не басына бостандық бермей қорлап ұстап еді үй күзеттіріп, міне енді соның шаңырағынан сүйегі шыққалы жатыр, – деді ерлі-айыптыларға қарап.
– Обал болған екен, – деді кейуана екіұштылау сөйлеп.
– Қазақ баласын ұят болады, жаман болады, обал болады деп тәрбиелеген. Адамшылықтың күллі қасиеті осы үшеуінде жатыр. Соған тоқтамаған адам бір жаманшылыққа ұшырайды. Өлген адам туралы жаман айтпайды деп жатамыз, тірлігінде істемеген сұмдығы жоқтарды осылай ақтағанды өз басым ұнатпаймын. Тірлікте обал-сауапты ұмытпай жүру керек, өлгенде артымызда жаман сөз қалмау үшін, – деп Аманжол ағалары өз ойын ортаға салды.
– Онда, обалы жібермеді деген осы екен ғой, – деді алдындағы жолдан көз айырмай келе жатқан Біржан өзі досымен осы жағдайға байланысты талай сөзге келіп қалғаны есіне түсіп.
Жалған дүниедегі өмір жолы қара жолдың бойында үзіліп, татар дәмі жол үстінде түгесілген Талап пен некесіз туған ұлының сүйегі әкесі салып берген қарашаңырағынан шығарылды. Жылдар бойы көңілдесіне айналып, отбасының ойранын шығарған Қарагөздің сүйегін өз туғандары бөліп алып кетті.
Он бес жыл тірі жесір болып шаңырақ күзеткен Гүлдерай еңбегі ақталып үш қабатты хан сарайдың иесі болып шыға келді.
Шыңғыс шынымен сол әулеттің жалғыз мұрагеріне айналды.
Әңгіменің авторы : Сәуле Досжанова