Қара Әмір 3-бөлім

0 2 243

…Әмірдің спортшы жігіттерге байланысты ойы діттеген жеріне тиіпті. Базарда азын-аулақ тиын-тебен үшін «рэкет» болып жүрген соқтауылдай спортшы жігіттер бірнеше күннен соң мұны тауып алып, өздері жалдап тұрып жатқан жер үйлеріне ертіп барды.
Үш шағын, бір үлкен бөлмеде жеті-сегіз жігіт, екі-үш қазақ қыздары тұрады екен. Алматыдағы кейбір қылмысты топтар туралы естіп-білгендерімен біреуінен басқасы «баланда» ішіп, яғни түрмеге түсіп көрмепті. Қыздар осы жігіттердің тамағын істеп, киімін жуып, бірге көңіл көтеріп, кейде қолға тауар түссе көтерме бағамен сатып беріп, дегендей жан бағып жүргендер болып шықты.
Бұл өзі туралы қысқаша ғана айтып берді де, сосынғы әңгімені «адамша» өмір сүруге бұрды. «Алғашқы кезде қатты, қаталдау қимылдап өзімізді өзгелерге іспен танытып алуымыз қажет, сонда басқалар бізбен санасатын болады. Ешкім де анасынан батыр, не банды болып туған жоқ. Қылмыс әлемінің осындағы Стас деген бір беделдісі менің зонада төрт жыл бірге отырған Куба дейтін досымды жақсы біледі. Егер бірдемеге ұрына қалсақ Куба арқылы Стасқа шығып мәселемізді шешеміз. Қандай бір «ерегесте» болсын Стассыз бізге ешкім ештеңе істей алмайды», деді Әмір.Бұған жігіттердің көп салынып ішпейтіні ұнады. Барлығы да жиырма-жиырма бестердегі жігіттер. Бір жылдай «сизода» отырып шыққан Шурик спортшы болмағанмен қалтасында баспалы пышақ, сөзі «жаргонмен», пысық жігіт. Шурик болып жүргені аты Шорабай екен. Қысқасы екі-үш күн ішінде Әмір бұл жігіттерді біраз икемге келтірді. Қанша дегенімен романтикаға толы сияқты болып көрінетін өмірге жас жігіттер қызықты.
Бұлар істі территорияны иеленіп алған топтан тартып алу үшін олардың деңгейін зерттеуден бастады. Жігіттердің арасында спортшы болып жүргенде институт бітіріп алған Жұмабек деген пысықтауын Әмір өзіне оң қол етіп алды. Оны жолдастары «Бек» деп атайды екен. Ал бірінші болып Әмірмен танысқан Дінібекті өзгелері алып денесіне қарап «Дию» дейді екен. Түріктерді зерттеп, барлауға негізінен Шурик кірісті. Өйткені ол кіммен болса да тіл тапқыш, өзін талайлар танитын жігіт.
Қарсы топтың арасында сотталып шыққандар біршама екен. Ішіндегі мықтысы Вазиф деген отыздардағы екі рет отырған, оның бірінде «қарақшылық шабуыл жасап тонау» бойынша сотты болған. Жалпы он-онбес адамдық топтың қай мүшесі болсын бұның жігіттерімен салыстырғанда көргені көптеу, тәжірибелері бар сияқты. Бірақ қаладағы қылмыскерлер арасында Вазиф пен Илияз дегендері ғана аздап танымал болғанымен бұның білуінше алып бара жатқан, жұрт санасарлықтай ештеңелері байқалмайды. Жәй «ит жоқ жерде шошқа үреді» дегендей иесіз территорияда сайран құрып жүргендер сияқты.
Әмір қарсы топтың арасында үрей туғызып алу үшін әлгі территорияда «Сергей мен жігіттерін қырып-жойып, оның иелігіндегі аймақты Қара Әмір деген біреу бастаған бандалық топ басып алуда екен» деген сөз таратып жіберді.
Қарсыластары қауесет тарасымен өз каналдары арқылы Қара Әмір деген кім екенін анықтағысы келгенімен алматылық криминалдар арасында ол туралы білетіндер табыла қоймады. Кейбіреулері «Сайтаным біле ме, зонада отырғанда «барақ басшысы» ма, «законник» пе, әйтеуір сондай бір «Эмирді» естігенмін» десе керек, Вазифтер ойланып қалды. Оған қоса біреу туралы жұрт нақты білмесе қауесет те қаулап, аңызға айналып кететіні бар.
Қарсыластарының өрлігін сындырып алған соң бұның жігіттері Вазифтің «салық» жинап жүрген төрт жігітін өлімші етіп сабап, қуып жіберді. Оларға бұл территориядағы дүкендерді енді мазалап келетін болса тірі кетпейтіндері ескертілді. Ертесіне бүкіл бандасын жинап Вазифтің өзі келді. Әмір де жігіттерімен сайланып күтіп алды. «Кездесу» белгіленіп кездесетін қаланың сырт жағындағы оңалашалау жерде екі топтың басшылары бетпе-бет жолықты. Вазиф дәл қарсы алдына келіп тоқтаған шотмаңдай шымыр жігітке:

Знашит, «Черный Эмир» это ты да, Сергей твая рук дела, да, — деді. Әмір қарсы алдындағы қарны шыға бастаған қарсыласына бастан-аяқ сүзе қарап шықты. Өткір жанарын оның көздеріне тайсалмай қадап тұрып:

Оның саған қажеті жоқ. Саған тірілердің тізімінде жүру қажет болар, ендеше бұл ауданнан тайып тұр. Қарсы айтарың болса, тұрысатын жеріңді айт, — деді бұл. Вазиф көзін бұдан тайдырып әкетті. Үні жарықшақтанып, жасқаншақтанып шыққанымен «Бұлай болмайды, сен мені білмейсің…» деп келе жатыр еді, Әмір оны қақ маңдайдан періп кеп жіберді. Бұл «төбелестің» басталғанының белгісі еді. Жігіттері де тұра ұмтылып, төбелес қызып жүре берді.
Бұрын «Кім? Не?» деген сияқты сұрақтарды тыңдап алып, реті келсе төбелеске жеткізбей, көбінесе тыныш бітетін «ерегеске» үйреніп қалған Вазиф бастаған жігіттер әй-шәй жоқ бассалған топтасқан төбелесте оңбай таяқ жеп, қару қолдануға да үлгірмей қалды. Бұлардың тегеурініне шыдай алмаған қарсыластарының бірнешеуі машиналарына барып паналап, бірер машина «гүр» етіп оталып, тайып тұрды. Вазифтің үш-төрт жігіті жатқан жерлерінде тұрмай қалды. Басшыларына дейін оңдырмай сабап, төбелес алаңында толық басымдыққа ие болған Әмірдің жігіттері Вазиф бастаған бірнеше жігітінің құлап қалғандарын сүйемелдеп машиналарына мінуіне мүмкіндік берді. Өйткені, Вазиф бұған жеңілгендерін мойындап «артық қан неге қажет» деп жалынғандай болды.
Машинаның алдыңғы орындығында отырған Вазифтің тұмсығына пистолетін таяп:

Бір кеңес тыңда. Енді менің жолымда тұрма, кездессең атып тастаймын. Жігіттерімнің бәрінде де қару бар және біз ешкімді де аямаймыз. Осыны есіңде ұста, — деді. Вазиф көзі мөлиіп үнсіз тыңдады. Әмір сөз осымен тәмам дегендей оның шоферіне «жоғал» деді, екі машина жүріп кетті.

Әмірдің жігіттері өздері тартып алған территориядағы бизнесмендер мен коммерсанттарға «салықты» бұған дейінгілерден төмен белгіледі. Оларға біртіндеп милиция, салық комитеті, жергілікті билік өкілдері де орынсыз мазалап, артық ақша сұрамайтын болады, тек сендер бізбен ғана іскерлік байланыс ұстасаңдар бәрін өзіміз реттейміз, деген сияқты әңгімелер айтылып, уәделер берілді. Егер бізбен істес болғыларың келмей, құқық қорғау орындарына бару, басқа да жолдарды таңдағандарыңды бұл мөлтек аудан ғана емес, Алматы қаласында бизнес жүргізе алмайтын етеміз. Тіпті дүкендерің, үйлерің, автокөліктерің өртеніп, өздерің оқыстан келген ажалға душар болуларың да оп-оңай, деген сияқты қорқыту сөздері де айтылмай қалған жоқ.

Белгілі бір мөлшердегі салықты кімге төлесе де бәрібір болғандықтан және заң орындарының өздерін қорғауына сенімдері аз бизнесмендер негізінен бұлардың талаптарына көніп, бұларды «қорғаушы» деп таныды.
Көп өтпей-ақ, Әмірдің жігіттерінің жағдайы жақсара бастады. Учаскелік милиционермен бір жігіті тұрақты байланыс орнатып «Саған қарасты учаскеде тәртіп болады, криминалдар жағынан еш проблема болмайды, бәрін өзіміз реттейміз, өзіңнің қолыңды да құр қалдырмаймыз» деді. Оған қоса бұлардың тобындағы бір жігіттің жерлесі, әрі кезінде бірге күрескен жақсы танысы сол аудандағы ішкі істер бөлімінде бастықтың орынбасары, екен. Осылайша аз күнде Әмір мықты спортшы жігіттерден топ жасақтап, шағындау болса да белгілі бір территорияға иелік етіп үлгерді.
Не де болса Стаспен байланыс орнатып, соның ығын паналауға әрекет етейін десе, ол мұнымен ортаға біреу дәнекер болмаса сөйлеспейді. Ал оны білетін мұның танысы Куба. Бірақ Куба Шәдіқұлдың Сергейдің тобына істегенін естіген де болар, әлі тығылып жүргенін білсе ол бұған ренжитіні сөзсіз. Онда Стасқа бұл туралы «малява» — мінездеме хат жазып бермек түгілі көзін жойдырып жіберуге әрекет етуі мүмкін. Сондықтан бірінші кезекте Юсуптармен мәселенің басын ашып алуы керек.
Шәдіқұлдың жігіттері мұны кездестірсе аямасы анық. Олардың Сергейге байланысты батыл әрекеттеріне қарағанда басшыларының Алматыда әжептәуір беделі бар сияқты. Бірақ, Әмір қылмыскерлер арасында өзін танытуы үшін Вазиф сияқты майда шабақтарды емес, осы Шәдіқұл секілді танымалдау біреулерді тізе бүктіруі керек. Сонда әлгі Стастар да танып, білетін, тіпті мүмкін мұнымен санасатын болады.
Бұл Шәдіқұл өзімен санасуы үшін алдымен Юсупты жазалаудан бастауды жөн көрді. Оның лағманханасын анықтап алды. Өйткені, барлық бәле осы Юсуптан басталғаны белгілі. Сергейдің ажалына да кінәлі сол, әрі екіжүзділік жасап қарызын қайтарудан тайқып кеткен де сол, сөзін ұстамай сатқындыққа барған да сол. Ендеше қарызын өтеуден жалтарған «фуфлыжникті», яғни Юсуптай арамзаны жазалағаны үшін Әмір кінәсіз болып есептеледі.
Сәтті күндердің бірінде жігіттерімен таңға жақын үйінде тәтті ұйқы құшағында жатқан жерінде Юсупты бассалып ұстады. Беттеріне маска жапқан жігіттері Юсуптың доллар және теңгедей әжептәуір ақшасын сыпырып тонап алды. Ол үшін Юсупты біраз ұрып-соғып, азаптауға тура келді. Сосын оны үйімен жапсарлас салынған дәмханасының қақ ортасына өлмейтіндей етіп асып кетті. Әйелі мен бала-шағасын да түгел үй ішінде байлап тастаған жігіттері Юсуптың үйінен шыққан соң Керуен сарайға барып, Шәдіқұлды таппай, бірнеше жігітін өлімші етіп сабап кетті. Беттерінде маскасы бар бұларды олар танымаған қалпы таяқ жеп қала берді.
Ертеңіне сәскеде Шәдіқұл шарқ ұрып жігіттерін жауып Әмірді іздеттіріп жатты. Ол өткенде Сергей мен жігіттерін өлтірген соң Әмір де жансауғалап безіп кеткен болар деп, оны ойынан шығарған. Бірақ, бірер айдан соң «Черный Эмир» деген біреу шығыпты дегенде сол Қара Әмір ме екен? деген сұрақ туған, бірақ оншалықты мән бере қоймап еді. Енді міне, бәрін қойып тікелей өзіне шабуыл жасауға көшті. Сондықтан да оны таптырып алып не жойып жіберу керек, не онымен дұрыс қарым-қатынас орнату қажет. Осылайша Шәдіқұл бұны іздеп тапсам не істеймін, деп бас ауыртып жатқанда Әмір таяуда ғана алған шетелдік көлігімен Бек пен Диюді ертіп Кубаға жол тартып кетіп еді.
Бұл зонадағы Кубамен жолықты. Ол Алматыдағы болған істерге негізінен қанық екен. Шәдіқұл Стасқа жол тауып барып сосын Сергейді өлтіртіпті. Әңгіме барысында бұның Шәдіқұлдың тобына тиіскенін естіген Куба тікелей ештеңе демесе де «Соңғы кездері «честный арестанттар» азайып,  сотталғандар арасында «ворлар» заңын сыйламай, ақша үшін әділдіктен алшақ кететін «бауырластар» көбейіп бара жатыр, жастар жағы сәл бір нәрсе үшін қаруларын ала жүгіріп, бір-бірін аяусыз қырып тастайтын болған» деп біраз кейіп алды.
Стас та кейінгі кезде Кубадан сырт айнала бастаған сияқты. Оның үстіне Кеңес Одағы тарап, бұрынғы одақтас республикалар арасында үзілген байланыстардың «бауырластарға» да кері әсері тиіп жатыр. «Бірақ Стас қателеседі, Еуропада бүкіл мафиоздық топтар халықаралық байланыстарын кеңейтіп жатқанда бұрынғы кеңестік кеңістіктегі қалыптасқан байланыстар оңай үзіле салмайды. Ал Стастың еркінсіп бара жатқанына қарағанда енді бәрін бір өзім шешемін деп ойлайтын болар, бірақ оны орнына қоямыз әлі.
Дегенмен Ресей мен Қазақстан зоналарында бір-бірінің қылмыскерлеріне көзқарас бұрынғыдай емес суынып бара жатқандай. Тек бұрыннан тығыз байланысы бар топтар ғана бірлесіп тірлік істеуде. Ал өз «законниктері» мүлде аз Қазақстанда нағыз «бардак». Жас қылмыскерлердің көбісі зонаны көріп қайтқанымен, онда «ворлар» заңын үйреніп шықпағандар, кейбірі түрме көрмеген бұрынғы спортшылар. Олар топ құрып, қару тауып алады да ешкімнің авторитетіне қарамастан, қылмыс әлемінің кодексіне пысқырмастан ойына келгендерін істеуде.  Стас Қара Әмірдің тобын сондайлардың қатарына жатқызыпты, ондай «казахский беспредельшиктердің» көзін құртып, тәртіп орнату керек» депті.
Алдына бармағандықтан ба, әлде Кубадан сырттай бастағандығын естігесін бе, Стастың қыр көрсетіп әрі «казахский» деп тиісе айтқандығынан ба, белгісіз, әйтеуір Әмір іштей Стасқа кектеніп қалды. Оның айтқандарын бажайлай отырып Әмір соңғы жылдары Қазақстан аумағында қазақ жігіттерінің қылмыс әлемінде беделі асып, бірлі-жарымы халықаралық деңгейге шыға бастағаны Стас сияқтыларға ұнамайтынын ұқты.
Әмір Кубамен әңгімеден Алматы ғана емес Қазақстан бойынша дәл қазір әркім, әр топ өз қотырын өзі қасып дегендей, өздерінше тірлік етіп жатқанын білді. Сондықтан да, бұл ешкімге жалтақтамауды, аласапыранды пайдаланып өз тіршілігін өзі жасап, реті келсе бедел жинап қалу қажеттігін түсінді. Киліккен қандай топ болсын, тіпті қандай «авторитет» болсын аямауға бекінді. Бірақ Кубаға еш сыр білдірместен, оны еркіндікке шығысымен Алматыға келуге шақырды. Ол бұған рахметін айтып, қайда барарын әлі шешпегенін, Одессадағы Пират деген досының да шақырып жатқанын айтты. Екеуі жылы қоштасты.
Алматыға қайта оралысымен бұл жігіттерін сақадай сайлап алып Шәдіқұлдың Керуен сарайына өзі барды. Төрт машинамен барған бұларда автоматты қару да бар еді. Оны Кубаның ақылымен, Ақмоладан бір әскерилерден сатып ала келген. Шәдіқұлдың екінші қабаттағы кеңсесіне Әмір бір жігітін ғана ертіп кірді. Қалған жігіттері бірінші, екінші қабаттарда соғысқа сақадай сай дайын тұрды. Шәдіқұл екі адамымен отыр екен. Керуен сарайын қапелімде қарулы жігіттер қоршап алғанын естігенде не істерін білмей сасып қалған. Екі адамымен жан-жақтағы жігіттеріне телефон шалып жатқанда бұлар кіріп келді.
Әмір оның дәл қарсысына барып отырды. Сосын «Егер бейбіт қатар тіршілік етуге көнсең оныңды айт, болмаса «соғыс» іздесең оны айт. Менің отыз жігітім дәл қазір бәріне дайын. Спортшы болғандықтан қаладағы сондай жігіттердің талай топтарымен байланысымыз мықты. Бір-бірімізге қолдау білдіріп отырамыз. Және бәрі де жас жігіттер болғандықтан ештеңеге алаңдамайды. Ал сендерде қатын-балаларыңды былай қойғанда дәмхана, шәйханаларың бар, жоғалтатын нәрселерің көп. «Соғыс» іздесең соның бәрінен айрыласыңдар, күлдеріңді көкке ұшырамыз. Ең бастысы, өмірлеріңнен айырамыз. Ал қай заңды алып қарасаң да Юсуптікі иттік, бәрі соның кесірінен басталғанын ұмытпа», деді.
Әмірдің қаһарлы да сұсты жүзі мен мына айтқан зілді сөзінен Шәдіқұлдың жүрегі шайлығып қалды. Бірдеме айтқысы келгенімен көзі мөлиіп үні шықпай отыр. Дем жетпегендей әлсіз жұтынып, басын изей берді. Отты көздерімен ішіп-жердей қадала қараған қалпы Әмір:

Келіссең біз кеттік. Ендігі жерде менің жолыма көлденең кезікпе, — деп бұрылып нық басып шығып кетті. Әлекедей жаланған жігіттері де қаруларын оқтала ұстаған қалпы артынан ерді. Мұздай қаруланған жігіттер төрт машинаға отырып жүріп кетті. Екінші қабаттың тұтас әйнектелген шынылы қабырғасының арғы жағынан нөкерлерімен бірге олардың соңынан қараған қалпы Шәдіқұл қала берді.
Алматы криминалдары біртіндеп Қара Әмірді тани бастады. Ол әрине құқық қорғаушылардың да назарына ілікті. Бірақ бұлардың тобы өз территориясына қорғаныш болумен бірге негізінен түрлі жүктерді қорғап жеткізумен айналысты. Дию бастаған үш жігіті үш «КамАЗ» машинасына «қорғаныш» болып Ресейге кетті. Пысықай Шурик те бір қазақ пен ұйғырдың ақбөкен мүйізімен бизнес жасап жүрген жасырын «фирмасымен» келіссөз жүргізіп, олардың Арқадан әкелетін жүгін қорғап барып қайтуға келісіпті.
Әлгілермен сөйлескен Әмір өткен сапарларында Шу мен Мерке тұсында қарулы рэкеттер әкеле жатқан тауарының бір бөлігін тартып алғанын білді. Олардың арасында милиция киіміндегі біреуі болыпты. Жалпы жасырын жасалып жатқан бизнес болғандықтан бұлар заң орындарына шағымдана алмасы белгілі. Сондықтан сенімді жігіттерден жүкті қорғаушылар жалдауға бел буған екен.
Әмір Арқадан киік мүйізін алып қайтушыларды қорғап барып қайтуға ең жас серіктерінің бірі Дайранды ертіп өзі баратын болды. Өзге жігіттер әзілдеп Дайранымыз киік мүйізін қағып, өзіне мүйіз өсіп есейіп «Джейран» болып оралсын, жол оң болсын! деп әпсәтте оған ат тауып берді. Сөйтіп Дайран
– Джейран болып шыға келді.
Жүк машинасының рөліне бизнесші-киікші Бекболаттың өзі отырды. «Горный гигант» алма совхозынан бірнеше тонна жеміс артып алыпты. Бос барғаннан бұл да тәуір, әрі көз алдауға да бұл дұрыс.
Бұлар жеміс ұрылып қалмасын деп баппен жүргеннің өзінде Жезқазғанға жылдам жетті. Жемістерін көтерме бағамен өткізіп Бекболат пен Джейран оның жүгінің жайын білуге кетті. Әмір де ескі таныстарының кейбіріне жолығып Жезқазғандағы, сондай-ақ туған ауылындағы жағдайларға қанықты. Ғали досы Шымкентке көшіп кетіпті. Баяғыда соны қорғаймын деп төбелесіп, осы Жезқазғанның соты төрт жылға соттап жібергенін есіне алды. Базар жақтағы таныстарын іздемеді. Жұрт көзіне көп түскісі келмеді.
Бекболаттың мұндағы келіскен адамы ақбөкеннің мүйізін кемдеу жинапты. Бірақ, барына қанағат, олар мүйізді қымтай артып болған соң, оның үстіне картоп артып, бетін жасырды. Картоптың құжаты заңды болғандықтан маишниктер тексере қалса бәрі заңға сай. Тек әккі біреулері кездесіп картоптың астын ақтара тексермесе болғаны.
Өздерінше осылай әбден сайланып алып кері қарай жолға шыққан бұлар Жезқазғаннан онша ұзамай жатып, асфальт жолдан бұрылатын жерге жеткенде соңдарынан бір жекеменшік нөмірлі «Жигули» автокөлігі қуып жетіп, алдарын орай тоқтады. Жергілікті рэкеттер болар деп ойлады бұлар. Бірақ машинадан МАИ және кеден офицерлерінің киіміндегі екі адам түсті. Әмір бұлардың «калым» жасап ерігіп жүргендер екенін түсіне қойды. Серігіне қаруыңды ыңғайлап ұста деп ымдады да өзі машинадан түсіп әлгілердің алдынан шықты.
Амандасқан бұған ежірейе қараған олар әдеттегі сұрақтарын беріп тергей бастады. Кеденші машинаны айналып шығып, арт жағынан қорабына үңілді. Сосын:
— Картоптың астында не бар? Оңтүстікке қарай сатуға картоп апара жатқандарың «что-то» күдікті. Аш қорапты, тексереміз, — деді тәмпіш мұрынын шүйірген ол. Әмір:

Тауардың құжаттарын көрсетейін бе, бәрі заңды… деп келе жатыр еді, маишник бұның сөзін бөліп:

Сендер, «южандар» құжатын қашанда болсын тас қыласыңдар, оны білеміз. Түсті металды да картоп деп құжаттап алып тарта бересіңдер. Қане, машинаның қорабын ашып, картопты жерге түсіріңдер, астын тексереміз, — деді бұйыра нықтап.

Жігіттер бізді жолдан қалдырмаңдар, алатындарыңды айтыңдар, алақандарыңа салайық та, жөнімізге кетейік, — деді бұл сабыр сақтауға тырысып. Ана екеуі бір-біріне қарады да кеденші «таксасын» айтты. Сұрап тұрғандары тиесілі мөлшерден үш-төрт есе артық. Әмір бұлармен бейбіт тарқаса алмайтындарын ұқты да айнадан өзін Джейранның бақылап отырғанын білетіндіктен бірден әрекетке кірісті. «Жарайды», деп кеденшіге жақындай беріп, қойнынан пистолетін суырып алып оның құлақшекесіне батыра тіреді де:

Таста, қаруыңды! – деп ақырып қалды. Мұндайды күтпеген кеденшінің қолынан қаруы түсіп кетті. Маишник «ә» дегенше Джейран жетті автоматын кезеніп. Бекболат та «Жигулидің» руліндегі алаңсыз музыка тыңдап отырған қарапайым киімдегіге оналтыншы калибрлі мылтығын кезеніп жақындай берді. Қарулы бандыға кезіккендерін түсінгенде аналардың түстері бозарып, үндері шықпай қалды. Екі офицердің қолдарын байлап, екі машинаға бөлек-бөлек отырғызды. Өзі «Жигулидің» артқы орындығына жайғасып оның жүргізушісіне «КамАЗдың» соңынан ілесуді бұйырды. Машиналар біраз жүрген соң асфальт жолдан шығып даланың жайдақ жолына түсіп, күншығысты бетке алып кетіп бара жатты. Екі сағаттай жүрген соң тоқтады.

Әмір жол бойы әлгі үшеудің бүкіл мәлімет дерегін «Жигулидегі» кеденші мен қарапайым киімдіден сұрап біліп алды. Алғаш сәл тартыншақтап «жігіттер, бізді жібермесеңдер өздеріңе қиын болады» деп ештеңе айтқылары келмегенімен, асфальт жолдан шығып даланың қойнына тереңдеп кіріп бара жатқандарын байқаған соң, «айдалаға апарып атып тастар» деді ме, шешіліп өздері, отбасы, туыстары, мекен-жайы туралы біраз нәрсе айтып берді. Дегенмен мына бандиттің соның бәрін не үшін сұрастырып келе жатқанын түсінбей, айдалада атып кетер ме, екен? деп бастары қатып келеді.
Айдалада машиналар тоқтады. Әмір әлгілерді сыртқа шығарып қатарластырып тұрғызды. Сосын өздеріне «Жигулидің» екі дөңгелегін ағытқызып алды. Көздері үрейге толып бұның не істегелі жатқанын түсінбей дал болып тұрған үшеуіне қатулы қараған қалпы:
Ажал тартты ма, адамша келісіп, тарқасуға көнбеген өздерің. Маған үшеуіңді өлтіріп машиналарыңмен қосып өртеп жіберу түкке тұрмайды. Ізімді таптырмай кетемін, — дей бергеннен әлгі үшеуі жамырай жансауға сұрай бастады. Әсіресе, қарапайым киімдегінің қатынша шіңкілдеген даусы ащы-ақ екен.

Үшеуің де қазақ екенсіңдер, бір жолға жандарың өздеріңе олжа болсын. Бірақ, ертеңгі күні кек қайтармақ болып бірдеме бықсытар болсаңдар өз обалдарың өздеріңе, қатын-бала, туыстарыңның да обалына қаласыңдар. Арнайы іздеп келіп түгел қырып кетеміз. Ал қазір мына екі дөңгелекті біз алып кетіп екі қырдан асқан соң жол бойына қалдырамыз. Жаяу барып соны алыңдар да машиналарыңа әкеліп салып, келген іздеріңмен қайтыңдар. «Южандарға» орынсыз шүйліге бермегендерің дұрыс, олар да қатын-баласын асырау үшін жүр.

Әмір осылай деді де өз жігіттеріне ым қағып, көліктеріне мініп жүріп кетті. Бір шақырымдай жүрген соң екі дөңгелекті жол жиегіне тастап кетті. Алыстан соңдарынан салпақтап келе жатқан үшеу көрінді. «Не де болса өздерін қатты шошытыппын. Екі доңғалақ үшін үшеуі бірдей салпақтап келе жатқаны, әлі естерін толық жиып, өз-өздеріне келе алмағаны. Ендеше, бұлардан бізге келер қауіп жоқ» деп ойлаған Әмірдің көңілі жайланғандай болды.
Шу мен Меркінің арасында Қырғызстанға соқпай Алматыға қарай төтелеп өтетін жолдың бойында бұларға тағы да жол торуылшылар кезікті. Соңдарына түскен иномарка басып озып алдарын орай тоқтады. Одан түскен үш жігіт бұлардың машинасына қарай таяна бергенде Әмір мен Джейран қаруларын кезеніп машинадан қарғып түсті. «Рэкетсымақтар» өздеріне кезелген қаруларды көріп сасқалақтап қалды. Шеткісі қолын қойнына сұға бергенде Әмір оның аяғының астындағы топырақты бұрқ еткізіп атып қалды да:

Тырп етпеңдер! Келесі оқты маңдайларыңа қадаймын! – деп айқай салды. Джейран да сатыр-сұтыр еткізіп автоматын оқталып тұра қалды. Торуылшылар амалсыз қолдарын көтерді. Сосын біреуі:

Бауырым, кешір, қателесіппіз, рұқсат етсең біз тайып тұрайық, сендерді мүлде көрген жоқпыз, — деп безек қақты.
Бұл машинадағы Бекболатқа қарап «Өткен жолғылар осылар ма?» деп сұрап еді, ол басын шайқады. Бұл әлгілерге «Аман тұрғандарыңда тайып қалыңдар» деді де машинаға қарай жүрді. Өздерімен адамша сөйлеспей, менсінбей, тіпті атып тастай жаздаған мына шотмаңдай жігіттің тегін адам еместігін түсінген жол торушылар, өз көліктеріне отырды да кейін бұрылып тайып тұрды.
Әмірдің жігіттері өз қарамағындағы территорияға кіріп, кәсіпкерлерін бопсаламақ болған бір-екі шағын топты тәубесіне келтіріп, қайтып жоламастай етіп жіберді. Бұл территорияны басыбайлы иеленгелі әзірге өздерін ешкім де қатты мазалай қойған жоқ. Әлде бұлардың қожалық етіп отырған ауданы шеткерілеу орналасқандықтан да өзге ірі қылмыстық топтардың оншалықты қызығушылығын тудыра қоймады ма екен. Мүмкін Қара Әмір дегеннің қит етсе қаруын ала жүгіретінін естіп, жындылығын білгендер, болмашы қаржы үшін сонымен байланыспай-ақ қоялық, деді ме екен. Қалай болғанда да бұлардың тобы қоңдана бастады. Әмір екі інісіне Шымкенттен үй сатып әперіп, біреуінің ет бизнесімен айналысуына, екіншісінің жоғарғы оқу орнына түсіп ақылы оқуына қомақты қаржымен көмектесті. Әке-шешесіне де көмек беруде. Олар бұл әперген бұзаулы сиыр мен оншақты ұсақ малмен еңселері көтеріліп қалды.
Тобындағы өзге жігіттердің де қалталары қалыңдап, тіршіліктері тәуірлей бастады. Өзінің оң қолы саналатын Бек басы істейтін жігіт екен, барлық шаруаның көзін тауып, шыр айналдырып әкетіп жүр. Бұның жігіттері жүк машиналарын қорғап барып қайтуға машықтанғаны соншалықты, Бек «Заңды түрде қорғау-күзету фирмасын ашайық, тіпті бірнеше жүк машиналарын сатып алып өзіміз фирмалармен жүгін тасымалдауға, қорғап-күзетуге келісімшарттар жасассақ, оның пайдасы шашетектен болады», деген ұсыныстар жасады.
Әрине, сондай бір заңды шағын кәсіпорын ашып алып, барлық істерін заңдастырып жүргізуге де болар еді. Бірақ, әлі бұлар күшті деген топтармен иық тіресе алмайтындықтан, ертеңгі күні өздерінің үстінен «қорғаныш» болғысы келетіндер шықпасына кім кепіл. Әрі тыныш, жаймашуақ өмірге көшкен соң біртіндеп дүниеқоңыздық, үй-жай, қатын-бала мәселелері пайда болып, жігіттерін босаңсытып жібереріне көзі жетіп отыр. Оның үстіне тобына кейінгі кезде қосылғандар өмірден түк көрмеген сарыауыз балапан сияқты тәжірибесіздер. Қолдарындағы  ұялы телефондарының өзін әлдеқандай мақтаныш көріп, мықты киініп, маңғаздана жүруге тырысатын бозөкпелер. Бұрынғыларының арасында да зона көріп, «баланда» ішіп, тісқаққандары аз. Сондықтан ірі де қауіпті жағдай кездессе өздерін қалай ұстайтындары да белгісіз.

Кейбірінің әлгіндей фирма ашып, заң көлемінде жұмыс жасауға көшсек, деп жүргендері де содан болар. Бірақ бұлар тыныш өмір сүргісі келгенімен оған кім мүмкіншілік берсін. Қазіргі өздерінің тобы сияқты басқа топтар шығып бұларға «салық» салып, табысынан бөлісуді талап етері анық. Ал бизнесі бар, яғни жоғалтары бар адам өткендегі Сергей сияқты, Шәдіқұл сияқты жеме-жемге келгенде қорғаншақ болады. Сол себепті әзірге реті келсе жігіттерді мығым ұстаған дұрыс, бетімен жібермеу керек. Әбден көтеріліп, нығайып алған соң да талай фирма ашуға әлі үлгереді.
Қанша осылай ойлап, осылай жасағысы келгенімен өзгені былай қойып Әмірдің өзінің де тыныш та рахат өмірге бейімделгісі келіп тұрады. Әсіресе, кейінгі кезде тапқан көңілдесі Айнашты көп ойлап, көп аңсайды. Жиырмаға жете қоймаған жасына қарамай өзі пысық. Көңілдестерін жасқандырып, өзінен төмендеу ұстайтын Әмір Айнашқа келгенде өзгеріп шыға келеді. Оның наздана сөйлеп еркелегенін қайта жақтырып тұрады. Кейде жігіттерімен әлдеқандай шаруаны ақылдасып отырғанда есік аузындағы Диюді тыңдамай кіріп келіп сөздерін бөліп, киіп кетсе де Айнашқа қабақ шыта қоймайды. Бұрынғы көңілдестеріне жарытып ештеңе әпермеген болса, Айнаш бірнеше айда үлде мен бүлдеге оранды.
Әмірге жолыққанша Айнаш жеңгесімен базардағы сатармандарға шәй-тоқаш, сатып күнелтіп жүрген еді. Бұл оған көңілі құлаған соң біртіндеп жеңгесі екеуіне базардан шағын шәйхана, әр тұстан бәліш, тоқаш, самса сататын бірнеше дүңгіршек те ашып берді. Айнаш соның бәрін де жеңгесінің атынан аштырып, өзі біртіндеп бұның жанына біржолата көшіп алды.
Бұл Айнашпен қаладағы ірі мейрамханаларға жиі баратынды шығарды. Қандай қымбат, беделді деген орындарға барсын Әмір сәнді де қымбат киімдер кигенімен мойнына галстук тақпайтын. Ал әрі шофері, әрі оққағары болып жүрген Дию ондай жерлерге костюм-шалбар киініп, жуан мойнына шоқпардай галстук тағуды ұнатады. Бүгін де алдын ала тапсырыс беріп қойған мейрамханаға Айнашты алып күн бата келді. Айнаш екеуі оңаша әзірленген орынға жайғасты да, Дию өзіне үйреншікті, есік жақтағы столдың біріне отырды.
Әмір мейрамханаларға негізінен Айнаштың тілегін қанағаттандыру үшін келеді. Екінші жағынан негізінен қалталылар мен байлар келетін болғандықтан сондайларды сырттай бақылап отыруды ұнатады. Сосын, мұндай мейрамханалар негізінен тыныш, у-шуы аз болады.
Бұлар жайғасқан соң даяшы келіп қызметіне кірісті. Бұл әдетінше мейрамхана ішін көзімен баяу ғана шолып шықты. Адам онша көп емес екен. Түн ортасына таяу көбейеді. Әр жердегі столдарда өздерімен өздері болып отырған адамдар. Тек бір бұрышқа таяу отырған шағын топ мұнда бір өздері ғана отырғандай ерсілік танытуда. Дарақылана күліп, жаргонмен сөйлеп, тіпті боқауыз айтып жұрттың назарын еріксіз өздеріне аударуда. Мұндай орындарда бұншалықты дөрекілік бола қоймайтын. Бұл осындай қымбат мейрамханаларда бірнеше мәрте қылмыс әлемінің әжептәуір танымал «авторитеттерінің» отырғанын да көрген. Бірақ олар өздеріне ешкімнің көңіл аударғанын қаламағандай бетегеден биік, жусаннан аласа болып, елеусіз отыруға тырысатын. Оларды танымайтындар әлгілердің түрмеге бірнеше мәрте отырып шыққандарын сезбек түгілі, жоғары деңгейдегі зиялы жандар екен деп ойлап қалатындай еді. Әмір де реті келген жерде, бейтаныстардың арасында өзін неғұрлым қарапайым, биязы ұстауға тәрбиелейтін.
Ал мына шағын топ ештеңеден қымсынып, ешкімді де елер емес. Даяшылар да олардың алдында құрақ ұшып, бәйек болуда. Ол шулы топтағыларды сынай қарап, барлап байқауға кірісті. Стол басындағы үш еркектің ішінде сарғыш-қоңырқай шашын сол жағына қарай қайырған ұзындау біреуінің басқаларына қарағанда дәрежесі жоғарылау сияқты, өктемдеу сөйлеп, лепіріңкіреп отыр. Оған қылымси сүйкеніп, түлкіше қылмыңдап отырған келіншек соның көңілдесі болар. Қалған екі еркектің бірі ірі денелі, шашын кірпі етіп қысқа қырықтырған, жуан мойын екен. Қаракөлеңкелеу болса да бұл оның сыртқы келбеті ресейлік киноларда жиі ұшырасатын қылмыскерлерге қатты ұқсайтынын аңғарды. Костюмінің сыртына көйлегінің жағасын шығарып қойғанына қарағанда киіну мәдениеті де оның зиялылар қатарынан еместігін көрсеткендей. Дәу де болса оққағар сияқты. Үшінші еркек біріншіге бас шұлғып, қолпаштап, арасында ашық жарамсақтанып қосыла қарқылдап күліп отыр. Кейінгі екі еркектің ортасында отырған күлгін түсті қысқа шашты екінші келіншек те өзгелерге қосылып дарақылана күліп мәз. Бұл әлгі жарамсақтанғыштың көңілдесі болар, екеуі кейде ауыз жаласып сүйіскен болады. Бәрі де темекіні будақтатып отыр.
Әлден соң шулы топтың серкесі «кірпі» шаштыны музыканттарға жұмсады. Сосын бәрі орындарынан тұрып шағын алаңшаға барып билеуге кірісті. Әбден қызып алған олар жер тепкілеп билеуде, тек «кірпі» шаш қана шеткерілеу тұр.
Әмір Айнаштың әңгімесіне құлақ қоя отырып, мейрамханадағы басқа столдағыларды да асықпай шолып қарап шықты. Айнаштың айтатыны белгілі, кейінгі кезде шетелдердің біріне барып демалып қайтсақ қой, дегенді мұның құлағына құя алмай әуреленіп жүр. Шетелге барып қайтқан біреулердің әңгімелерін жыр ғып айтып, аузынан суы құриды. Түркияға, Қытайға барып-келіп жатқан саудадағы құрбыларының бірінің кезекті сапардан көріп қайтқандары жайлы бұған жырлап отыр. «Түбі осы Айнашты алып шетелдің біріне бірер аптаға қыдырып қайтқан да теріс емес-ау», деген ой біртіндеп мұның миына орныға бастады.
Кенет барменнің столы жақ апыр-топыр болды да қалды. Әмір жалт қарады да, солай қарай тұра ұмтылды. Барған бетте Диюдің ту сыртынан қапсыра құшақтап тырп еткізбей ұстап алған «кірпібас» дәуді құлақ шекеден қонжитты. Бұдан әлдеқайда ірі «кірпібас» абайсызда тиген гүрзідей ауыр соққыдан шайқалақтап кетті. Оның қолдары босаңсыған сәтте серпіле қимылдаған Дию де құрсаудан құтылып шықты да әлгінде өзінің бетінен былш еткізіп ұрып үлгерген қарсы алдындағы әлгі шулы топтың басшысын бассалды. Өзінен сәл кішірек, әрі қызу қарсыласын Дию алып ұрып астына басып, соққыны төпеледі.
«Кірпібас» қолындағы пышағымен Әмірді жасқай беріп басшысын жығып алып соғып жатқан Диюге қарай ұмтылды. Бұл қойнындағы пистолетін суырып алып төбеге қарай атып жібергенін өзі де сезбей қалды. Кенет шыққан оқ дауысы жұрттың бәрін селт еткізіп, «кірпібас» та қалт тоқтады.  Бұл серігіне «кеттік» деп ымдады да есікке қарай шегінді. Осының бәрі бірер минутта болғандықтан мейрамхананың күзетші-тәртіп орнатушы жігіттері енді келіп жетіп еді. Жағдайдың ушыққанын байқасымен Айнаш дереу даяшымен есептесіп есікке қарай жылыстаған. Оған ешкім көңіл аудармады. Жұрттың назары қарулы Әмірде болды. Ол есікке жақындағанда еңгезердей екі күзетші қарудан сескеніп жарыла жол берді. Бұлар жүгіре шыққан қалпы машиналарына отыра салып, оқиға болған жерден тезірек сытылып шыға берді.
Сөйтсе, Дию барменнің сөресіне бара бергенде әлгілердің билеп жүрген қыздарының бірімен байқаусызда соқтығысып қалады. Бұл кешірім сұрап бұрыла бергенде атамансымақтары бұны бір ұрады. Сөйтіп төбелес басталып кетеді.
Бұлар өздерімен төбелескендердің кім екенін анықтау үшін машинада келе жатып дереу Шурикке телефон шалды. Ол әдетінше «Қазақстан» қонақ үйінің мейрамханасында жүр екен. Өздері болған мейрамхананың адресін айтты да «Тез арада сонда жет, жаңа ғана біз сонда біреулермен төбелесіп қалдық, солардың кім екенін анықта, жұрт не деп жатқанын біл де хабарын жеткіз» деп тапсырды.
Көп өтпей Шурик біраз мәлімет жинап оралды. Мейрамхана күзетшілері де, басшылары да милиция шақырмапты. Бұлармен төбелескендердің басшысы «Мишуля» деген Стасқа жақын жүрген бір авторитеттің туысы, оның қасындағының бірі оққағары, екіншісі бизнесші екен. «Мишуля» «Милиция шақырмаңдар, ол екі «мамбетті» өзім тауып алып жазасын беремін, Алматыда тірі жүргізбеймін» деп біраз күшеніпті. Төбелестен соң мейрамханаға әпсәтте Стастың жігіттері ме, әлде соның ықпалындағы топтың адамдары ма екі шетелдік көлікпен жеті-сегіз жігіт жетіп келіп, ары-бері шапқылап, сосын «Мишуляны» достарымен ертіп қайтып кетіпті.
Әмір бұларды естігенде өздерінің етқызуымен ажал құша жаздағандарын ұқты. Тіпті қауіптің қара бұлты әзір сейілмесін де сезді. Өйткені, Стастың айналасында жүргендер оңай адамдар болмайды. Олар інісін сабатып қойып тыныш шыдап жүрмесі белгілі.
Ертеңнен бастап Алматыдағы сәл де болса «рэкеттігі» бар топтарды түгел сүзіп шығып, Мишуляны сабап, пистолетпен қоқиланып аспанға оқ атып қоқан-лоққы жасаған екеуді тауып жазаламай тоқтамайды. «Сенің жігіттерің емес пе?» деп Стастың адамдары бұған да шығуы мүмкін. Жігіттері емес бұның нақ өзі екенін білсе аямасы анық. «Бірақ, қорқатын дәнеме де жоқ. Ерегестіре берсе бір күні басқасын былай қойып, сол Стастың өзінен бастап қойдай бауыздап қырып тастап, қылмыс әлемінде айды аспанға бір-ақ шығарармын. Оның үстіне сол Стасыңның «законный вор» екені шүбәлі деген де сөз бар. Біреулер оншақты жыл бұрын Сібірдің бір түрмесінде, екінші біреулер еркіндікте жүргенде Сочиге барып «тәж кигізіліп» «вор» атаныпты, дейді. Үшінші бір өсекке сенсе ол екі рет сотталғанымен зонада ешқашан «честный арестант» болмаған, тек соңғы оншақты жылдан бері мықты беделі бар «авторитет» саналатын қылмыскерлерді жинап алып, солармен байланысын нығайтып, Алматыда өзі де «авторитет» атанып «ерегестерде» төрелік айтатын болыпты, деседі. Тіпті «законный вор» бола қалған күнде бүгінде ондайлардың өзінде де бұрынғыдай бедел жоқ. Оларды басқа жерді қайдам Қазақстанда құрметтеп, тыңдап жатқандар азайып кеткен. «Ермак» деген бір «законникті» әділетсіздігі үшін қарапайым бір қылмыскер өлтіріпті деген де сөз шыққан. Сондықтан, қылмыс әлемінде жунглидегідей заң, қасқырлық заң басым. Кім күшті, кім шешімді, кім айлалы сол тірі жүреді, соның беделі асып, сөзі тыңдалады», деген ойларға келген Әмір қаладан түнделетіп болса да шығып кетуді ойластырды.
Ол күткендей-ақ ертеңіне Стастың маңайындағылардың бірінің жігіттері Бекке келіп жолығып, кешегі төбелес жөнінде сұрастырыпты. Ұялы телефон арқылы осыны естігенде қалада қалмай таңға жуық жолға шығып кеткеніне қуанды. Ол жанына Диюді ертіп өз тобындағы Арқар деген лақап атты жігіттің алыстағы ауылына бірнеше күнге сейілдеп қайтпақ болып Алматыдан кетіп қалған. Өзінің Стастың адамдарынан қорыққанын сездірмей, Арқардың біраздан бері қонаққа шақырып жүргенін пайдаланып жүріп кеткен. Осылайша Стастан сытылып кеткенін сезді. Ашулы кезінде олардың қолына түскенде жандарын жаһаннамға жіберері анық еді.
Арқар Шымкенттің Созағынан, орта бойлы, шымыр, көселеу жігіт. Сөзінің тұздығы сияқты үнемі «Біз Созақтың арқары, көкең сузакский архар ғой» деп желпіне сөйлеуді ұнататын. Өзінің бұйралау шашы өсіп құлағын жапқанда, шынында да арқардың мүйізіне ұқсап-ақ кететін. Сонысына, өзінің сөзіне қарап алғаш «Сузакский архар» деп кейін «Арқар» атанып кеткен.
Жолда Әмірдің үйіне соғып шәй ішіп шыққан бұлар күн батпай-ақ қарт Қаратаудың бауырындағы Қозыбұлақ ауылына келіп жетті. Қой сойылып, Арқардың туыстары келгендерді құрақ ұшып қарсы алып, құрметтеп жатыр. Әмір мен Дию сараң сөйлейді, әңгімеші Арқардың өзі. Ол Әмірді өздері жұмыс істейтін Алматыдағы фирманың басшысы деп, Диюді соның көмекшісі етіп таныстырды. Әке-шешесі мен туыстарына ойдан шығарған фирма туралы сендіре айтқан ол сөзінің түйінінде «Әрі басшы, әрі сыйлы қонақтарға ауылды көрсетіп, таудан арқар атқызып, Шудан балық аулатып, Қызылкөлге қыдыртқалы келдім» деді. Сосын, немере туысы Сәбең деген алпыстардағы осы өңірдегі белгілі арқаршының бірі саналатын көкесіне арқар атуға апаруды өтініп қолқа салды.
Ол кісі осы өңірдегі танымал аңшы-арқаршы екен. Осы ауылдағы арқар атып алған аңшылардың ішіндегі көзі тірісі сол көрінеді. Оның ұстазы саналған Секең деген аңқұмар мұғалім бертінде дүниеден өтіпті де  енді сол ақсақалдың Нұрәли деген ұлы Сәбеңе шәкірт болып арқарға бірге шығып жүр екен. Сол күні арқар ату туралы біраз әңгіме айтылды. Арқарды атып алу оңай емес екен, кейде бірнеше күн, апта бойы аңдып, ізімен жүріп отырып бір арқарды зорға атып алады екен, кейде ол да жоқ.Ертесіне бұлар тауға шығып арқар қарап көрмек болды. Сәбеңде ағылшын винчестерінен бастап оналтыншы калибрлі, қосауызды, кіші калибрлі дейсіз бе, мылтықтың бірнеше түрі бар екен. Бар керектерін сайлап алып Арқардың інісінің жекеменшік сары «уазигіне» отырып таяу жердегі тауды бетке алды.
Бір әнде «Қазақтың тауының бабасы» деп шырқалатын Қаратау биік-биік шоқылары сілемдене жалғасып жатқан, аралары терең құз-шатқал болып келетін биік тау екен. «Уазик» шатқалдың араларымен тау ішіне тереңдей ендеп кіріп барып тоқтады. Суы мөлдір, тіс жарардай суық тау бұлағының қасынан ошақ жасалып, мосы, шәйнектермен аңшыларға түстік әзірлеуге ауыл жігіттері кірісті де, бұл үшеуі Сәбеңе ілесіп биік шоқының басына шықты. Төменде тұрғанда тау оншалықты биік емес сияқты еді, басына көтерілген соң етектегі машина мен адамдар құмырсқадай болып көзге зорға шалынды. Қалада көлікпен жүріп денелерін май басып қалған үш жігіт алпыстағы аңшы шалға зорға ілесіп, шың басына жеткенде шаршап сілелері қатып, отыра кетті.
Сәбең арқаршы биікте тұрып айналасына дүрбі сала бастады. Әлден кейін күнбатыс жақ беттегі сілемдене созылған шоқылы белдерден қашықтауын нұсқап «ӘҺ, аруақ, жолдарың жеңіл екен, Саңғыл бабам қолдаса қанжығамыз майланар, бүгін. Қараңдаршы, әнебір құзар шыңды шоқының орта тұсындағы жартаста кеудесін кере желге тосып жас арқар тұр», деді. Бұлар жапатармағай дүрбілерін көздеріне тосып солай қарады. Тұғырлы тастың басында көлденеңдей қасқайып тұрған арқар кеше Созаққа келе жатқандағы асфальт жолдың жиегіндегі ақ тастан жасалған ескерткіш-арқардан айнымай қалыпты. Қимылдар емес, тас мүсіннен аумайды.
Сәбең:
-Балаларым, мен ық жағымен мына белден асып оқ жетер жерге жақындап көрейін. Сендер тура жүріп анау екінші шоқының басына шығып, сол жерден бақылаңдар. Шатқалдағы жел бағытын өзгертіп жібермесе болғаны, Жаратқан жар болсын делік, — деді де бүкшеңдеп төмен түсе бастады.
Әмір түнімен арқар ату туралы әңгімелерді есіне алып сағатына қарады. «Мына шыңды айналып жеткенше талай уақыт өтер, арқар солай тұра берер ме екен», деп ойлады. Бұлар да жылжыды. Бір қырдан асқан соң екі серігі қалыңқырай бастады да, бұл сыр берместен алға ұмтылды. Ақыры аңшы айтқан шоқының басына жетіп, дүрбісін салып арқарды іздеді. Тез тапты, ол қасқиып әлі тұр. Аңшы шатқалдардың арасына кіріп кетсе керек, көрінбеді. Арт жағына қарап еді, Дию мен Арқар екі шоқының арасындағы сайда еңкеңдеп жүр екен. «Бұлар не істегелі жүр, өздері» деп дүрбісімен қадала қарады. Диюдің қолында бір зат қараңдайды, не екенін ажырату қиын.
Бұл айналасына дүрбі салып ұзақ отырды. Арқарды анда-санда бір қарап қояды, ол міз бақпай тұр. Әлден уақытта тауды жаңғыртып мылтық даусы «шаңқ» етті де арқар жоғары қарай атылып барып төмендеу тасқа, одан әрі тастан-тасқа орғып секіріп жоқ болды. Алыста аңшы тұр, мылтығы иығында, не болғанын білмей дағдарып қалған. Бұл дереу арт жағына қарады. Төменде сайда екі серігі мылтықтарын кезеніп тізерлеп бірдеңені көздегелі жатыр. Бірден түсінді, солар екен атқан. Ерігіп бөтелке ме, қойдың қураған бассүйегі ме, бірдеңені атып көздеуден жарысып жатыр. Өздерінің аңда жүргенін, тауда дауыс жаңғырып, еселеніп шығатынын ұмытып кеткендей.
Бұлар осылайша сирек кездесетін бақыт – арқар етін жеуден қағылды. Сәбең қабағы қатулы «Уазик» жанына жиналған бұлармен салқын қоштасып, ұлын ертіп арқардың артынан кетті. Арқардың інісі:
-Көкем енді бірнеше күн тау-тасты кезіп сол арқарды ақыры атып әкеледі. Көптен таудан арқар кездестіре алмай жүр еді, мына арқарды таппай қайтпас, сірә, — деді.
Бұлар сәтсіз арқар атудан көңіл жұбату үшін бірнеше кекілік құс атып, саф ауада тамақ жеп, арақ ішіп ауылға кештетіп оралды.
Тауға шыққан күннің ертеңіне аяқтары салдырап, сан еттері ауырып, жүре алмай қалған қонақтарын Арқар көлікпен жазық далаға алып шығып ақбөкен атқызды. Одан кейінгі күндерде Шу өзеніне барып шомылып, балық аулады, қаз-үйрек атты.
Әмір Шу өзенінің бойындағы нар қамысты сонда көрді. Бертінге дейін сол ну қамысты дала жолбарысы мекен етіпті. Ол туралы мұнда талай қызық әңгімелерге қанды. Бір аптадай сейілдеген бұлар әбден рахаттанып, көңіл қоштары орнына келіп, тынығып қалды. Өздеріне осыншама құрмет көрсеткен ауыл адамдарына, Арқардың туыстарына алғыстарын айтып, өте ризашылықпен аттанды. Арқар ауылында тағы бірнеше күнге қалып қойды.
Бұлар Алматыға Жаңатас, Жамбылдатып жетті. Мұнда бәрі тыншыған сияқты. Мишуля Мәскеу жаққа кетіп қалыпты. Бек түрмеден шыққан қырықтардағы біреудің Әмір туралы сұрастырып жүргенін айтты. Бұлар оған тікелей жолықпастан сырттай бақылау орнатыпты. «Есік» қонақ үйінде жататын әлгі күнде таңертеңнен кешке дейін қаланы, базарларды аралап сенделуден басқа ештеңе де бітірмейтін көрінеді. Көтерме сауда базарындағы талдықорғандық бір жігітпен жолығып, әңгімелесіп қайтқанын көрген соң, ол жігіт туралы да сұрастырыпты. Сөйтсе талдықорғандық Абас атты жігіт бұдан жеті жылдай бұрын онымен Талдықорғанның «сизосында» бірге отырыпты. Абастың айтуына қарағанда әлгі адам тағы да сотталып таяуда зонадан шығыпты. Осындағы біраз криминалдарды білетін көрінеді. Үш рет сотталған, бәрінде де қаржылық махинациялар үшін отырған. Қылмыскерлер арасындағы лақап аты – «Бухгалтер» көрінеді. Өзі шынында да қаржы маманы болса керек, әйтеуір ақша жағында жұмыс істеген, дейді. Бұл жоқтағы басты жаңалық осы екен.
Әмір қанша ойланғанымен Бухгалтер деген «зекті» есіне түсіре алмады да, мүмкін Кубаның жіберген адамы болар, деп тұжырды. Өйткені, бұл өз тобының тапқан ақшасын түгелге жуық жігіттеріне үлестіріп береді. Қала ішінен екі қабатты үй сатып алды, басқа нәрселерге жұмсады, әйтеуір шашуда. Бірақ, «ортақ қалта» үшін қажет кезде ақша бермей қалған емес. Сонда да Куба қаржы мәселесін реттесін, деп қаржы маманын көмекке жіберген болар. «Не де болса шақырып алып сөйлескенім жөн» деген шешімге келген ол қонақ үйге екі жігітін жіберіп әлгі өзін іздеушіні алдырды.
Бухгалтер орта бойлыдан да төмендеу келген жұқа, жымқырылған ерінді, шүңірек көз, татар шатыс біреу екен. Бұл оңаша отырып әңгімелесті. Ойлағынындай-ақ Кубадан сәлем алып келіпті. «Енді бірнеше айдан соң оның өзі де еркіндікке шығады. Осында келемін, деді. Мені өзіңе қаржылық мәселелеріне көмектес, деп жіберді», деді ол дәл бір жолдамамен жұмысқа тұруға келген мамандай. Әмір ойланып қалды.
Шындығында да, бұлар аздап рахатын көріп, оңды-солды шашып жүргендері болмаса түсіп жатқан ақшаның көзін тауып жұмсауды білмей жүрген жайлары бар сияқты. Бұлар әке-шешелеріне, бауырларына аздап қаржылай көмектесіп, шетелдік көлік мініп, қыз-қырқынмен қымбат мейрамханалар мен сауналарда сайран құрғандарына мәз болып жүр екен.
Бухгалтер кезінде институт бітірген дипломды қаржыгер. Талдықорғанның бір ірі мекемесінде «басбух» болып жүріп ірі сомада ақша жеп қойғаны үшін Ю. Андроповтың компартия басшылығына келіп жаппай қатаң тәртіп орнату науқаны кезінде алғаш сотталыпты. Одан соң қайта құру кезеңінде қайта атқа мініп, ірі бір қойманы меңгеріпті. Вагондап «жеген» сабазың жекешелендіру кезінде қайта құрықталып, сотталыпты. Одан кейін бірге жеген бір әкім сыбайласы жемқорлығы ашыла бастағанда бұны құрбан етіп ұстатып, бәрін осының мойнына іліп үшінші рет сотталған. Бірақ, көп отырмай еркіндікке шыққан беті екен.
Түйені түгімен жұтқан мынадай «маманның» өзін де алдап кетуі мүмкін екенін білсе де, Әмір оны уақытша қасында қалдырып көрмек болды. Екінші жағынан Кубадан келгені рас болса, алдай қоймас, деп сенді.
Бухгалтер бірден белсенділік танытып Әмірге ақшадан ақша туғызудың бірнеше жолдарын ұсынды. Оның бәрі де қызықтырғанымен бұл ең майдасынан, шығынды көп талап етпейтінінен бастауды жөн санады. Сөйтіп бұлар құрған шағын кәсіпорын қаланың бірнеше жерінен валюта айырбастау бекеттерін ашты. Айырбас бекеттері жұмысқа кірісер-кіріспестен оларға қорғаныш болғысы келгендер де жетті. Бұлар ондайларды орнына қойып, тәубесіне келтіріп, бұл бекеттердің қожайынының осал адам еместігін көрсетті. Бәрі осымен біткен шығар, деп көңілдері орныға бергенде «финанстық рэкеттер» жетті. Ондайлардың қалада ірі үш тобы бар болып шықты. Айырбас бекеті қалыпты жұмыс істеуі үшін, яғни шетел валютасын тиімді бағамен сатып алу үшін әлгілерге тиесілі төлемін төлеп тұру қажет екен. Әйтпесе, олар шетел валютасын сатып алатын барлық жолдарды бекітіп, қымбаттатып, қысымға алып, банкрот етіп жіберулері де мүмкін.
Әмір сыпайы киініп, сызылып қалған олардың мұндай бопсалауларына көнгісі келмеді. Мәселені басқаша шешіп, күш, қару қолданудан да тайынбақ емес еді. Бухгалтер оны тежеп, райынан қайтарып, финанстық мафияның мықтысымен келісімге келуге үгіттеді. Өйткені, олар үкімет пен құқық қорғау орындарымен тонның ішкі бауындай бірігіп кеткені сондай, бұларды жоқ қылып жіберулері де ықтимал екендігін түсіндірді.
Әмір басты көп қатырмай валюта саудасын біржолата қоймақ болған, бірақ Бухгалтері тағы да бұл істің пайдалылығын дәлелдеп, райынан қайтарды. Шынында да, көп ұзамай бұлар доллардың дәмін дұрыстап тата бастады. Бухгалтер келгенге дейін қолдарына ұстағандары көбінесе теңге еді, доллармен сирек жұмыс істейтін. Енді жігіттері түгелдей доллармен жүретін болды. Доллар Бухгалтер келгеннен кейін үйреншікті нәрсеге айналғандықтан жігіттері ойын-шыны аралас оны «Дядя Доллар» — Доллар көке» атап кетті. Сөйтіп біртіндеп оның Бухгалтер аты ұмытылып, «Доллар көке» атанды.
Сол «көкелері» келгелі бұлардың жағдайы жақсара бастады. Ол ортақ қаржыға біртіндеп иелік еткенімен, Әмірге қағаздарын әкеліп қаржы айналымы жөнінде кәдімгідей есеп беріп отырады. Стасқа қарасты деген үлкен бір қойманы сатып алу жөнінде ұсыныс айтып, сол қойманы жалға беру арқылы шаш-етектен пайда табамыз, деп қылқылдап қоймады. Ақыры «қойманы сатып алып, «екіжақты бухгалтериямен» үкіметке сездірмей күреп ақша табамыз», деп бұны тағы қомақты ақша шығаруға көндірді. Бәрін заңды түрде құжаттадым, деген Доллар көке қойманың бас меңгерушісі етіп бұрынғы әйелді қалдырды. Ол бұрынғы қожайынның кезінде де сол жұмысты атқарған екен, қойма жұмысын жетік біледі, оған қандай қожайынға жұмыс істесе де бәрібір, оны орнында қалдырудан біз ұтамыз, деп бұны иландырғандай болды.
Әмірдің көңіл түкпірінде бір күдік бас көтеріп келе жатты. Стастың адамдары пайдасы мол қоймасын неге сатты? Доллар көке неге меңгеруші әйел Сарадан айрылғысы келмейді? Әлде бұлар басқа бір зымияндық ойынды бастады ма? Мүмкін бұл екеуі «екіжақты» емес «үшжақты» бухгалтерия жүргізіп ортадан өздері майшелпекке бөгіп қалмақ па? Осындай нешетүрлі күдікті сұрақтар көңілін алаңдатқанымен Әмір ешкімге сыр бермеді. Оның үстіне Доллар көке келгелі бірнеше айдың ішінде бұлардың жиналып, шетінен жаратылып кетіп жатқан бос қаржылары айналысқа түсіп, жалпы есебін шығарғанда әжептеуір қомақтылана бастаған сияқты.
Әмір өзінің шоферлықтан басқа оқу оқымағанына өкінді. Өмірдің қай саласында да білімсіз, түсінігі жан-жақты болмаған адамға қиын екен. Есіне есеп пәнінен сабақ берген мұғалімі Тәкімнің сөзі түсті. Жоғарғы кластарға сабақ берген сол мұғалімі оқушылар сабақты білмей, немесе ұғып алуға құлықсыз болғанда біраз жекіріп ұрсып алып «Әй, миғұла! Сабақты нашар оқығандар қойшы болып та күн көріп жүр ғой, деп ойлайтын шығарсың. Сол қойшылар есеп-қисапты дұрыс білмегендіктен қаншама ақысы кетіп, көрінгенге жем болып жүргенін білмейсіңдер ғой, сендер. Әй, ең аяғы ұры-қары, қарақшыға да білім, оның ішінде математика әбден қажет. Әйтпесе, ол тонап алған асыл заты мен ақшасын қалай есептемек, соны неге ойламайсыңдар!? – деп шыж-быж болып, күйіп-пісетін. Мұғалімнің сол айтқандары рас болып шықты. Бүгінде бұл қолындағы ақшасын толық есептеп, қаншасы қайда, не үшін кетіп жатқанын, қаншасы қайдан, қалай көбейіп жатқанын біле бермейді. Сосын амал жоқ, басы істейтін біреулерге сенуге мәжбүр. Ертеңгі күні ол сенгені аузын аңқитып алдап кетсе де шарасыз, өйткені білімсіз.
Осылайша қаржы мәселесі миын қатырып, арты қалай болар екен, деп жүргенде көп ұзамай қоймасы тоналды. Екі кештің арасында бұның үйіне ентігіп жаушы жетті. Соның айтуынша ол қойма аузындағы қақпа күзетшісін ауыстыруға барса қойма ауласының қақпасы да, күзетшінің үйшігінің есігі де айқара ашық. Байлаулы жатқан күзетшінің аузына тығылған шүберекті алып, қолын шешкенде оның айтуынша бетперделі бірнеше жігіт тұтқиылдан басып кіріп, хабар беруге мұршасын келтірмей ұрып жығып, байлап тастапты. Күзетшіні ауыстыруға барған жігіт жаралыны тастай салып қоймаға жүгіріп жеткен. Әдетінше кешке дейін қоймада болатын бас қоймашы Сара да өз кеңсесінде байлаулы екен. Оның да аузына шүберек тығып, креслосына байлап кетіпті. Бұрышта тұратын үлкен шкаф-сейф төңкеріліп, аузы ашық жатыр. Байлаудан босатқан соң бас қоймашы мұны осында дереу хабарлауға жұмсапты. Машинамен жеткен беті осы екен, өйткені, күзетшінің рациясын да, Сараның телефонын да ұрылар алып кетіпті.
Әмір оның айтқандарын тыңдап болысымен әрқашанда қасында жүретін Диюге иек қақты. Бұлар қоймаға келгенде Бек бастаған жігіттері де осында екен. Сара көзінен сорасы ағып, бұның алдынан кемсеңдеп шығып болған жайды баяндады. Қасынан тоқтамай өтіп бара жатқан Әмірдің соңынан қалмай ілесе жүріп сөйлеп келеді. Сараның айтуынша қара бетперделі бірнеше адам мұның кеңсесіне кіріп келіп мұны байлап, телефонды сындырып, сейфтің кілтін талап еткен. Сейфтің кілтін мұның қалтасынан алып барлық жиналған қаржыны сыпырып алған. Бір клиенттің бүгін ғана қоймаға уақытша сақтауға түсірген бірнеше жүз жәшік армян конягін поддондарында тұрған жерінен өз машиналарына тиеп әкеткен. Ауладағы үлкен жүк машинасын қорабындағы жүгімен қоса айдап әкеткен. Ташкенттен күні кеше жеткізілген апельсинді де түк қалдырмай әкеткен.
Қарап тұрса, тонаушылар үлкен шығынға душар етіпті. Доллар көке кеше ғана үш күнге Талдықорғанға сұранып кеткен еді. Қақпадан қанша машина өткенін көрмегенімен күзетші жүк машиналарының гүрілін естігенін, ауладағы үш жүк машинасының екеуі жоқтығын айтты. Бірақ ешкім де тонаушылардың бірде-бірін сипаттай алмады, қарулары бар-жоғын да білмейді.
Әмір ұрланған екі жүк машинасының маркасы мен түр-түсін, нөмірлерін, басқа да ерекшеліктерін суреттеп беріп жігіттерін Алматыдан әр тарапқа шығатын жолдардың бәрімен қуғынға жіберді. Ол қуғыншылар реті келсе қаладан шыға берістегі МАИ бекеттерінен әлгіндей жүк машиналары туралы мәліметтер жинауы керек. Сол сияқты Алматыға кіріп келе жатқан автокөліктерді тоқтатып, солардың жүргізушілерінен қарсы бағытқа кетіп бара жатқан жоғарыдағыдай жүк машиналарын көрген-көрмегендерін сұрастыруды да тапсырды. Осылайша барлық бағыт бойынша жігіттері екі-үшеуден бөлініп іске кірісіп кетті.
Алғашқы екі-үш сағатта ондай жүк машиналарын көргендер болмады. Түн ортасы таянғанда Алматыға солтүстік жағынан келіп кірген жеңіл машинадағы қыз бен жігіт осыдан екі сағат бұрын Алматы — Қарағанды тас жолымен қарсы бағытқа қарай кетіп бара жатқан түсі бұлар сипаттағандай екі жүк машинасын кездестіргендерін айтты. Ол екі машина бұлар іздеген машиналар болғанның өзінде одан бері тағы төрт сағаттық жерге ұзап кеткенін ұқты. Енді оларға қуып жету қиын. Қарағандыға соқпай Екібастұз, Павлодар арқылы кетуі де мүмкін. Болмаса Жезқазған, Арқалық бағытына қарай бұрылып кетулері де ықтимал.
Әмірдің басы қатты, қандай шешім қабылдарын білмеді. Кейінгі кезде өзін де тобын да бір бәле айналдырып алғанын ерекше бір түйсігімен сезіне отырып, қойманы тонауға, мұның меншігіне қол сұғуға кімнің батылы барды екен, деп ойлады. Және бұның барлығының жәй сәйкестік, жәй жолсыздық емесін де түйсінді. «Әттең, білсем, кім болса да өз қолыммен атып өлтірер едім, қолым қалтырамас еді, әттең!» деп кіжіне күбірлеген ол жігіттерін кері қайтарды.
Доллар көкенің ұялы телефоны өшірулі, таптырмады. Заты ұрланған тауар иелеріне үш күннің ішінде не тауарын толық қайтаруға, не үстіне айыбын қосып ақшалай сомасын төлеуге уәде берді. Сол күндер ішінде жиналған барлық сомасына валюта айырбастағыштарын сатуға қойып, түскен қаржыны қосып ұрланған бүкіл жүктің құнын орнына келтірді. Бір тәуірі жүк пен машина иелері де өздері сияқты үкімет заңына, полиция қызметіне жүгінбейтіндер еді. Олар бір күнде барлық жиған-тергендерінен айрылған бұларды мүсіркей тұрып өздеріне тиесілі қаржыларын толық өндіріп алып жөндеріне кетті.
Сол күні Доллар көке де кештетіп жетті. Бұл қойма тоналғаннан кейінгі үшінші күннің кеші еді. Әмір барын төлеп құтылып, бірақ қаржыдан сымпиып отырған. Оларға төлемеуге болмайтын еді. Келісілген үш күнде үлгермесе «есептегіш» айналып, қарыз өсе бастайды. Өйткені, олардың артында Алматы мен Тәшкеннің ірі мафиялары тұрған. Алматыдағылардың арасында Стас та бар. Ол мафиялар үшін әлгі екі машина жүктің жоғалуы мүмкін шыбын шаққандай болмағанымен, Әмірдің жаңадан көтеріліп келе жатқан шағын тобы үшін соның өзі оңайға түспеді, ойсыратып кетті.
Жігіттердің біразы жүнжіп, кейбіреулері сырғақтауға де бейімделе бастағандай. Бірақ, бандыдағылардың бәрі де бұдан қатты қорқатын, сондықтан ешкім ашық әңгіме айта алмады. Бірақ, өз араларында күбір-сыбыр шыға бастағанын бұл сезді.
Сөйтіп жүргенде бұның тобындағы есірткі сатумен айналысатын жігіттердің бірі бір хабар әкелді. Оның өзінің тұрақты клиенттері болып жүрген екі-үш жас жігіттің өзара сөздерінен, олардың таяуда қойма тонауға қатысып, әжептеуір ақша тапқандары жөніндегі әңгімесін естіп қалыпты. Әмір мына хабарға әрі таңданып, әрі қатты ойланып қалды. «Сонда мені жас нашақор боқмұрындар тобы тонағаны ма? Мүмкін оларға қойманы тонауды ұйымдастырған біреулер бар шығар? Олар біреулердің тапсырысын орындаушылар болуы да мүмкін. Қалай болғанда да, әлгі екеуін алдырып анығына көз жеткізу керек» осы ойға бекіген ол жігіттерін сол нашақорларды тауып, ешкімге сездірмей осында әкелуді тапсырды.
Әмір ол екеуін біраз қысқаннан кейін-ақ, олар қойма тонауға қалай қатысқандарын айтып берді. Бұлардың «притондарына» таяуда сақал-мұрты қап-қара, өзі сарылау, көкшіл шүңірек көзді арықша кісі келіп бұлардың басшысы саналатын Жумамен сөйлескен көрінеді. Ол адам кетісімен Жума мен Гоша бұларды жинап алып оңай жерден ақша табуға ұсыныс түскенін айтады. Сонымен келісілген мерзімде бұлар екі машинамен қоймаға келіп, беттеріне бетперде киіп алып, жалғыз күзетшіні ұрып-соғып байлап тастайды, қоймашы әйелді де сөйтеді. Сосын сақалдымен жасалған келісімге сәйкес сейфтегі шамалы ақшаны тонап алып, оған екі жәшік мандарин мен бір жәшік арақты қосып машиналарына тиеп алып тайып тұрады. Атамандары қойма тонауға қатысқандардың әрқайсысына елу мың теңгеден үлестіріп, арақты бірге ішіпті. Содан кейін қарасақалдыны бұлар көрмеген, екеуінің білетіні осы ғана. Әлгі екеуінен Жума мен Гошаны қалай табуға болатыны біліп алып, босатып қоя берді.
Жума мен Гоша дегендер алғашқы екеуіндей емес қыңырлау болып шықты. Олар алғаш тіпті менсінбей, «Бізге түк те істей алмайсыңдар, көкелеріміз полицияда істейді, қажет болса өздеріңді жауып қоятын етеміз» деп шіренді. Бұрын солай талай жерден құтылып жүрген ол екеуі бұл жолы кімнің қолына түскенін әлі білмей тұр еді.
Әмір жиырмалардағы бұл екі жігітке сүзе қарап алды да қасындағы Бекке иек қақты. Ол жігіттерімен әкелері дөкей нашақорларды жертөлеге апарып қараңғы, сыз жерге қамап тастады. Ұялы телефондары мен бірнеше доза есірткілері мұның суырмасында жатыр. Бұл жігіттеріне нашақорлар өлердегі сөзін айтып есірткі сұрап әбден жалбарынған кезде өзіне әкелуді тапсырып кетіп қалды. Жігіттерінің анықтауынша Жума дегеннің әкесі полиция майоры, Гошаның әкесі әкімшілікте істейді екен. Бұлар Биса деген бозбаланың пәтерін нашақорлардың ұясына айналдырғанына бірнеше ай болыпты.
Мұны Әмірге көз алдары көгеріп, терлеп-тепшіп, қалшылдай-дірілдей отырып Жума мен Гоша жарыса айтып берді. Олар бір доза наша үшін бәріне де даяр еді. Бір-бір доза есірткіден соң екеуі қоймаға қалай шабуыл жасағандарын тәптіштеп тұрып айтып берді. Гоша бұлар қоймадан алыстай бергенде қойма қақпасынан екі жүк машинасының шығып келе жатқанын байқағанын да қосып қойды. Бұл екеуі қарасақалдыны қойма тонардағы әңгімеден бұрын да кейін де көрмепті.
Бұл екеуін екі күннен бері әке-шешелерінің іздемегеніне таң қалды. Тек бірнеше жігіт пен қыз бұлардың ұялы телефондарына шығып есірткі дозасын сұрады. Іздеушісі жоқ екеуінің көзін жойып жіберсе де боларын білгенімен табиғатында өте қажет жағдайда болмаса адам өлтіруді қаламайтын Әмір ұялы телефондарын қайтарып беріп, көздерін байлатып қаланың екінші шетіне апартып тастады.
Алты нашақорға үш жүз мыңдайын тонатып, өздері миллиондаған теңгесін қағып кеткендердің кімдер екенін Әмір таба алмай сарсаңға түсті. Сол қоймаға қатысты, күзетте болған өз жігіттерін сырттай бақылауға алуды сенімді адамдарына тапсырды. Ұры алыстан емес, өз араларынан шыққаны анық. Доллар көке мен бас қоймашы да бақылауға алынды.
Бұлардың тобындағы жігіттердің арасында өздерін сырттай аңду барын сезгендері де байқалды. Бұлай жалғаса берсе топтарындағы бір-біріне деген сенімсіздік, күдікшілдік бел алып кетуі мүмкін. Онда бұның тобы көп ұзамай ішінен іріп құриды, ыдырап кетеді, деген сөз. Енді аңдуды тоқтатуды ойлап жүргенде Доллар көкенің тонауға қатысы барлығы жөнінде мәлімет түсті. Оны аңдумен айналысқан Арқар көпке дейін ілік таба алмай жүрген. Бір таңданарлығы ол үйінде кабельді телефоны, қалтасында ұялы телефон бола тұра үйінен бір көшедей жердегі телефон-автоматтан келіп жиі сөйлесетінін байқаған Арқар кейінгі кезде өздерінде пайда болған жасырын тыңдау құралдарының бірі – шағын «қоңызшаны» әлгі автомат-телефонға қыстырады. Соның арқасында Доллар көкенің әлдекімдерге бұлардың қоймасын сыртынан сатпақ болып жүргенін, Сараға қоймадағы сақтауға қойылған жүктердің кейбірін жалған құжатпен басқа біреулерге артып беруді тапсырғанын біледі.
Әмір мұны білгенде жынданып кете жаздады. Доллар көкенің о бастан-ақ өзінің қаржы мәселесінде мақаулығын біліп, бүкіл жиған-тергенін сыпырып алуды ойлаған алаяқ екенін түсінгендей болды. Сара соның сыбайласы. Бірақ, бұл Кубаны қайдан біледі? Ертеңгі күні Куба түрмеден шыққан соң оны тауып аларын білмегені ме, сонда? Әлде одан да мықты біреуді арқаланып істеп жүр ме? Қандай оймен істесе де мұның тобын банкрот етіп, быт-шытын шығарып ыдыратуды, түгін қалдырмай тонап алуды ойластырған біреулер болды бұлар.
Доллар көкеге қарсы қандай әрекет жасауды ойластыруға кіріскен Әмір оның қойманы жалған құжаттармен бұған өтірік сатқанын, іс жүзінде бәрі бұрынғыша солардың өз иелігінде қалғанын анықтады. Қоймадағы сақтаулы тұрған жұрттың барлық нәрсесін жасырын сатып жіберіп Әмірді соларға қарыз етіп, ал қойманы басқа адамдарға сатып тайып кетпек болып жатқандары анықталды. Неше алуан алаяқтар талай «авторитеттердің» сеніміне кіріп сан соқтырып алдап кеткені туралы естіп жүр ғой, бірақ өзін дәл осылай жас баладай ашықтан-ашық алдап, тонап кетуге біреудің батылы барады, деп еш ойламапты.
Әмірдің қаны басына шапқанымен ешкімге сыр білдірмеді. Ең сенімді үш-төрт жігітін шақырып алып Доллар көкені бұлардан тығып қойған ақшасымен қоса қалай қолға түсіруді ойластырды. Ертесіне оны шақыртты. Доллар көке есіктен қипақтай келіп кірді.

Оңаша шақырғаным, әнеукүнгі ұсынысың не болды? Менің тапсырмамды не істедің? – деп сұраулы жүзбен қарады. Ол болса әлденеге қуанып кеткендей қутыңдап сөйлей жөнелді.

Әрине, Алматыда банк алу оңай емес, бірақ мен қала шетіне қарай орналасқан шағын банкті біраз зерттеп білдім. Онда ақша онша қомақты емес, есесіне күзеті әлсіз, полициядан жасырынып үлгеруге де уақыт жетеді. Ол жаңа банктің әзірге мықты «қорғаушысы» да жоқ, ең тиімді вариант. Жігіттерді осындай іске шығарайық деп жүргенім де осы ғой, — деп бұған қарады. Әмір  «Жігіттер тәжірибесіз, сенімді бірнеше жігітпен бұл іске өзім бармасам болмас», деп банк тонаудың жоспарын ақылдасты..

Келіскен күні Әмір жігіттерімен банк тонауға кетісімен Доллар көке қоймадағы Сараға телефон соғып, үйіне барып бір дипломатпен қайта шықты да үйреншікті телефон-автоматқа барып полицияны теріп «Пәлен банкті онбес минуттан соң қарулы топ тонайды, бұл анық мәлімет, қапы қалмаңдар» деп телефон тұтқасын орнына қойып, көңілі жайланғандай ширақ басып барып көлігіне мініп жүріп кетті. Машинасын қойманың ауласындағы Сараның кеңсесінің алдына жетіп бір-ақ тоқтатты да ішке кірді.
Креслода отырған адамды көргенде көзі бақырайып шошына артқа шегінді. Бірақ арқасына мылтықтың суық ұңғысы тірелгенде тоқтады. Бөлме ортасындағы креслода Әмір отыр еді шалқайып. Ол әлгінде жігіттерін алып банкке кеткенімен өздерінің жасырын жоспарына сай әрекет етіп, Доллар көкенің ізін баққан. Ол қоймадан кетісімен бұлар осында келіп Сараны қолға алған. Ол Доллар көкенің қазір қайтып келетінін айтып берген. Сонда да оның соңынан аңдуды жалғастырған. Ол  алдамапты, бір дипломат ақшамен тез оралды.
Доллар көке арқасына мылтық аузы батса да шалқайып Қара Әмірден бір тұтам болса да қашықтағысы келгендей тыпырлауда. Шегір көздері шатынап барып, дем жетпегендей алқымының түймесін ағытқан оның маңдайынан жіпсіп шыққан тер моншақтары жылтырап көрінді. Өзі қимылдаса құлап түсердей ыңғайсыз қалыпта тұрып қалды. Креслодағы Әмірге тіке қарауға дәті шыдамай, оның аяғының ұшына мөлиіп қарап тұр.
Әмір оған тесірейе қарап кірпік қақпай біраз отырды да «екеуін де машинаға салыңдар» деді. Иығы қушиып, сүмірейіп қалған Доллар көкені байлап-матап, байлаулы Сара екеуін сыртқа шығарды. Екі жеңіл машина зулаған қалпы қаланың шетіне шыға тас жолдан бұрылып Сорбұлақтың оңашалау жағалауына жетіп тоқтады. Байлаулы екеуін жүксалғыштан шығарып ауыздарындағы шүберектерін алып қатар тұрғызды. Ымырт үйіріліп көз байлана бастаған кездегі сасық көлшіктің ұсқыны сұсты, бір суықтық сезіледі.
Әмір асықпай әлгілердің қасына келді. Сара самбырлап көзінен жасы сорғалай:
— Мынау, осы кінәлі бәріне. Кешір мені, Стас пен мына қақбастың арбауына алданып қалдым. Бұлар мені қорқытты, әйтпесе менің бұл іске еш қатысым жоқ. Мынаның бұйрығын орындаушы ғанамын, кешір. Кешіре гөр, жанымды өзіме қия гөр, өлтірмеші-і-і м-е-н-і… – деп сөзінің соңын аяқтамай еңіреп тізерлей кетті. Аяғының астында бүкшиіп еңіреген әйелге көңіл бөлместен Доллар көкеге қабағын түйе қараған Әмір «Сен не айтасың?» деді тістене сөйлеп, өзін-өзі әзер ұстап.

Құдай біледі, мен емес бұл былықты бастаған. Былтыр мейрамханада «Мишуляны» сабаған сендер екендеріңді артынан Стас ақыры білген. Ол шу жасамай, басқа әдіспен жазалау үшін тобыңа бізді жіберді. Стас жаңадан пайда болған топтарды арасына адамын жіберіп, біртіндеп өзіне кіріптар етіп алады, не ыдыратып, тонап тоз-тоздарын шығаруға күш салады. Сені тонаушы да сол, мен жәй ғана орындаушымын, ол үшін алар үлесім де болмашы, — деді Доллар көке мүләйімсіп.

Болмашы үлесің бір дипломат ақша болса, аз екен. Ал қойма Стастікі деп едің, сенің атыңда екен ғой, әрі маған өтірік сатыпсың, әлі күнге дейін заң бойынша сенің атыңда.

Қойманың шын қожайыны Стас, мен «көзалдаушымын». Егер тірі қалдырсаң бір сағаттың ішінде сол қойманы сенің атыңа, не қалаған адамыңның атына аударып берейін.
Онсыз да қойманы өздеріне заңды түрде аударып алған соң ғана өлтіруді ойластырып тұрған Әмір «Доллар көкені көлікке отырғызыңдар, Сараны Сорбұлаққа батырыңдар» деді. Жігіттері Сараны өлтіріп, мойнына тас байлап сасық көлге батырды. Машинада осыны көріп отырған Доллар көке қалш-қалш етеді. Ол мана қоймада Әмірдің түтіккен түрін көргенде-ақ өлген екенмін деп ойлаған. Бірақ енді жанын сол қоймасына айырбастап алып қаларлық үміт пайда болды. Екінші жағынан қойманы алып алған соң өлтіріп тастаулары да мүмкін. Бірақ, бірер күнде Стас мұны іздей бастауға тиіс Үмітсіз шайтан, соңғы мүмкіндікке дейін пайдаланып қалуы керек, тірі қалар, кім біледі.
Ертесіне қойманы сату-сатып алу мәселесін толық бітіріп, жігіттеріне қойманы басқа біреулерге тез сатуды тапсырған Әмір «Доллар көке мен қоймашыны сұрағандар болса басшыларымызбен бірге кеткен, қашан ораларын білмейміз, деңдер» деді де машинамен кешегі бағытқа бет алды. Доллар көке «екі кештің арасында қайда апармақ?» деп елегзи бастады. Алда отырған Әмір оған бұрылмастан жайбарақат үнмен:

Стастың апартаменті қайда? – деді. Үміт оты қайта тұтанғандай болған Доллар көке бәрін тәптіштеп айтып берді де машина рөліндегі Диюға қарады. Мен айтқан адреске қарай бұршы машинаны, дегендей жалынышты көзқарас еді онысы. Дию қасындағы басшысына қарады.

Алдымен Сорбұлаққа тарт, мынаны Сарасына табыстырайық, — деді Әмір. Қазақша айтылған сөзден «Сорбұлақ пен Сараны» ұққан Доллар көке ышқынып кетті. Бірақ екі жағындағы Бек пен Арқар тырп еткізбеді. Көзі алиып, бет-жүзі долырып көгеріп, тамырлары білеуленіп кеткен ол тыпырлай берді. Үрейден бе, шарасыздықтың ызасынан ба, сөйлей алмай қырылдап, бұлқынумен болды. Сасық көлшіктің басына келген соң машинадан түсірісімен тұра қашты. Бек екі аттатпай аяғынан қағып қалып жалпасынан түсірді. Етпетінен құлаған ол қимылсыз сәл жатып сосын екі иығы бүлкілдеп, қорсылдағандай дыбыс шығарып, еңкілдеп жылады. Серіктерінің қай-қайсы да бұйрық берсе ананы өлтірерін біліп тұрса да Әмір өзі қойнынан дыбыс тұншықтырғышы бар пистолетті суырып алып, бетімен жер сүзе өзіне қарай еңбектеп келе жатқан Доллар көкені атып салды. Басынан тиген оқтан «селк» еткендей серпіліп барып қимылсыз қалды. Өзі де, жігіттері де сонша жерден келгенде бәрі осылай тез біте қалғанына ыңғайсызданғандай үнсіз көлікке мінді.
Бұлар қалаға оралып үйге таянғанда Қара Әмірдің жүрегі әлденеге «зырқ» ете қалды. Бір жамандықты сезгендей жүрегі шаншып өткен ол анадайдан көрінген екі қабат үйінің екінші қабатындағы кабинетінде шам жарығы жылт еткенін байқап қалып көлікті тоқтатты. Бұл жоқта ол бөлмеге ешкім кірмейтін, оның үстіне Айнаш бірнеше күнге ауылына қыдырып кеткен. Сонда бұның бөлмесіндегі кім? Стастың «гориллалары» шынымен-ақ келіп жеткені ме? Мұның күзеттегі жігіттерін қырып салып, үйдің астан-кестеңін шығарып жатқаны ма? Доллар көке мен Сара Стастың атын жамылып бір дипломат ақшамен мұның аузын ұрып бір жағына тайып тұрмақ болған болар деген ой қате сияқты. Олар шынымен-ақ Стастың тапсырмасын орындаушылар болды. Ол екеуі бүгін кешке дейін оралмаған соң, Стас бұның үйіне баскесерлерін жіберген тәрізді. Енді не істеу керек?
Жігіттерімен қысқа ғана кеңесіп, қаруларын ыңғайлап алып басқа көше жағынан үйге жақындады. Аулада бөтен джип тұр, оның руліндегіні Дию артынан келіп мойнын бұрап үнін өшірді. Бірінші қабатта мұның екі жігітінің қанға малшынған денесі жатыр. Шабуылды күтпей, бейқам отырғанда атып өлтірген сияқты. Үшінші жігіті қақпаны ашуға барып, сол жерде жан тапсырған болар.
Әмір серіктерімен ымдаса түсінісіп, бәрі сақ басып баяу екінші қабатқа көтеріліп келе жатыр. Екінші қабатқа жеткен кезде дәл алдынан, бүйірдегі әжетхана есігінен еңгезердей біреу шыға келді.

Бұл дыбыссыз пистолетімен басын көздеп атып қалды. Оның басы кегжең етіп теңселіп тұрды да бұған қарай қисая берді. Бұл өлі денені құшақтай алып  ақырын ғана жерге жатқызды. Сосын шамы жанып тұрған екі бөлмеге екіден бөлініп бір мезетте лап қойды.
Бұл Дию екеуі кірген бетте іштегі жалғыз адамға бассалып, екі-үш соққымен сұлатып салды. Көрші бөлмеге шабуылдаған Бек пен Арқар есікке таяу тұрғанын соғып құлатқанымен төр жақтағысын атуға мәжбүр болды. Оны кеуде тұсынан атқан Бектің пистолетінде дыбыс тұншықтырғыш жоқ еді, оқтың даусы ауаны қақ жарып «шаңқ» ете қалды. Қолға түскен екеудің қолын байлап бірінші қабатқа түсіріп жауап ала бастады. Арқар мен Бек сыртқы қақпаны жауып, күзетуге тысқа кетті де, бұлар әлгілерді қанша қинап-соққандарымен олар қасарысып мандытып жауап бермеді. Қайта арасында бұларға тістене айбат шегіп, қоқан-лоққы көрсеткісі келді. Шикіл сарысы:
-Фраерлер, сендерге хана, кімге қарсы шығып, кімнің жігіттерін өлтіргендеріңді білесіңдер ме? Бітті, Альфа сендерді жерге кіріп кетсеңдер де табады. Сосын, ой, аяусыз жазалайды, ой, қинайды-ау, қинайды, — деп өзі аузындағы қанын сынған тісімен қоса түкіріп жатыр.
Әмір бұлардың Стастың майындағылардың емес, тікелей өзінің «баскесерлері» екенін түсінді. Альфа деген Стастың баскесерлерінің басшысы екенін бұл біледі. Ол КСРО-ның «Альфа» аталатын арнаулы отрядында қызмет еткен, Ауғанстан үкіметін төңкеріп Наджибулланы өкімет басына әкелуге қатысқан жалдамалы баскесердің бірі болған деп естіген. Стастың ең мықты тобымен бетпе-бет келгенін, шегінер жол жоғын бұл түсінді. Енді қалғаны осы бетпен барып Стастың өзіне бассалу ғана. Осылай жасамаса ертең күн шыққан соң бұларға өмір жоқ. Тіпті ертеңгі кештің батуын күтпей тал түсте-ақ оның құтырынған баскесерлері бұларды тауып алып о дүниеге аттандыруы мүмкін. Бәрін тастап қашқанымен қайдан да болса Альфа бастаған топ тауып алып ажал қаптыруға тырысары анық. Сондықтан неде болса Стастың өзіне қапылыста бассалу, бүгін түнде көзін жою, сонда ғана бұлар аман қалуы мүмкін.Әмір бүгін түнде өзінің де тобының да тағдыры шешілерін білді. Өйткені Алматыдағы ірі де зымиян топ бұның бұдан әрі көтерілуіне жол бермес еді. Ол Доллар көке арқылы бұның тобын жоймақ болды, онысы іске аспаған соң ашық жоюға кірісті. Міне, басталған қантөгісте бұл үш жігітінен айрылып, Стастың бірнеше жігітін өлтіргелі отыр. Адам өлтіру оңай емес, бірақ тірі қалу үшін қарсыласыңды адам деп емес ажал деп қабылдайсың. Ал алдыңнан тіке шыққан ажалдан аман қалудың жалғыз жолы оны жою ғана. Мына еденде тізерлеп отырған екеу де бұлардың ажалы болып келгендер. Қолдарына қару тисе еш ойланбастан бұларды атып салатындар. Ендеше ажалың осылардан екенін біліп тұрып оларды өлтірмеу өзіңе өлім жазасын кесумен парапар.

Мыналардың көзін жойып Стастың өзіне тартамыз, бүгін қимылдап қалмасақ шынымен де ертең бізге «хана» болуы әбден мүмкін, — деген ол Диюге қарады. Ол шикіл сарының басын екі қолымен орай ұстап шалт бұрап қалды, бытыр етіп жұлыны үзілген оның басы бұратыла денесі еденге былқ етіп құлады. Екіншісі жанталаса бұлқына бергенде Әмір дыбыссыз пистолетімен жүрек тұсынан атып салды.

Ажалдарының көзін жойған соң бұлар қаланың тау жақ бетіне қарай тартты. Жолшыбай тұтқиылдан бассалып қалайда Стастың көзін жоюға, егер қарсылыққа кездесіп ойларын орындай алмаса бір-біріне қарайламай аман құтылуға тырысулары, құтылғандар ертеңнен бастап үш күн бойы Алматы-Бішкек трассасы бойындағы Аюлы шәйханасында бір-бірін күтулері керек. Қалада қалуға болмайды, ал Аюлыда жолаушы көп тоқтайтындықтан, ары-бері ағылған көпшіліктің арасында екі-үш күн елеусіз қалуға болады. Осылайша уағдаласқан қылмыс әлемінде онша аттары да белгілі емес, шағын ғана топтың төрт жанкешті жігіті қылмыскерлер арасында үлкен авторитет саналатын Стасқа қарсы шығып, оның көзін жоюға тәуекел етіп бара жатыр. Олардың ойы орындалса Алматыдағы қылмыскерлер әлемінде көптеген өзгеріс болып, қала территориясының қылмыстық картасы қайта сызылып, ықпал ету аймағын қайта бөлісу басталмақ. Бірақ бүгінгі түнгі айқас қалай өрбісе де ол бөліске бұл төртеуі қатыса алмайды.

Стастың үйінен алысырақ жерге жетіп тоқтаған соң «Бүгін осы топты құрған төртеуміз сын сағатта тұрмыз. Қазір біреуміз мына машинамен кері қайтып қалған жігіттерді сақтандырып, ісімізді жалғастыруға мүмкіндік туғанша ортақ қаржыға ие болуы керек. Тірі қалсақ шу басылған соң соның қасына қайта жиналамыз. Мен ішіміздегі ең іскеріміз, әрі қылмыс әлемінде көріне қоймаған Бекті ұйғарып отырмын, соның қолынан келеді, бұл тірлік», деп серіктеріне қарады. Бек бұның өзін ұсынбақ еді, қалған екеуі «Біз Әмірдің ұйғарымын құптаймыз» десті. Бекке Айнашпен сөйлесіп, оны сырттай қорғап жүруді, жігіттердің де қаладан кетіп, не бұғып қала тұруы керектігін айтқан Әмір Дию мен Арқарды ертіп Стастың оқшаулау, биік қоршаулы екі қабатты атшаптырым аулалы үйіне қарай беттеді.
Бұлар сырт жағынан айналып келіп саңылаудан ауланы қарады. Таяу тұста иттің үйшігі бар екен. Одан шыққан тайыншадай тік құлақ ит сезіп қалғандай құлағын жымпитып, бұлар жаққа бұрылды. Әмір шарбақтың саңлауы арқылы қаруын сұқты да екі мәрте атты. Иттың басы кегжең етіп, қисалаңдай құлап, қимылсыз қалды.
Бұлар ішке өтті. Екінші қабаттағы бір терезеден күңгірт қана жарық байқалады, ауланың арғы басындағы үйшіктен де жарық көрінеді. Арқар автоматымен үйдің кіреберісінде қалды да бұлар сақтана басып бірінші қабаттағы барлық бөлмені сүзіп шықты, ешкім жоқ. Екінші қабаттағы бөлмелердің бірінен Стасты тапты. Криминал әлемімен де, құқық қорғаушылармен де өз адамындай байланысы бар, әрі авторитеттерге ықпалды болғандықтан болар ол өзінің үйіне біреу басып кіріп қастандық жасауы мүмкін, деп мүлде ойламайтын сияқты. Аулаға сырттан кірер үйшіктен басқа жерге күзет те қоймапты.
Есіктен кірген еңгезердей екі жігітті көрген Стас орнынан көтеріле берді. Қара Әмір дыбыс тұншықтырғышы бар пистолетін кезеніп «Артық қимыл жасама, ескертусіз атамын!» деді. Оның жанындағы әйел қорыққаннан тілі байланып қалғандай, көзі бақырайып қимылсыз жатыр. Стас өзіне-өзі келіп:
Альфа бастаған жігіттер жаңа ғана сенің үйіңе кетті. Бес минуттан соң олар қанды қырғынды салады. Оның алдында барған жігіттер ендігі адамдарыңды қырып салмаған болса…

Алдыңғы тобың түгел о дүниеге аттанды, сен де солардың соңынан аттанасың.

«Қара Әмір» сен үлкен қателік жасағалы тұрсың. Ертең опық жейсің, бірақ кеш болады. Тыңда, Мен Альфаны кейін қайтарайын, сен де қайт. Бұған дейінгінің бәрі ұмытылсын, қала үлкен, әркім өз бетінше тіршілігін жасасын. Қажет етсең қамқоршың болайын, екеуміздің де жоғалтарымыз бар, сондықтан қызбаланба, қашанда келісуге болады. Мені өлтіру өзіңді өлтіру екенін ұмытпа, ойлан, — деген Стас бұған сыр тарта қарады.

Бәрін бастаған өзің. «Бухгалтеріңді» жіберіп тыныш жатқан жыланның құйрығын бастың, енді кеш, — деді де қаруын көтере беріп шүріппені басып қалды. Дию баж ете қалған әйелге жүгіріп барып еді, ол аузын өз қолымен жауып көзін жұма қойды. Қаракөлеңке бөлмеде бұларды дұрыстап шырамыта қоймаған болар деген оймен Диюге қарап басын шайқады, «өлтірмей-ақ қой» дегені. Сол сәтте Стастың ұялы телефоны шырылдады, бұл алып құлағына тосты. «Шеф, мұнда қанды қырғын болыпты, «Бухгалтер» жоқ…» деп келе жатқан қарлығыңқы дауысты бөліп жіберген Әмір:

Оны Сорбұлақтан ізде, — деп телефонды тастай салды да есікке беттеді. Екінші қабатқа түсе бергенде автомат үні сатырлай жөнелді.Үйшіктен шығып үйге қарай жүгірген екеуді атып жатқан Арқар екен. Сөйткенше аула қақпасы ашылды да ішке джип кірді Одан оқ ата түскендер бұларды үйден шығармауға әрекет етуде. Бұл әрине Альфаның жігіттері емес жақын жерден жеткен басқа біреулері. Сондықтан бұлар атыса жүріп үйдің артқы тау жақ бетіне шегінді.

Биік шарбақтан Арқар мен Дию секіріп үлгерді де олардың секіруіне мүмкіндік ашып жаудың басын көтертпей тұрған Әмірдің өзі үлгермей қалды. Өйткені, оқ тіпті борап кетті. Жылдам жан-жағына қараған ол иттің үйшігіне қойып кетті. Іле-шала үйдің бұрышынан автоматты екі адам жүгіріп шығып шарбақтан асыра оқ атып «Иттер, сыртқа секіріп үлгерді, қақпадан айналып шығып ізіне түсу керек» деп аула қақпасына қарай ұмтылды.
Дәл қақпа аузында қарсы келген автомашинадан Альфа түсті де әлгі екеуімен бір-екі ауыз сөйлесіп «Ізіне түсіңдер, маған өлі не тірі күйінде тауып әкеліңдер» деп үйге қарай беттеді. Бес-алты жігіт үйдің тау жағына қарай тапырлай жүгіріп кетті. Көп ұзамай ол жақтан атылған мылтық дауыстары естіліп, біртіндеп қашықтай берді. Әмір үйге жалғыз кіріп кеткен Альфаның артынан барып көзін жойғысы келді, бірақ оған жүрегі дауаламай үйшіктен шығып шарбаққа беттегенде үйден Альфа шығып қалды. Бұл сасқаны ма өзін байқай қоймаған оны қалай атып жібергенін өзі де аңғармай қалды. Жантая құлаған оған қарай тағы бір-екі оқ атты да шарбаққа жандәрмен бұқпантайлай ұмтылды. Артынан атылып жатқан оқтан жалтара шарбаққа жетті де аунай секіріп сырт жағына құлады. Шынтағы тасқа тиіп оңбай қалды, пистолеті де қолынан ұшып кетті. Орнынан тұра сала ештеңеге қарамастан тауды қиялай бар пәрменімен жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып оң аяғының сыздап ауырып келе жатқанын сезді. Бірақ тоқтауға болмайды, өйткені, төменде қала жақтан келетін жолмен дабылдатып келе жатқан милиция машиналарының дауысы естілді.
Тау бөктерімен, тастардың арасымен тоқтамай жүгірген ол таң бозара бастағанда ғана үлкен бір аршаның түбіне келіп етпеттей құлады. Өкпесі өшіп, жүрегі дүрсілдей соққаны сонша бүкіл тау баурайына жаңғырып естіліп жатқандай. Өнбойы әбден қызынып, ентігін баса алмай біраз жатты. Әлден соң тұрып отырып балағын түріп аяғын қарап еді, балтыр етін оқ тесіп өтіпті. Жеңіл шолақ күрткесін шешіп жұқа жемпірінің бір жеңін жыртып алып, жараланған жерін сүртіп, мықтап таңып тастады. Аяғының солқылдағаны басылып, тәуір болып қалды. Төменде тұманға оранып Алматы жатыр. Бұл өзі тұрған тұс Ұзынағашқа шығар жақ екенін байқады. Әлі де тау баурайымен жүріп отырып елдің көзіне түспей қаладан қашықтай беру керек.
Ол тау соқпағымен жүріп келе жатып «Дию мен Арқардың халі не болды екен? Қуғыншылардан құтылды ма, әлде милицияның қолына түсті ме? Альфа ше? Ажал тапты ма, тірі қалды ма? Тірі қалса да жараланғаны анық, құлағанын өзі көрді ғой. Жігіттері не болды екен, аман құтыла алды ма, ажал тапты ма екен?» деп ойлады. Өзі шаршап-шалдығып, ұйқы қысып келе жатқанда осындай ойлар санасына тыным бермеген Әмір үшін соңғы бірнеше күн өң мен түстің арасындағыдай түсініксіз болып кетті.
Стасқа ашық қарсы шығып, бірер тәулік ішінде, оның бірнеше бандысын ғана емес өзін де осылай өлтіремін деген тіпті түсіне кірмеген нәрсе. Осыдан үш-төрт күн бұрын біреу «Басыңнан осындай оқиға өтеді. Бір күнде бірнеше адамның ажалына айналып, аты-шулы Стасты өз қолыңмен атып өлтіресің, одан қалса өстіп тау кезіп кетесің» деп айтса сенбек түгілі оны айтқан адамның есі дұрыс емес дер еді. Бірақ баяғыда «ворлық» өмір сүруге бекінгенде күндердің күнінде осындай қанды оқиғаларға кездесерін білмеді ме, сезбеді ме, сезген. Сезіп тұрып, пендешілікпен «құдай сақтар, ондайдың бәрі мені айналып өтер» деп ойлаған. Сөйтсе, бұл таңдаған өмір жолында кездейсоқтықтың көптігі соншалықты бұны былай қойып, Стас сияқты беделділердің өзін құдай сақтай бермейді екен.
Аузын айға білеген сол Стасты өз қолымен атып жанын жаһаннамға жіберген жоқ па бұл. Ия, бүгін түнде ғана оны өлтірді ғой. Оны өлтіру соншалықты оңай болар деп ойламап еді. Бірақ бүгін Алматының құқық қорғаушылары дабылмен көтеріліп криминал әлемінің ойран-ботқасын шығарып жатыр. Былтыр екі қылмыстық топтың мейрамханада басталып, Абай даңғылында жалғасқан атысында екі-үш адам өлген оқиғаның өзінде криминал әлімін қатты қысқан еді, ал бір түнде оншақты адам, оның ішінде ірі «авторитет» қоса өлген мынадай оқиғадан кейін ешкімді де аямас. Енді қылмыс әлеміндегілердің екі аяғын бір етікке тыққандай етіп  қатты қысатын болды.
Талай жігіттер Стастың маңдайына оқ қадаған бұған сырттай алғыс айтары анық. Қаланы қара бұлттай басып-жаншып алған албастыдан құтқару дегенің бағалауға тұрарлық іс. Бұрын Стастың шырмауынан қорыққаннан шыға алмай жүргендер енді өз бетінше бөлек-бөлек топтарға бөлінеді. Солар қаладағы криминалдық қайта бөліске қатысатындар, ал бұның тобы ол бөліске қатыса алмайды. Мұны қылмыс әлемі де, милиция да қатыстыра қоймайды. Оның үстіне Стастың кегін қайтарушылар да табылуы мүмкін, ал Альфа тірі қалса бұған тіпті қиын тиері анық. Сондықтан уақытша болса да қарасын батырғаны дұрыс.
Осындай ойлармен болған ол күн батқанша біраз жер жүріп тастады. Шаршағанына мойынсұнбай алға жүргенімен ішегі шұрылдап қарны ашқаны қинап келеді. Кездескен жеміс-жидекті талғажу еткенімен оған қарны қанағаттанбады. Төменге тау етегіне түсіп, сонау шамдары самаладай жарқыраған үйлердің біріне қонып шықса ма? Әлде жылыну үшін жүгірсе ме екен? Оң аяғы аздап ауырғанымен жүгіруге кедергі келтірмейді. Қарны ашқаны мен шаршағаны әлсіретіп жүгіруге құлқы болмады. Ол биіктеу тастың үстінде тұрып айналасын шолды. Есіне Созақтың Қаратауындағы арқар түсті. Ол да дәл қазіргі бұл сияқты тастың ұшар басында қасқайып, айналасын асықпай шолып тұрып еді-ау. Сәбең аңшы сол арқарды ақыры атып алды ма екен…
Әмір төмендегі шағын ауылдан шыққан тас жол Алматы-Бішкек трассасына барып қосылатынын арлы-берлі өтіп жатқан автокөліктердің жарығынан аңғарды. Ауылға төмен түскісі келіп кеткенімен, басын сілкіп ол ойды миынан шығарғандай бұрылып, соқпақпен жылдам басып жүріп кетті. Өзіне-өзі кіжіне «Төменге түсіп жылы жерде жатпағын қара мұның, жатарсың, таңдап алған жолың осы жол еді ғой, жүгір енді безіп, жүгір!» деп жеңіл жүгіре басып келеді. Айдың жарығымен түн ортасына дейін жүріп отырды, шаршай бастаса аз тынығып қайта жүреді.
Кенет «ырр!» еткендей дауыспен қатар өзіне қарай атылған алпамсадай бірдеңені байқап қалды да жалт бұрыла еңкейді. Жыртқыш бұның бойынан асып бара жатып арқа тұсынан сояудай тырнақтарымен іле кетті де, бұл да оның соңынан ойға қарай домалады. Бірнеше аунап, домалап барып аяқтары аспанға қарай көтеріліп, шалқалап жатқан қасқырдың құшағына құлады. Жалма-жан жыртқышты алқымынан ала түсті. Екеуі төмен сырғып бара жатып та бұл қасқырдың алқымынан айрылмай сығымдай берді. Алыса аунаған олар ақыры шағын бір қойтасқа тіреліп тоқтады.
Бұл қос қолдап қасқырдың алқымын сығып буындыра берді. Тістері ақсия аузын ашып бұған қарай мойнын созып ұмсынған қалпы қасқыр қырылдап барып сұлқ түсті. Денесі былқ-сылқ етіп босап, қимылсыз қалған қасқырдың алқымынан қолдарын босата алмай біраз әуреленді, саусақтары қарысып қалыпты.
Зорға дегенде қолдарын босатып алып, жеңінің сыртымен маңдайының терін сылып тастады. Әлгінде ғана жаурап келе жатқандай еді, арланмен алысамын деп қара терге түсіпті. Жаны олжа, тауда мынадай тағы жыртқыштың күтпеген шабуылынан аман қалып қана қоймай, оның жанын жаһаннамға жіберді.
Алдында аузы арандай ашылып, тістері ақсиып жатқан қасқырға қарап отырған ол кенет орнынан атып тұрып артқы қалтасынан пышағын суырып алды. Сосын мал бауыздағандай қасқырдың алқымынан орып жіберді. Жаны толық шығып үлгермеген жыртқыш соңғы тұяқ серпу сияқты бір созылып, бүкіл денесі дір еткендей болды. Қаны әлі ыстық екен. Алқымынан төмен қарай терісін іреп келіп кеуде тұсынан жарып жіберіп өкпе-бауырын қолқасымен суырып алды. Одан соң әлі ып-ыстық жүрегін жұлып алып, ыстық қанын қылғытып жұтып-жұтып, жұдырықтай жүректің орта тұсынан қарш-қарш тістелеп, қомағайлана шайнаңдап жұтып жіберді де қалғанын анадай жерге лақтыра салды.
Қан ішіп, қасқыр жүрегін жегеннен өз жүрегі сәл лоблығандай болып еді, жұтынып, мойнын созып қойды. Жасыл шөпке қолының, аузының қанын сүрткілеп орнынан көтерілді. Өткенде Созаққа барғанда Бекұлы деген ақсақал «Бұл нар қамыстарда бертінге дейін жолбарыс мекендеген» деп айтып берген әңгімесі бұған қатты әсер еткен.
Ертеректе Шу өзенінің бойындағы түйелі адам көрінбейтін қалың қамыста көптеген жабайы аң, жолбарыс та мекендепті. Ауылдың бір жігіті екі серігімен қамыс арасына қабанға қақпан құруға шығады. Алға ұзаңқырап кеткен жылқышы жігіт жолбарысқа кездесіп қалады. Бетпе-бет жолыққан жыртқышпен тайсалмай алыса кеткен ол ұзақ айқасып, өзі де әбден жараланып, әлсіреген кезде ақыры жолбарыстың жүрек тұсынан кездігімен пышақтап өлтіреді. Жолбарыстың жүрегін ойып алып ыстық қанын сорғалата асап жатқанда екі серігі жетіп, көріпті. Ол екеуі жолбарысты жеңген жігітті сол жолбарыстың терісіне орап ауылға жеткізіпті.Содан жолбарыстың жүрегін жеген жігіт бұрынғысынан да жүректі, батыл, батыр болыпты. Осыдан елу жылдай ғана бұрын болған сол оқиғадан соң ауылдастары әлгі жігітті Жолбарыс атап кетіпті. Ауыл иттері оны көргенде қыңсылап, құйрықтарын бұтына қысып алып, тайқып кетеді екен. Кейін ұлдары да шетінен жүректі болып өсіпті. Әлгі жолбарыстың терісі оның кенже баласының үйінің төрінде күні бүгінге дейін ілулі тұрған көрінеді.
Қасқырдың қанын ішіп, жүрегін жегенде Қара Әмірдің есіне осы әңгіме түсіп еді. «Мүмкін мен де нағыз көкбөрі, қасқыр тектес мінезді болармын, ұрпақтарым көкжал текті болып өсер болашақта, осал болмас» деп ойлады ол. Есіне Айнаш түсті. Аласапыран басталғалы екінші күнге айналды, олардың жағдайы не болып жатыр екен? Биыл Айнашқа үйленемін бе, деген ой да айналдыра бастағандай еді, енді онысы әзір орындала қоймас. Бір жағы өстіп жүргенде өліп кетсе ұрпақсыз өтуі мүмкін ғой, екінші жағынан үйленіп үйкішік болудан әзір қашқақтайтыны бар. Бек не істеп жатыр екен? Айнашты, басқа жігіттерді сақтандырып үлгерді ме? Бек қылмыскерлер арасында көрінбегендіктен оған қауіп аз, Айнаш мұның жанында жүріп біраз көрініп қалды, оған ісін жеңгесіне тапсырып, ауылына кетіп бой тасаламаса болмайды.
Таудың түнгі салқын ауасынан жаурай бастаған ол жүрісін жеделдете түсті.
Шөмеленің ішін үңгіп ұйқыға бас ұрған Әмір әлдебір сыбдырдан оянып кетті. Қатты қалжырағандықтан болар көзі ашылар емес, өзін қинап зорға дегенде көздерін сығырайта ашты-ау. Шөптің арасынан сығалай қараған ол шөмеле шөбін ұзын тілімен орай тартып, пысылдай күйсеп тұрған қара ала сиырдың сұлбасын көрді. Сәл жатқан соң абайлап шөмеледен шығып үсті-басын жөнге келтіруге кірісті.
Төменіректе тастан-тасқа соғыла сарылдап шағын тау өзені ағып жатыр. Бұл шешініп суға жақсылап жуынып алды. Салқын су бірден сергітіп жіберді. Киімдерін де қағып-сілкіп, сүртіп тазалады. Ол кішкентай көпіршеден өтіп ұзыннан ұзақ созыла орналасқан шағын ауылға қарай нық басып кірді.
Бір сағатқа жетпей сол шағын ауылдан шыққан көнелеу көк «Жигули» автокөлігі Алматы — Бішкек трассасын бетке алып зымырап бара жатты. Машинада жүргізушінің қасында бір ғана жолаушы, Әмір бар. Ол мына таксишімен екі есе ақысын төлейтін болып Аюлы шәйханасына жеткізіп салуға келіскен.
Сәскеде олар межелі жерге жетті. Мұнда бір-бірімен жалғасыра салынған бірнеше ақ кірпішті барақ тектес үйлер, одан беріректе бес-алты киіз үй тігілген. Оншақты ірі жүк машиналары, жеті-сегіз алыс рейстің автобустары, көптеген жеңіл машиналар көлік тұрақтарында тізіліп тұр. Арлы-берлі өтіп жатқан көлік те көп. Жол жиегінде дәмхана, сусын, басқа да көр-жер сатып тұрғандар мен олардан сауда жасап жатқандар жеткілікті. Таксишімен есептескен соң, шеткі киіз үйге кіріп тамақ ішіп отырып, есіктен сыртты бағдарлап байқаумен болды. Сосын сыртқа шығып былайырақ барып, жайдақ сәкілердің біріне отырып темекі шекті. Жігіттерінің екі күнде келісілген жерге жетпегеніне алаңдап отыр. Бірдемеге ұрынып қалды ма, әлде өзі сияқты тау-таспен жаяулап-жалпылап жете алмай келе жатыр ма екен? Мүмкін бұрын келіп мына үйлердің бірінде жасырынып жатқан болар?! Жеткені жаңа ғана ғой, кешке дейін жолығар әлі жігіттеріне. Ең бастысы, енді бірдемеге ұрынып қалмай солармен жолығу.
Қас қарайып қалса да қараң-құраң адам, арлы-берлі ағылған көлік пен жолаушы қарасы азайған жоқ. Бұл солардың арасынан бірнеше жігітті түс ауа байқаған. Алдымен жәй киім киіп алған милиция ма, деп қауіптенген, артынан мына асхана, киіз үйлердің қорғаушылары, осы жерде тәртіп орнатып, реттеп, қадағалаушы жігіттер екенін білді. Соларға қарап қойып кешкі астан кейін шеткері сәкіде отырған бұған біреу таянды. Көз қиығымен-ақ бірден таныды да атып тұрып құшақтай алды. Жеткен Арқар екен.
Ол бұл жерге кеше жетіпті. Стастың үйінен қашып шығып тауды бөктерлей сытылып кетпек болған бұлардың соңынан түскендер біраз жерге дейін қалмай қуыпты. Қаша атысып кетіп бара жатқанда Диюға оқ тиіп мұрттай ұшырыпты. Арқар қиғаштай қашып отырып, Медеу мұз айдыны жақпен Көктөбені жоғарырақ тұсынан айналып өтіп, шатқал ішіндегі шағын ауылға тап болыпты. Сол жерден машина жалдап кеше түс ауа осында жетіпті. Осындағы қадағалаушы жігіттердің бірін спортқа қатысып жүргеннен таниды екен, сол жартылай жертөле етіп жасалынған азық-түлік сақтайтын қойманың біріне жасырыпты. Сол жігіттің сөзіне қарағанда таңға жақын екі шетел көлігімен бір топ жігіт келіп жұрттың ұйқысын бұзып, барлық жерді тінтіп, қарап шығып, бір көлігі Бішкекке қарай, екіншісі қайтадан Алматыға қарай кетіпті. Олардан кейін бірнеше сағаттан соң екі көлікпен милиция жетіпті. Олар да біраз тіміскілеп, осындағы қорғаушы жігіттермен сөйлесіп күдікті қазақ жігіттерін іздепті. Солардан түнде Алматыда қылмыскерлер арасында үлкен қантөгіс болып, қалада дүрлігу болып жатқанын естіпті.
Бұл әңгімені айтқан жігіт Арқармен боксқа бірге қатысқан, кейінгі кезде Арқардың заңсыз топта жүргенін сырттай білетіндіктен мұны көре салып жертөлеге жасырғаны екен. Әмірді Арқардың суреттеуінше танып бұған хабар берген де сол жігіт екен.
Диюдің қазасына Әмір қатты қайғырды. Бойы екі метрдей, денесі ірі болғанымен жиырмадан жаңа асқан жігіт еді. Бірақ, бұлардың жүрген жолында ондайға көндігу керек, күні ертең бұның басына да сондай жағдай тууы мүмкін. Ажалы жетсе осы Аюлыда өліп қалуы да ғажап емес.
Жертөледе жатып олар түнімен ақылдасты. Бандиттердің мұнда іздеп келгеніне қарағанда Альфа өлмеген болды, сондықтан Алматыға қайтуға болмайды. Арқарға Созаққа жетіп, сонда бойтасалап жүре тұруға кеңес берген Әмір өзі Кубаға бармақ. Таяуда түрмеден шығатын оны барып қарсы алмақ, сөйтіп соны сағалай тұрмаса, мына дүрбелеңде қиын тиеді.
Көліктен көлікке ауысып мініп Көкшетауға қас қарая кірген Әмір таксимен Құралайдың үйіне жетіп келді. Осында қонып шығып, әрі Кубаның хабарын біліп алып, ертең зонаға бармақ. Өзіне таныс есіктің қоңырауын басқан ол ар жақтан шыққан ер адамның даусын естіп не дерін білмей қалды. Құралай «Ержетіп қалған ұлым бар» деп еді, бірақ дауыс ересек адамдікі сияқты, әлде күйеуге шығып алды ма, деп ойлап үлгерген ол:

Құралай керек еді, — деді. Есік құлпы ашылды да қарсы алдында құшағын жайып ақсия күліп Куба тұрды. Құшақтаса кетіп, дабырласып жатқан бұлардың даусына Құралай шықты дәлізге.
Сәлден кейін үшеуі стол басында отырды. Жолдан шаршап жеткенімен Әмір көңілді. Алматыдағы оқиғаны естіген Куба қалай қарсы алар екен, деген күдігі сейілгендей болды. Оның түрмеден шыққанына екі күн болыпты.

Алматыдағы қанды оқиғаны естісімен-ақ сен екеніңді бірден білдім. Сенен басқа біреудің қолынан мұндай жүрекжұтқандық келмейді. Бірақ, енді әзірге олай жолай алмаймыз. Онда дұрыс жігіттеріңді қалдырған шығарсың. Алматы жақсы қала, түбі сонда орныққан жөн. Кел, сенің денсаулығың үшін, — деп арағын қағып салды. Біраз қызған соң «Көкшетауда да жаман емес, бірақ «бауырластармен» мықты байланыс болып, кез-келген қалаға өз үйімізге барғандай бара алатын жағдай қалыптастыруымыз керек, сосын, интернационализм болуы керек, бізде, түсіндің бе» деп зорға тоқтады.

Балконға шығып екеуі темекі шегіп тұрғанда Куба:

Сен осы мені іздеп келдің бе, әлде Альфадан қашып келдің бе? – деп сыр тарта қарады.

Мен Альфадан қашар болсам Оңтүстігіме қашар едім, Альфа дегенің жәй ғана жендет қой, есі барлар енді онымен байланыспайды, ол біртіндеп саяқ шығып қалады. Мен қатыгездікке ашынғаннан бардым, әрі қажет болса ештеңеден тайынбайтынымды бәріне көрсеттім. Саған келсек, сенімді серігімсің, сосын іздеп келдім, — деді бұл.
Кубаның Көкшетаудағы жағдайы онша мәз еместігін әңгіме барысында аңғарды. Екі-үш адамы бұның арқасында бизнесін көтеріп алып Ресейге тайып тұрыпты. Бірнешеуі сотталыпты. Куба бұған бір ірі бизнесмен мен Ресейден жасырын мол қаржы алып отырған «казачество» ұйымының басшысының аузын айға қаратып, Одессаға қарай тайып кетудің сәті түсіп тұрғанын айтты. Сол істің мән-жайын пісіріп алған соң ертеңіне Куба екі сағаттай ерте кетті де бұл үйде қалды. Қасына Құралай келді. Екеуі де бір-бірін аңсап қалған екен, құшақтары айқаса берді…

Жалғасы бар…

Leave A Reply

Your email address will not be published.