Ене

0 1 763

Ауызғы бөлмеде отыратын хатшы қыз кіріп, бір жас келіншектің жолығуға өтініп тұрғанын айтты.
Ақайша қол сағатына қарады.10-ды көрсетіп тұр. Қалалық білім бөліміндегі жиылыстың қаншада екенін тағы анықтап сұрап алды.
-Ақайша Мұратқызы, сағат 11-де, кешігіп қалмаңыз — деді Сәуле.- Барғанша біраз жер, кептеліс бар дегендей…
-А, онда кіре қойсын, не шаруа екен, біле кетейін.
Ақайша іргедегі бөлмеге өтіп, үсті-басына, бет — әлпетіне бір қарап алды. Елуді еңсергенімен, әлі реңін бере қоймапты. Жүзін оңтүстіктің ащы күні біраз тотықтырғаны болмаса, денесі толысып үлгермеген, көзтоярлық мүсіні баяғысынша сол қалпы.
Жарсыз, баласыз өткен жиырма бес жылы еске түсіп, қабағы сәл шытынап қалды. Тағдырдың қатыгездігіне қарсы күресте талай тепкі көрген жандүниесін одан әрі босаңсуға жібермей, өзін ширатып, жігерлене түсті. Айнаға қарамауға тырысты. Қараса, баяғы сұлу да сымбатты, бірақ жалғызынан айырылып қалған жаралы жанды көретіндей, тез кабинетіне қайта өткен.
Киген киімінен, түр-түсінен келіншек не қыз екенін айыру қиын әдемі өңді, сүйкімді әйел баласы табалдырықтың арғы жағында тұрып:
-Әпке, сәлеметсіз бе? Кірсем бола ма? — деген.
Дауысы жағымды, ибалы, сыпайы естілді. Бүгінгі оқыған, тәрбиелі жастардың бірі.
-Кір… кіре ғой, айналайын!
Әшейінде балабақша қызметкерлеріне қатал , қажетті ара қашықтықты үнемі өз дәрежесінде ұстайтын Ақайша неге екенін қайдам, өзінің бірден жұмсарып, еріп кеткеніне таңырқап қалды. Сонысын сездірмеуге тырысып, қозғалақтанып, бағалы креслосына мығымдала түсті.
— Атың кім қарағым?
— Айша.
-Айша?!
Мұның жан дүниесін бір жылылық сезім желпіп өтті.
-Кел, отыр… мұнда отыра ғой.- Алдындағы екі үстөлдің оң жағын меңзеді.- Не шаруамен келдің?
Қыз рақметін айтып, жайғасып алғасын, балабақша меңгерушісінің бірден қойған бұл сұрағын күтпеген бе, тосылып, қипақтап қалды. Бірақ, оқыған — тоқығаны бар емес пе, бірден бойын тіктеп алды.
— Әпке, жоғары білімім бар. Мемлекеттік іс басқару саласы бойынша диплом алғанмын. Маған қазір еден жуатын, аула сыпыратын жұмыс болса да арланбас едім.
Қыздың көзі ұшқындап кетті. Ар жағында бір өжеттіліктің лебі еседі. Кіргендегідей емес, дүр сілкінген кептердей жасықтықтан түлеп шыға келді.
Ақайша мұның бәрін байқап отыр. Сосын ойланып қалды. Қандай жұмыс болса да көнемін дегені қалай? Сол кезде қыз орындығында бұдан ширек ғасыр бұрын дәп өстіп отырған өзін көргендей болды.
— Неге? — деді бұл ойлы қалпы.- Не үшін?.. Неге өз салаңнан қызмет таппадың? Мынадай дипломмен еден жуғаны несі?!
— Әпке…
Қыз булығып, көз жасын іркіп, бетін жасыра берді.
О, тоба, өзінің де өстіп жылағаны ше? Менің тағдырымды басқаға бермесінші деп талай еңірегені ше?.. Бұл қалай болғаны?
— Егіз ұлым бар…төрттен асты…
Иә, менің де ұлым- Ерасыл төрттен асқан еді… Жалмауыз енем бермей жіберді. / Ақайша өзімен-өзі іштей сөйлеп отырды/.
— Енем күйеуім мен екеуіміздің арамызға түсе берді. Түсінбейтінім, немересін менен қызғанатын…
Қыздың үні алыстап барып, қайта естілгендей болды. Ақайша ой тұңғиығынан арпалысып, бетке шықты.
— Егіз ұлыңды ма? Қызғанса, немерелері ғой. Оның несі айып? Мұның дұрыс болмапты…
Ақайша тіксініп қалды.
— Жоқ, әпке… күйеуім енемнің жалғыз немересі…арамызға от жақты…
Ақайша өзінің не болғанын түсінбей кетті, шыдай алмай жаңағы бөлмесіне қайта кіріп бара жатты. Көзінен тамшы мөлт етті. Өз тағдыры. Өз енесі де жалғыз ұлын бұдан қызғанып, жап-жақсы шаңырағын қиратып тынған.
Кетіп бара жатып:
— Балаларыңды алып қалды ма? — деген дауысы бұзылып. «Иә» деген жауапты еститіндей, қалтырап кетті.
— Жоғ — ә, әпке, ұлдарым өзіммен бірге… Соттасып… әрең …
Қыз мұның артынан таңырқай қараған.
Ақайша қыздың соңғы сөзін естіп құдайға шүкір, бірге екен деп, үстінен ауыр жүк түскендей жеңілденді. Бетіне қан жүгіріп, шырайланып, орнына кеп қайта жайғасты.
— Әпке, — Қыз әңгімесін жалғастырды.- келгенімізге алты айдан асты. Өзіме лайықты жұмыс табылмады. Жасы келген әке-шешеме масыл болғым келмеді. Әрі балабақшаңыз жақын. Жаяу келіп, жаяу қайтамыз. Жол жүріп, такси ұстап қиналмаймыз. Сосын жұрт осы балабақшаны мақтайды.Тәрбиесі, тамағы жақсы дейді.Тек сол үшін, әпке… айлық та алмас едім. Ұлдарымның ақысына жетсе болды…
Қыз дауысы бәсеңсіп, тағы мұңайып қалды.
Хатшы қыз есікті тоқ еткізіп бір ұрып, сосын ашып тұрып:
— Сағат он жарым болды.Тезірек шықпасаңыз, кешігесіз, Ақайша Мұратқызы! — деді.
Ақайша әлі де өз мұңынан арыла алмай, денесін зілбатпан басқандай , езіле түскен. Жылдам бойын сергітіп, асығыс жинала бастады.
Қыз да ұшып түрегелді.
Өтінішіне жауап ала алмай, сасқалақтап, әбіржіп те қалды. Жәутеңдеп қарай берді.
Құдды баяғы өзі. Құдай — ау! Жүрегі қарс айырылып бара жатты. Қанша есікті тоздырып еді. Еркек кіндіктіден қайыр көрмеген. Көкейлері арамдық. Сұлулығын пұлдап алғысы келеді. Ақыры бір әйелден пана тапқан. Анасындай қамқорлығына алып, осы дәрежеге жеткізген еді марқұм…
Ақайша тамағына тіреліп қалған өксікті зорға тежеп, онысын сездірмеуге тырысып, кабинеттен жылдам шығып бара жатып:
— Айналайын, ертең балаларың мен құжаттарыңды ала кел…- деді.
* *
Ақайша түнімен ұйқы көрмеді. Бүкіл өмірі таңатқанша көз алдынан кино лентасындай жүз рет жүріп өтті. Сүйген жарымен болған бес жылғы өмірі санасынан ешқашан кеткен емес. Дегенмен бүгінгі түн қайтадан бажайлап, сараптап шығуға мүмкіндік бергендей. Жанасыл момын еді. Адуынды анасының айтқанынан шыға алмады.
Күйеуі ертеректе о дүниелік болып, барлық билік бір басына тигесін бе, енесі жаңа түскен келінін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келді. Қит етсе, бұлардың жоқшылықта өскен әулет екенін бетіне басты. Құда-құдағи болып араласудан қалды. Зәуде бір өлім-жітімге барса, қабағынан қар сыздап, тікірейген қалпы кететінді шығарды. Ақыры не керек. Отырса — опақ, тұрса — сопақтың аяғы ажырасумен тынды.Төрт жасар Ерасылын бермей, бұл бауыр еті баласын ала алмай шапқылаған.
Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас дегендей, мұның артынан нешетүрлі алып-қашпа әңгіме ілестіріп, соңында қара есекке теріс қаратып мінгізіп жіберген.
Күйеуінің көп жыл үйленбей жүргенін естіген. Кейін сымсыз телефондардан араққа салынып кеткенін біліп қан жылаған. Енесінің осынша қатыгездігіне ашынған. Жалғыз баласының өміріне балта шапқан жауыз екеніне мойынсұнған.
Өзінің ұлы Ерасылдың ержетіп, үйленгенінен де хабардар. Бірақ енесінің төркін жағы Орал қаласына көшіп кеткелі хабар-ошарсыз қалған еді. Содан бері міне бес жыл өтіпті…
Ақайша жұмысына күндегіден ерте келген. Әйтеуір бір күш осы жаққа сүйрелей берді. Бұл өз болмысын жақсы түсінеді. Сезімталдығы бар. Не жақсы, не жайсыз хабарды алдын ала сезетіндей жүрегі өрекпіп кететін. Ағайындарым аман болсыншы деп тіледі. Мына ковид пен пневмония да елді есеңгіретіп жіберді.Талай айлардан кейінгі шектеуден соң балабақша жұмысын енді бастаған.
Үш қабатты ғимаратты түгел қарап шықты. Бәрі күндегідей бірқалыпты. Жатын орын таза. Асхана жұмысы таңалагеуімнен басталады. Ол жақ та ойдағыдай. Күтуші, тәрбиешілер міндеттерін мінсіз атқарып жүр. Анау айтқан кемшілік көзіне ілінбеді. Сосын аяңдап кабинетіне келген.
Хатшы қыздың алдында кешегі қыз. Жо-жоқ, келіншек. Қасында томпиған екі ұлы.Үстері жып-жинақы, мұнтаздай. Ақайша оларға ойсыз, кәдімгі елдің баласына қарағандай қараған. Жүрегі дір етті. Жиырма бес жылғы бір елес көз алдынан жарқырап ұшып өткендей болды. Жүрегі қысылып, тынысы тарылып бара жатты. Әл — дірмәні құрып, есік жақтауына сүйене берді.
Хатшы қыз құтыдан су ала жүгірді. Келіншек те жанұшыра жетіп, демей берді.
— Ақайша Мұратқызы… Ақайша Мұратқызы…
— Әпке…әпке, сізге не болды…әпке…
Ақайша тез есін жинап алды. Сүйретіліп креслоға кеп жайғасты. Алдында шынылы рәмкеде ұлы Ерасылдың суреті тұратын. Ол жоқ. Ары-бері іздеді. Үстөлдердің тартпаларын ақтарыстырды. Сейфті қарап көрді. Көрші бөлмені де сүзіп шықты.
Бұл кезде именшектей басып, келіншек екі баласымен ішке аттады. Қолында бір буда құжат. Мұның алдына жақындатып қойды. Ақайша әлі де тұманды түстен сейіле алмай отыр. Басы шыңылдап, көзі қарауытып, ештеңе көрмейтіндей. Құжаттарды ашып қарағанымен, санасына ештеңе кіріп, түйсігіне ештеңе жететін емес. Мәңгірген, мең-зең. Орнынан тұрып тағы ұлының суретін іздеп кетті. Еш жерде жоқ.
Егіз ұл қымсынатын емес. Әрнәрсені бір ұстап, бірнәрселерді айтып, былдырлап, емін-еркін жүр. Анасының тәк-тәк дегеніне көнбейтін сыңайлы.
— Сәуле!
Кенет Ақайшаның жан дауысы шықты. Екі ұл жүгіріп мамасына келді. Қорқып қалғанға ұқсайды.
Хатшы қыз тапырақтап жүгіріп кірді. Көзі адырайып кетіпті.
— Мұндағы баламның суреті қайда?!
Ақайшаның үні жарықшақтанып естілді.
— Уһ! — деді жүрегі орнына түскен қыз. — Қорқып қалдым, даусыңыз қатты шыққанға. Ақайша Мұратқызы, ол менде… Кеше үстөлдің шаңын сүртіп жүргенде суреттің шынысы өзінен — өзі шарт етіп, сынып түсті. Не құдірет екенін білмей, шошып кеттім. Содан қорыққанымнан бүгін жаңалатып қойдым. Сөмкемде, кәзір әкелем…
Хатшы қыз да бірнәрсені сезгендей, қолындағы сурет пен егіз ұлға жалтақ-жалтақ қарай берді.
Ақайша суретті алып, көкірегіне басты.
Қос жанарынан мөлдір моншақтар саулап бара жатты.
— Күйеуіңнің аты кім? Ерасыл ма еді? Атаңның аты Жанасыл ма?.. Һіі…һіі…
— Иә…әпке-е… иә…
Келіншек орнынан атып тұрды.
-Құлыны-ем…Ер-асыл-еемм.. Құлындар-ее..мм…
Ақайша алты ай іздеп ботасын әрең тапқан аруанадай аңырап, дауысын шығарып жылап, екі немересін бауырына баса берді…
Авторы: Тұңғышбай ТӨРЕГЕЛДИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.