Қара ағаш түбіндегі оқиға (Жалғасы)

0 1 835

11. МОЙЫНДАУ

Тергеу басталды. Сағадаттың жағдайы манағыд­ан да құлдыраған сынды. Әбден қажыған­, іштей мүжілген жан тергеуші сөзін үнсіз  тыңдауда.
– Иә, Сәке! Сіздің маған дұрыс жауап бергенді  былай қойғанда, мүлде жауап бермеуге де хақыңыз бар. Сіздің айыпты екендігіңізді растайтын дәлелдер менде жеткілікті. Оны өзіңіз де біліп отырсыз. Тергеуші – тек заңға бағы­натын  тәуелсіз  тұлға. Мен  өзіңіз  көрген  бейне­таспалар  мен  аудиожазбаларды, Нұрлан, Асқар­, Қазыбектерден, Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновт­ерден, Кенжебаев пен Сыздықовтан, Тұрғанбайдан жауап алып, ісіңді сотқа жібере беремін. Саған ақыл беріп жүрген кәсіпкер, поссовет, депутаттардың сізге көмегі де тимейді. Оның үстіне олардың манағы әрекеттері де бейнета­спаға жазылып алынды, қажет десеңіз оны көрсете аламыз. Енді олар сізге қарасын да көрсетпейді. Әйтпесе, қанша уақыт өтті бір келер­  еді ғой.
– Темекі тартсам бола ма?
– Тұра тұрыңыз. Мен айтып болайын. Сіздің жағдайыңызды түсініп отырмын, осы оқиға болғал­ы ішкеніңіз – ірің, жегеніңіз – желім болып,­ ұйқыңыз қашып жүр емес пе? Менің бірыңғай осындай қылмысты істерді жүргізгеніме жеті жылдан асыпты, талайларды көрдік, рухтың өлмейтінін, оның өзін өлтірген адамды түсінде мазалайтынын түсіндік. Сіздің де ұйқыдан­  қалғаныңызды  сезіп  отырмын.
– А-а-й-й-й… Айтпа… тоқта… Темекі тар­тайыншы­.
Ол қолы дірілдеп темекі тұтатты, қомағайлана жұтып, түтінін сыздықтата шығарды, ұзақ ойланды. Сонан соң барып тістене сөйледі.
– Тұрғанбай  да  сау  сиырдың боғы емес. Одан  жауап  алған  шығарсыңдар.
– Иә.
– Маған жауып жатқан шығар?
– Шындығы сол емес пе?!. Ол тек шындықты  айтты.
– Мана Мәкеңдер бірдеңе әкелген сияқты еді, тамақ жібітіп алсам…
– Жоқ, болмайды. Тек жауап алу біткесін ғана  ораламыз  оған.
– А-а-й-й-й… Бітті… Біттім… Жалтарғанда қайда барам. Барар жер қалмады ғой… Жауабыңды ала бер. Өлмеспін… Қашанғы шыдаймын бұл азапқа… Айтамын… Бәрін де айтамын.
Қорғаушының қатысуымен алынған жауап­та­ Сағадат Ордабекті қалай өлтіргенін баяндап шықты. Барлығы бейнетаспаға жазылып, хаттама­ға  түсірілді.
– Сәке, үйден алдыратын  керекті заттарыңыз болса мына қағазға жазып беріңіз, мен ертең алдырып  берейін.
– Мен айтып отырайын, өзің жаза берсейші.
– Өзіңіздің жазып бергеніңіз дұрыс. Бұл үйдегілер үшін сенімдірек болады ғой.
– Иә, солай екен-ау.
Солай дегенмен ол біраз ойланып қалды, сірә, өз қолымен жазғаны екінші рет алдымнан шықпас па екен деп қауіптенсе керек, бірақ басқа­ амалы жоқ еді, керекті заттарын қағазға жазып берген соң, оны кезекші камераға алып кетті.
Орынбек  бұл  қағазды жаздырып алғанда осы арқылы іске қатысты куә болып отырған Тұрғанбайға ықпал жасауды көздеген еді. Осыны­  күткендей жедел уәкілдер Тұрғанбайды  алып  келді.
Көзі адырайып кеткен Тұрғанбай дау сала келді. Сөзінен бұған дейін біреулермен ақыл­дасып алғаны байқалады. Өктем сөйлесем, сөйтіп ықтырып алсам деген ойы болса керек.
– Ал,  келдік. Бұл не деген масқара! Ертең ел-жұрт  не  дейді?  Тұрғанбайды  мілитсалар  ұстапты  деген сөз Жаңақорғанның ана шеті мен мына  шетіне  жеткен шығар. Бұл репрессияның заманы­ емес, бізде де таныс бар, туыс бар. Жазамы­з  керек  болса ООН-ға дейін. Енді қа­тын-баланың, аға­йын-туыстың бетіне қалай қараймыз? Маған­ мәрәлній өшербті кім төлейді, сен бе, әлде сен бе?
– Отырыңыз. Сіз байбалам салатындай ештең­е болған жоқ, барлығы заңға сай жасалуда. Бір іске байланысты куә екенсіз, соған қатысты анықтайтын мәселелер болып  тұр.
– Сен бе, әлгі Ақ­мешіттен келген кәт­та  тергеуші?
– Менмін. Аты-жөнім  – Орынбек Асылбаев.
– Мен ештеңе білмеймін. Ештеңе көрген жоқпын.
– Немене, сіз бірдеңе көріп пе едіңіз? Мен сізден әлі ешнәрсе сұраған жоқпын ғой. Шамасы­ бүгіп жүрген бір оқиғаңыз бар-ау, сірә?
– Жо-о-қ! Мыналар ғой… Ордабектің  өліміне қатысты көргеніңізді айтасыз деп… Сосын­ мен…
– Бұл жасырынбақ ойнайтын жағдай емес. Бізге шындықты айтасыз. Біз тек кей нәрселерді анықтау үшін сізді шақыртып отырмыз.
– Онда кете берейін бе?
– Неге кетесіз?! Міне, Сағадаттың үйінен алдыр­мақ болған заттарының тізімі, қараңыз, өз  қолымен  жазған. Дос адамсыздар  ғой, осы­ны­  жеткізіп беріңіз. Ол Ордабекті өлтір­генін мойын­дап, барлық  құжатқа қол қойды, сіз  аса  қорықпай-ақ  қойыңыз.
– Неге қорқады екем? Оларда «алты аласы, бес  бересім жоқ».
– Менің уақытым өте тығыз. Сіздің жырыңызды тыңдап отыра алмаймын. Қаласаңыз жауап беруден бас тартамын деп жазып беріңіз. Бірақ онда біз мәселеге басқа қырынан келеміз.
– Ол не қылған басқа қыр тағы?
– Сағадат  Ордабектің  қалтасындағы  бобырағ­ан жиырма бес сомдықтарды сіз алды деп  көрсетті.
– Ойнама бала… Отпен ойнама, Сәкең олай айтуы мүмкін емес.
– Бұл ойын емес, Тұреке! Тағы айтамын. Дұрыстап тыңдаңыз! Сіздің барлық жауабыңыз видеотаспаға жазылуда. Сондықтан көп бұлтақтамаңыз. Сағадат сіз Ордабектің қалтасын қарап жатқанда ол әлі тірі еді – деді. Егер бұл дәлелденсе, сіз соучастник ретінде жауапқа тартыл­асыз. Сіз жәбірленушіге көмек берудің, дәрігер шақырудың орнына оның өлуіне жағдай  туғызғансыз.
– Не дейт? Ойбай-ау… ойбай-ау, мен бар­ғанда ол өліп қалған ғой, тіпті қолы да мұп-мұздай…  О  несі-ай  маған…
– Міне, көрдіңіз бе, өзіңіз барлығын айтып отырсыз. Оқиғаны көргеніңіз, Ордабектің қасына барғаныңыз, оның қалтасынан бобырағын ақшаларды алғаныңыз рас болып отыр ғой, яғни Сағадат шындықты айтып отыр. Сіз не білесіз – барлығын айтыңыз, ертең кеш болады­. Біз Сағадатпен сізді беттестіреміз, міне, сонда­ әңгімелеріңде алшақтық болса… онда жалға­н айтқан адам заң алдында жауапты болады.­
– Ойбай-ау… ойбай-ау… Мен сорлы неге соны көрдім екен, неге сол ақшасы құрғырды алдым екен?
– Оны өзіңіз білесіз. Біздің білетініміз – сіздің қылмысты жасырғаныңыз. Қылмыскермен ауыз жаласып, мүмкін мол ақша алып, кісі өлімін жасырдыңыз. Ал марқұмның жесірі, бала-шағасы анау шулап отырған. Сіздерде адамшылық деген сезім бар ма осы?
– Ойбай-ау… ойбай-ау… Мен не істеймін?! Жақ ашсаң өлтіремін деп отыр. Бармауым керек­ еді сол жерге. Шайтан ертіп барды ғой… Барғасын… анау тұр әзірейілдей діңкілдеп… Мен қатты қорықтым. Одан бәрін күтуге болады…
– Міне, біз барлығын хаттамаға түсірдік. Оқып шығыңыз. Келіспейтін жеріңіз болса – айтыңыз. Келіссеңіз – қол қойыңыз.
Тұрғанбай хаттамаға қол қойды. Арасында «Ойбай-ау… ойбай-ау…»-ын қоса отырып, өзінің қорқынышта күн кешкенін айтумен болды. Оны Жаңақорғаннан ешқайда кетпеуі туралы қолхатпен үйіне жіберген Орынбек өзін күтіп тұрған Қазыбек пен Нұрланның жанына келгенде сағат түнгі үш болған еді. Жігіттердің қабағы ашыла бастапты. «Алла-ай, әйтеуір бұл істі бітіретін болдық қой, Ореке. Сағадаттың жауаб­ынан кейін неге екенін білмеймін насыбай атуым көбейіп кетті», – деп жымиды Қазыбек.­
– Тұрғанбайды подраспика жібердім. Барлығын  айтты. Куәлар жеткілікті, енді тек жауапты­ оқиға орнында бекіту үшін тергеу әрекетін жасау­ қалды. Ертең ертерек келейік. Начальник машина тауып берсе бергені, тауып бере алмаса­ бір  таблетка  «УАЗ» тауып алсақ, дұрыс болар еді. Біраз  адамбыз  ғой.
– Иә. Одан қам жеме. Көлік табылады. Бірақ, әуелі  бастықты  байқайық.
Олар тағы да өздері «штаб» атандырған үйге бет алды. Көше тас қараңғы, машина жарығынан көше толы судан бу көтеріліп жатқан сияқты көрінеді. Бұл солай болуы да мүмкін, бәлкім, тұманның әсер де болуы ықтимал, әйтеуір, көңілге жайсыз көрініс. Ақмешіт жақтан бұлт арасынан найзағайдың жарқылы көрінеді, бірақ, тым алыста болар, бұларға дауысы жетер емес.

12.ОҚИҒА ОРНЫНДА БОЛҒАНДА

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызмет­ке түстен кейін келді, беті ісіңкіреген, үстінен өткір әтір иісі аңқыған ол қабылдау бөлмесінде отырған Орынбек, Қазыбек, Асқарды көріп «кабинетке кірейік» дегенді сездіре қолымен белгі берді. Бұл кезде бастықтың басы әңкі-тәңкі болып тұрған, «Осы тергеуші келеді» дегеннен мазасын ала бастаған осындағы әкімдіктегілері, кәсіпкерлері, ардагерлері бар, Ақмешіттен телефондап зіңкілдеп отырған бірнеше лауазымды тұлғалар бар мұны шаршат­қан еді, шаршамағанда қайтеді, олардың айт­қанын істесе – заң бұзылады, қызметіне, келешегіне қауіп төнеді, істемейін десе – аналар да осал жау емес, түрлі бәлені ұйымдастырулары мүмкін, не істерін білмей дал болып отыр еді. «Халық деген қызық қой, бірдеңе болса ішкі істер органдарын кінәлап шыға келеді. Театрдың сайқымазақтарының да шамасы тек бізге жетеді, жемқорлық, анау-мынау деп әжуалап жатқаны, сонда олар погондағы, бас киімдегі елтаңбаны мазақтап тұрғандарын білмегені ме, мемлекеттік рәмізге деген құрметі қайда, оны биліктің көрмей отырғаны ғой соған жол беріп отырған, әлде, олар да оны түсінбей ме екен? Бұл қоғам не болып барады сонда? Ау, бұлар бұй­рыққа бағынады емес пе, бұйрық беретіндер биіктегілер, биліктегілер, ал заңды қада­ғалаушы­ прокурор да, үкім шығарып отырған сот та әп-әдемі адамдар сияқты, қай кезде де олар «судан таза, сүттен ақ», бәленің бәрін көтеріп отырған біздер. Ал соның барлығының басында билік жасап отырғандар, осы елдің жағдайын жасайды деп бекіткен адамдар тұр­ғанын осы жұрт білмейді-ау, сірә. Не істерсің енді?». Оның үстіне кеше түнде Сағадатты тағы да уақытша ұстау абақтысына әкеп қамағанын естіді. «Мұның мына қиқар тергеуші кеп жат­қанда топ ете қалғанын  айтсайшы, бір бәле болып­  кетпе­се  болар  еді».
– Бұл бір таусылмайтын жыр болды-ау. Ананы­  тағы  әкепсіңдер  ғой.
– Иә, Қабеке. Жігіттер алып келіпті.
– Не дейді, жауап алдың ба, бұрынғы құжаттармен  таныстың  ба?
– Таныстым да, жауап та алдым, Әнесұлын өлтіргенін  мойындап  отыр.  Енді жауапты оқиға орнында бекіту үшін тергеу әрекеттерін жүр­гізуді көлікпен қамтамасыз етсеңіз жақсы болар­  еді.
– Ма – ла – дес… Бәріне үлгіріпсің, ә? Өзің демала  алдың  ба?
– Рақмет. Бұл жақта демалмау мүмкін емес ғой.
– Жарайды. Бізде көлік жағы қиындау. Менің «Уазыма» барлығын тиеп алыңдар да, барып қайтыңдар.
– Қабеке, маған көлік кемінде екі күнге және таңертеңнен түске дейін керек болып отыр.
– Паһ деген! Ондай жағдайды мен жасай алмайм­ын, айналайын-ау, бұл сенің қалаң емес, соны  ұққын.
– Қабеке, іс шаткый болып тұр, солай істемесек  болмайды.
– Ертең таңертең көлік өзіме керек, түстен кейін көлік босағасын ертеңгі тергеу әрекетін кешке дейін «қағып тастамайсың» ба?
– Болмайды, Қабеке! Себебі оқиға 1-май ауылының батыс бетінде болғандықтан бейнетаспаның сапасы дұрыс болуы, яғни тергеу әрекеті­нің дұрыс болуы үшін күннің шығу бағытын  ескеруім  керек.
– Бала! Мен де тергеуші болғанмын. Оны маған несіне айтып отырсың?
– Мен сіздің тергеуші болғаныңызды білгесін іс жайын түсінеді деп айтып отырмын. Оған қоса УПК-ның талабы бойынша оқиға болған жерде бірнеше адамның айғақтарын бір уақытта тексеру мен нақтылауға жол берілмейді деп атап көрсетілген.
– УПК-ны біз де білеміз. Сені қиқар деуші еді, тошно солай екенсің ғой. Үлкенге уважение деген болу керек ғой. Менің жасым да, шенім де, органдағы стажым да, қызметім де сенен үлкен  екенін білесің бе?
– Әрине, Қабеке! Осының барлығын сізге деген құрмет болғандықтан баяндап отырмын. Сізге де, маған да тергеудің нәтижелі болғаны керек емес пе? Оның үстіне маған екі күнге кемін­де алты адам керек, олар тергеудің нәтижесін­е мүддесіз болуы қажет және маған 101-мен байланысып отыратын телефон керек.
– Ім – м… Да-а. Жарайды, ертеңгісін ерте келіңдер. Мен жоғары жақпен хабарласайын. Ал, Ертаев сен неғып  жүрсің?
– Қабеке! Сіздің бұйрығыңызды орындау­дамын.
– Ол қандай бұйрық?
Бастықтың көзі шатынап кетті.
– Ақмешіттен келген важняктың қасында бол, көмек көрсет, біздегі тергеушілер бос емес. Өлесің бе, тірілесің бе, білмеймін, соның тапсыр­масын орында деп бұйрық бердіңіз ғой маған.
Бастық бейне қылғынып бара жатқандай галстугін  босатты.
– А?… Қай кезде? Қай жерде?
– Асылбаев осында келген күні, кешкі сағат 10-да «Баршын» кафесіне шақыртып алып, бұйрық бердіңіз ғой, қасыңызда сот төрағасы бар…
Бастықтың сұлқ түскені даусынан да аңғарылғандай.
– Ә-ә… Иә… иә… Дұрыс. Бұйрықты орында!
– Құп болады!
Үшеуі сыртқа шықты. Қазыбек ерекше қуанышты.
– Не болды, Қазеке?
– Ореке, 101-ді айтқаның дұрыс болып кетті, көзі бақырайып, біраз үнсіз қалды ғой. Сосын өсектің пайдасын көргеніме мәз болып келемін, қой, бір рет насыбай атып жібермесем болмас.
– Ол қандай өсек? Қандай пайда?
– Құдай аузыма салды… Мені өлтірсін бе… Сендер «Нұржолға» кеткен түні біздің бастық райсот екеуі «Баршын» кафесіндегі кабинада отырып, біраз сілтепті, соттың шофері бастығын әзер машинаға мінгізіпті дегенді естігем ғой. Мен осы РОВД-ның адамымын, анау тікелей  бастығым, жаңа «Неғып жүрсің?» деген кезде­  «Құрыдым!»  деп  ойладым, содан әлгі өсек есіме түсе кеткені, соны пайдаланып «Өзіңіз  бұйрық  бердіңіз» – деп едім отырды да қалды. Өздерің көрдіңдер ғой. Мені шақырған-шақырмағанын ол тіпті білмейді де екен, қатып кеткен жоқ па, ә, жігіттер?
– Қатқанда қандай…
– Бұл сотыймен жақсы, бірақ ол отпускада. Та-ак, іс әлі екі күнге созылайын деп тұр-ау осы.
Ертеңіне ертемен тергеу әрекеті Сағадаттың айтуымен оқиға болған жерді тексеру арқылы нақтылаудан басталды. 1-май ауылының батысындағы «Түйетам» деп аталатын жерге қарай бес шақырымдай шыққан соң ол «Оқиға ана жерде болды» деп, көз ұшында қарайып көрініп тұрған ағашты көрсетті. Орынбек Сағадат пен куәлер көрсетуіне сай оқиға болған мезгілге дәлме-дәл келу үшін ауық-ауық сағатына қарап қояды. Ағашқа бір шақырымдай қалғанда олар көліктен түсті, Сағадат пен оның қорғаушысы, криминалист, Қазыбек, Нұрлан, Асқар және бүгінгі тергеу әрекетіне куә ретінде қатысушы екі адамды бастап Орынбек оқиға орнына бет алды. Тапсырмаға сай криминалист бұлардың соңынан сол жақ беттен бейнекамераға түсіріп келеді.
– Міндетті түрде қай жағдайда түсіргенде де қара ағаш көрініп тұратын болсын, яғни екі объекті – бірі қара ағаш, екіншісі – Сағадат объективтен тыс қалмауы тиіс.
– Соншама мұқияттамсақ та болады ғой.
Адвокаттың қарлығыңқы дауысы сенімсіздеу  шықты.
– Жоқ! Болмайды! Мұны тергеу тілінде обзор­лы қамту дейді. Бәрі талапқа сай болуы қажет.
Топ ескі канал бөгесіні үстіндегі қара жолға шықты. Сағадат баянын бастады.
«Екеуіміз осы жерде кездестік. Онда ылғи насыбай жүретінін білгесін, осында келгенмін насыбай сұрап». Орынбек оның келуінің себебі басқа екенін білсе де, әңгімені бұзбады. «Екеумі­з насыбай аттық. Ол маған «Күніңді көре алмай жүрсің бе, неге біреуден атқанды пайда көресің?» – деп тиісті. Осыдан ерегіс бастал­ды, не түрлі боғауыз сөздер кетті, тіпті ұстаса бастадық ат үстінде тұрып. Мен осы өңірге белгілі көкпаршы болсам да оны аттан аудара алмадым. Тақымы өте мықты болатын, бұрын қорадан қашқан үш жасар бұқаларды атпен­ қуып жетіп, мүйізінен ұстап, тырп еткізбегенін талай көргенмін. Неге көкпаршы болмад­ы екен деп ойлайтынмын, бір-екі рет сойыстыққа деген өгіздердің қашып ұстатпағанда атпен қатарласа шауып келе жатып, бір қолымен мүйізінен шап беріп ұстап, екінші қолымен үнемі қынында жүретін пышағымен тамақтан шалып жібергенін де көргенмін, өте әбжіл қимылдайтын. Екеуміз айқасып жүргенде ішімнен пышақ шығармаса екен деп тіледім. Ол да іс насырға шабар деп ойламаған шығар пышаққа қол апарған жоқ, мен де бұлай болар деп ойлаған жоқпын. Екеуміз апыр-топыр болып­ аттан құладық, екі ат екі жақта, біз төбелесіп жатырмыз, екеуміздің де ойымыз – тез атқа жетіп, мініп алу. Бір кезде ол қамшымен менің басымнан осып-осып жіберді, мен басым­ды қорғап, қолыммен көлегейлеген кезде­ ол жақын тұрған менің атыма қарай жүгіре жөнелді, мен жолдың келесі бетінде сәл алыстау­ тұрған оның атына қарай жүгірдім.
Жүгіріп бара жатып көз тастап ем, киімінің алба-жұлбасы шыққан оған менің атым үркіп, ұстатпай жүр екен. Мен Ордабектің атына жеттім, бұл ылғи малға мініп жүрген жабы болатын, атқа қарғып міндім. Ашу-ызадан көзіме қан толып кетті, тіпті үзеңгіге аяғымның ұшын да ілген жоқпын, пырылдай шапқан ат басын соған бұрдым. Бұл кезде ол да менің атымды ұстап үлгірген екен, бірақ мен оның атқа мінуіне үлгіртпей, айғайды сала шабдардың маңдайынан бір-екі рет тартып-тартып жібердім. Сол кезде барып менде де қамшы бары есіме түсті, «Құдай-ау жаңа неге қолымдағы қамшыны білмегенмін» – деген ой санамды шаншып өтті, онан сайын ашуым қоза түсті. Ат жұлқа тартқанда қолынан шылбыр шығып кетті, ол жерге бір құлап тұрды да каналға­ қарай қаша жөнелді. Мен атпен қуып жеттім, қолымдағы тобылғы сап қамшының өрім жағын қолыма бір орап алдым да, сап жағым­ен бастырмалата басынан тартып-тартып жібердім. Ол басын қорғаштай жоңышқалық орнына қарай қашты, оны қуып келе жатып, шылбырдың бір ұшын ілмектеп күрмедім, кәдімгі бұғалық сияқты болды да шықты, қуып жеткен кезде әлгіні оның мойнына тастап үлгірдім де , ат кеудесімен қағып өттім. Ол тұрамын дегенше шылбырды тақымға басып, оны сүйрете жөнелдім, поляны екі айналып шықтым да каналдың келесі бетіне шауып өтіп, ана ағаштың түбіне тоқтадым. Әрі-бері қарап едім: ол қозғалар емес, каналдан өткен тұстан бастап оның қалтасынан ақша шашылыпты. Мен аттан­ түспестен оның денесінің жанына кел­генде оң жағымнан біреудің қарап тұрғанын сездім. Жалт қарасам Тұрғанбай екен, айғайлап шақырып алдым да: «Неге қарап тұрсың, мойнындағы шылбырды шеш», – дедім. Шылбырды шешіп жатып ол: «Өліп қалыпты», – деді. Өзі қорқып тұр, сөйте тұрып, дүниесі құрғыр-ай жаман ғой, «мына ақшаларды не істейін», – деді. Мен: «Жинап, қалтаңа салып ал», – дедім, ол барлық ақшаны жинап қалтасына салып алды. Төңіректе басқа ешкім жоқ па екен деп ер үсті­нен бой созып ем, ана дөңнің басында тұрған екі баланы көрдім, олардың қой бағып жүрген Мәтеновтің балалары екенін біліп, айғайлап аттың басын солай бұрып ем, олар ары қарай қаша жөнелді. Содан соң түнде келіп мүрдені ескі киізге орап, әріректегі ескі кепеге тықтым. Арада бірнеше күн өткесін, ел болып оны іздеп, таба алмаған соң барып мүрдені әлгі жерден алып  шығып,  далаға  апарып  тастадым».
Қара ағаштың бұл жерге тамыр жайғанына біраз жылдың жүзі болған сияқты, бірнеше жыл бұрын өртенсе керек, төменгі жақ діңі қара күйе. Енді Сағадаттың жауабының растығын тексеру­ және бекіту үшін осы ағашты пайдалану керек. Куәлар да осы ағашты көрсетсе, оқиға орны нақтыланды деген сөз. Оның көрсетуі, баяндауы бейнетаспаға жазылып, оқиға орнының схемасы сызылды, хаттама толтырылды.
Келесі күні дәл сол уақытта осы жерге әкелін­ген Тұрғанбай да, қосымша куәлар Мәтеновтің балалары да Сағадаттың жауабын растап шықты, қылмыстың болған жері, уақыты, жасалу­ әдісі айқындалды. Бұлардың да көр­се­тулері мен баяндаулары бейнетаспаға және хаттамағ­а түсірілді. Келгендер машинаға оралған­  кезде  тағы  да  найзағай  ойнады.

13. ТҰТҚЫН БА, ТҰТҚЫН ЕМЕС ПЕ?

Далаға шығып келді, тұман тағы да қалың түсіпті. Сонау Ақмешіт  жақта  күн күркірей­ді, мұнда қар аралас жаңбыр сіркірейді. Аздап сергімек болы­п далаға шыққан еді, адыра­ қалды бәрібір, денесі құсеттеніп мұздады да, үйге асықты. «Әт-тә-ңе нә-лет-ай, бүкіл әлемнің жауын-шашынын Жаңақорғанға жинап қойған ба, немене өзі?!».
Кеше Сағадатты қамады, мұны бос қойды. Бос қойғаны бар болсын, не ұйқы жоқ, не тамақ батпайды. Тіпті қара су да  өтпей  қойғанын  қайтерсің. Қабағы сирек ашылатын қайыс қара қатыны мұны қайдан ұқсын: «Қылтамақ болып қалған жоқсың ба?», – деп қақылдайды. Сірә, жер бетіндегі қанішерлердің ту ұстары осы қатын болар, аузынан бір жөні түзу әңгіме шықпайды ғой албастының. Жаны қыдырып, не істерін білмей отырса, айтып отырған әңгімесінің сиқын­  қарамайсың ба, өй… өзі қылтамақ болғырдың! Бірақ, бұған  бәле  жолайды дейсің бе, құдайыңның  өзі «Осы бәледен аулақ  жүрейін»  дейді-ау.
Бұдан да бар, әкесі марқұм баяғыда-ақ айтқан: «Қатын жіберген жалғыз сен емес, мына  албастыны  құрт!» – деп. Бұл оған бармады, кекілі желпілдеген ұлды қимады ма, әлде… Бұл қайыс қараң енді төсекке келгенде пері ғой, ойын­ының  ғаламаттығы  сондай  өзіңді  жұмақта  жүргендей сезінесің ғой. Мүмкін соныс­ын… Кім білген… Әкесі болса бұлқан-талқан болған: «Нағашыңа тартқан ынжық, иіс алмассың» – деп. Ау, ол шал қалай күймесін, шайпау келін­нің әрекеті қанын қайнатып тұрса.
Ауылда айта береді ғой «Асыңды әкел!» деудің орнына «Аталаңды әкел!» деп, соны мұның әкесі де айтпай ма, сөйтсе келіні атасына атала көже істеп  әкелген ғой. Кә­дім­гі  көтерем  малға  беретін жүгер­іден істелген атала дейді әкеп жүргені. Шал шатынап, шалқасынан түссе, келіні отырған көрінеді: «Істеп бер деген тамағын бір тегеш қып алдына қойсаң да бұл шалға жақпайсың», – деп. Сонда айтқан­ еді әкесі: «Балалар шеті­ней бергесін, әулиеге түнеп көрген бала едің, шал­қытып той жасап, атыңды Тұрғанбай  қойып ем, қайтейін оңбадың ғой, жасық болдың-ау. Ау, сорлым-ау, біз осы піленде жүрген сияқтымыз ғой» – деген  болатын. Иә, кесір келіннің піленінен шал өліп құтылды.
Шынында да бұл өмір бойы тұтқында жүргендей екен. «Ананы істеуге болмайды, мынан­ы істеуге болмайды» дегенн­ен көз ашпапты. Әуелі пионер, комсомолдың тұт­қынында болыпты, «Өйт­пей­мін, бүйтпеймін» деп серт беріпті, одан соң да таусылмайтын «Болмайдылар» құр­сауынан  босатпапты.
Тіпті түсініксіз… Ау, енді қатының, бала-шағаң бар  екен деп бір сұлу қыз кездессе оны ұнатпауым керек пе сонда?­! Оған ғашық болуға болмайды ма сонда? Ау, мен адам емеспін бе? Түсінбейсің адамдарды… Байларға бәрі болады,­ ғашық болмақ түгел, бірнеше қатын алады, оларға: «Мұның ел-жұрттан, туыстан, бала-шағадан ұят» – деп ешкім айтпайды, керісінше: «Өй, нағыз­ азамат, нағыз еркек» – деп мақтайды. Сол байларың ертең өлетінін, біреулерді алдап­, біреулердің тағдырын күл-талқан  етіп тапқан  дүние-байлығының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететінін білмей ме екен…             О жаққа ешкім ештеңе алып кетпейді ғой… Мұны олар білетін шығар… мұны тіпті мен де біліп тұрған жоқпын ба… Білмей не көрініпті… Құдай-ау,  сонда  да  бірақ  байи  бер­гісі келеді… Елде жұмыс жоқ, ұрлық істесең – сотталасың, ал байлар  вагондап  ұрлап  жатыр. Оларға бәрі болады… Бәріне рұқсат… Осы ма демәкратияң, осы ма теңдігің… Өкімет қайда,  үкімет  қайда?».
Санада сапырылысқан ойлар­дың ішінен біреуі еңсе тіктеді, сөйтті де бұған дейінгі ойларына қарсы шыға бас­тады. «Өй, сорлы! Өле алмай жүріп өкімет сенің не теңің, үкімет сенің не теңің? Өй, көр­пеңе қарап көсілсейші қасқа-ау, ау, тыныш жүрсең сенде біреудің не шаруасы бар. Байиты­ндар байи берсін, аштан­  өліп  бара  жатсаң солар­дан алатының белгілі емес пе, ұрлап аласың ба, тартып аласың ба, сұрап аласың ба – оны уақыт көрсетеді. Олар арқа-жарқа болып отырғанда сен  аштан  өлуің  керек пе? Жо-о-қ, олай болмас. Енді не… ». Ойлар майданында бәрібір  бұрынғы  ой  үстем  түсе  берді.
«Ана жылы, алғаш ауыл әкімдіктері ашылып жатқанда мұның қайыс қарасы айтқан еді: «Ауыл әкімі болайын» – деп,  бұл  мазақ  қылған, сөйт­се, ағып тұрған май екен ғой әкімдік дегенің. Алла-ау, соны мына қатынның білгені ғой, бұл ақымақтың ойына ондай шаруа түсу қайда… «Жоғары білімің жоқ қой» – дегенде «Шымкенттен сатып алмаймын  ба сырттай оқып» – деген еді, башкасы істеп тұр екен ғой сонда… Шынында да солар не істеп отыр, тек бос сөз, ондай сөзді біздің қатын да тас қылатын еді. Ішің удай ашиды, ай, үкімет-ай, қаншама ақшаны далаға шашып, өлген адам мен туған баланы тіркеп отыратын, малға анықтама беретін бір қатын жететін еді ғой сол жерге,­ қазір отыр жеті адам айлық алып… Осы ма еркін­дігің… осы ма әділдігің…
Жоқ, шындығында да бұл – тұтқын екен. Ау, зонадағыларыңның жағдайы жақсы дейді ғой қазір, жұмысына сағатымен барып келеді, үш мезгіл тамағы, жылы орны, жұмсақ төсегі бар, көргені – телевизор, концерт, оқығаны – кітап мен газет. Бәрінен бұрын мерекелерді құр жібермей, атап өтетінін қайтерсің. Негізі солар­ бостандықта, бұлар – қамақта сияқты. Қызық… түсініксіз… Бұл адамнан ба, қоғамнан ба… Әйтеуір зонада бір болған адамның сол жаққа кеткісі келіп тұрады дейді ғой… Рас шығар, кім білген…
Ойбай-ау… ойбай-ау… ойбай­, өткенде ана жыпық Өтештің баласы мұның ұлын ұрып жіберіпті, шешесінің шорбайына тығып жіберейін деп, киініп, ұлын ертіп шығып еді, қарсы алдынан қасқайып қайыс  қара  шықты. «Әй, қай­да барасың? Тыпыршымай отыр… Табатын бір тиының жоқ, намыс сенің не теңің… Оның баласын ұрма, қайта айнал­ып-толған, біздің ұлдың ештеңесі кеткен жоқ, қай балан­ың мұрны қанамайды, мұныкі де қанады да қойды. Бітті. Мисыз-ау, бүкіл прадөк­тіні соның дүкенінен қарызға алып отырған жоқпыз ба… Бермей тастаса не істейсің. Кесесің бе… Әлде сені қуырамыз  ба скәбөредкіге…».
Бұл сылқ ете қалды, сөйтсе, бұлар жыпық Өтештің дүке­ніне де пілен болған екен ғой. Ой, Алла-ай…
Әкесі марқұм көп айтатын: «Қазақты ұрып өлтіретін адам жоқ, дос болып, арақ ішіп отыры­п, бірін-бірі пышақ­тайды, бірінің тауығын екін­шісі ұрлайды, сонда ол иттер қыз  алыспайтын  туыстар  бола тұра тірліктері әлгі. Әне қара, бәрінің көкірегі аспанда, өздерін пайғамбар санайды, бірін-бірі отырғаны кекетіп, мұқатып. Оу, қазақ сорлы қайда­н оңсын: қазақтың жын­дысы­н – жынды, қожаның жынды­сын – әулие деп отырғанда» – деп. Сөйтсе, шалың бірдеңе біледі екен ғой… Башкасы варит етеді екен… Біз ғой ақымақ болып жүрген… Бас­қаны білмеймін, бірақ, менің ақымақтығым өзіме аян. Әйтпесе, нем бар Сағадат пен Ордабекте? Дым көрмегендей солардың  төбелесін қызықтап. Ойбай-ау… ойбай-ау… ойбай, менен гөрі Мәтеновтің құрт шабақтары ақылды болды ғой, Сағадаттың айғайына артын­ да сүртпей, қашып кеткен­. Енді олар тек куә ғана. Сомадай болы­п мұныкі не десейші.­ Ау, артыңды қысып, тайып тұрсаң, біреу саған бір­деңе дей ме. Енді отырсың сарыуайымның теңізіне батып.
Сорлылығым-ай ұшыраттың-ау! Ау, Сағадат – кім, Ордаб­ек – кім?  Ордабек  бұған аталас туыс емес пе… Неден қара басты мұны… Түбі ашылып  отыр, сол кезде Ордекеңді кім өлтіргенін айтса ғой, шір­кін, мұның ары да, қолы да таза болар еді. Енді не болды… Сағадаттың қолшоқпары болып отыр… «Өлікте қолыңның ізі қалды, енді сотталсақ – бір­ге  сотталамыз, атылсақ – бірге атыламыз, егер ұсталып қалсам – Ордабекті екеулеп өлтір­дік», – деп айтамын деген Сағадат­тың сөзінен соншама қорқып… Елдің бетіне қалай қарайды  енді… Қайыс қара ма, қайыс қараны қойшы, ол өлмейді – жұртты өлтірмесе, сорлы балаларымның жай-күйі не болады, осы ауылдың көрінген дөрагы көздеріне шұқитын болды-ау енді. Ойбай­-ау… ойбай-ау… ойбай, ең болмаса марқұмның қал­тасындағы ақшада нем бар десейш­і… Болса да мына тір­лікке пілен екем, неден қо­рыққам  сонда…
Ақымақтық-ай, сонда бұ­лар неге төбелесіп жүр деп те ойламағаным ғой. Неге Сағадат «Ақшаны ал!», – десе алып, «Малды айда!», – десе айдай бергенмін? Құдай еркек қылып жаратып абырой бол­ған ғой, әйел қылып жаратса, көрінген еркектің астында кетерд­ің нағыз өзі болады екем. Сорлы басым-ай…
Қайыс қараның дауысы шықты.
– Не болды, таң атпай қақаңдап? Алтын сарай жақтағы қатындарға қарап ұлып тұрсың ба, немене?
– Әй, жағың қарыссын сенің, жағың қарысқыр. Бір дұрыс сөз айтпайсың ғой… Өзі адам не істерін білмей тұрса?
– Ө-лә! Жын ұрды ма, немене?­ Не істерін білмеген несі, жатқан жоқпыз ба міне, кер маралдай керіліп…
– Өй, марал болмай кет… Болмай  кеткір…
– Болмаса адамға ұйқы бер, мешайт етпе… Онсыз да жұрт «Байың тұтқын ба, тұтқын емес пе» – деп миымды ашытты..­
– О, не пәле, тағы?
– «Сағадатпен бірге қа­малуы­ керек еді, неғып үйде жүр?» деп сұрайды да адам болғас­ын.
– Сен не дедің?
– Не дейін… Обылыста пыркарол ағам бар еді, «Қ­а­сымда болсын» деп сұрап алдым­ – дедім та, пыркарол дегенд­і есіткесін біраз қатын жым болды. Сол керек өзде­ріне…
Бұл Тұрғанбайды  ұйқыдан оятқандай болды. «Пүркорор дейді, ә?!  Шынында  уайымдай бергенше, құдайдың өзі мәулет беріп тұрғанда таныс іздемей ме. Құр жатқаннан болмас, кейде осы қайыс қараның  басы кантачет етіп кетеді, ағайын-туыс, таныстардан сұрастырып, грамотный адвокат  іздейін».
Бір қолына оқушы дәп­терінен жасалған телефон анықтамалығын, екінші қолына телефон тұтқасын ұстап, кішкене қара телефонның шыңылдағанын тыңдап біраз отырды. Құлқын сәріден оятқаным дұрыс болмас, ең болмаса сағат тоғыз болсын, сосын­ хабарласармын деген ойға табан тіреп, тұтқаны орны­на қойды. Ойынан Ақ­мешіттен келген тергеушінің сөзі шығар емес. Жүдә, қатты пәлекет екен, «Соучастник болып­ кетуің мүмкін дей ме, қылмысты жасырдың дей ме, жалған куәлігің үшін жауаптысың дей ме», әйтеуір, таусылмайтын айып, бұл соны әдейі істеп пе, соны неге түсінбейді екен осы жұрт, шындық айтамын деп өліп кетуім керек пе сонда. Шакалдар адамды аяйды деп пе едің, кеше ғой анау камерсантының келіп: Сенен бір сыбыс кетсе үй-орманыңмен, қатын-балаңмен қосып өртеп  жіберем – деп  отырғаны, ойбай-ау, ойбай… нефті­мен айналысып отырған оған бір бензавозды жіберіп, үйге құя салу сөз боп па. Не болса да  өлмес қамды жасау керек…».
Жатын бөлмеге бет алды, санасында бір сұрақ: «Тұтқын ба бұл, тұтқын емес пе? Сонда бұл кім? Енді адвокатқа тұт­қын болайын деп тұрған жоқ па, ол да сұрайтын шығар өкіртіп, бәрі көрініп тұрған нәрсе, оның мені қорғайтындай несі қалды, босқа шығындалам ба? Ал, адвокат таптың делік, сонда оған бере қоятын ақша қайда? Бірде-біреуіміз жұмыс  істемегесін банк кредит те бермейді. Енді не істеу керек?­ Әй, қу тірлік-ай…
Тергеуші неғып Ордабектің сексен жеті бас малы туралы сұрамады екен, ә? Әлде білмей отыр ма… Менің айдасып барғ­анымды Сағадат жазып берген жоқ па жауабында. Онда неғып ол туралы сөз қозғама­й отыр екен?». Ол теңсел­е  басады, аяғы да  өзі­нікі  емес  сияқты.
Осы кезде жаңбыр күшейе түсті, терезені тасырлата ұрған тамшылар «Сен тұтқынсың, сен тұтқынсың» деп тұрғандай.

Жалғасы бар…

Leave A Reply

Your email address will not be published.