Алпысбай қарт: ешкі мен Изабель

0 2 704

Параграф 1
Ешкі

Әне-міне деп 2000 жылдың жазы да келді. Алпысбай
қарттың тұрмысы тәуір еді. Кемпірі қасында, жалғыз ұл баяғыда
бөлек отау тіккен. Артынан тұяқ ермеді деп, кемпірімен шәй
ішкенде бір күрсініп қойғаны болмаса, анау-мынауды ойлап
қайғыра бермейтін. Әлі ширақ, бар шаруаны дөңгелетіп отыр.
Малы баршылық, ауылы да сол малға арналған, қыста қар
түспейтін, шөбы шүйгін, шөпке аузы тиген мал жұнттай семіре
кететін киелі жер. Табиғаты да тамаша, өзені ағып жатыр, жазда қара домалақтар шомылатын тоспасы да бар, жаз сайын бар
ауылдың бар баласы жиналып, мәре-сәре болып жатады.
Ілгеректе азын-аулақ жем-шөпке көмектесуге келіп жүретін
ұлға «елеңдей бермей, жұмысыңды істе, саған өсу керек» деп,
ауылға келе беруін тиып тастағандай болған. Баласы Алматыға
көшіріп алайын десе кеңкілдеп күлген. Мына жұмақты тастап
қайда кетем, атаң жатыр төбеде, мен де сонда апаң екеуміз
жатамыз. Қала — жастар сендердікі, бізге мына жұмағымыз
жарар. Әңгіме сонымен тыңды. Алматы ұлдікі, облысы
Алпысбайдікі. Сонымен халаст. Есесіне келіні мен мектепте
оқитын жалғыз немересін жаз шықса алдырып алатын. Келіні
батыстың қызы, осы күнге дейін бір ауыз сөйлегенін естімепті.
Сөйлесе, үйде күйеуіне сөйлейтін шығар. Үндемес келін кемпірі
екеуіне шәй демдеп, чакчакпен көңілін аулайтын еді. Өзімен бал
алып келіп, жаз сайын чакчак дайындайді, одан наполеон,
бархат дей ме, қызыл жасыл торттар пісіріп, Алпысбай ғана
емес, ауылдағы көрші-қолаң да мәз болып қалатын. Биыл жазда
келейін деп еді, немеренің емтихандары созылып барады.
Емтихандарды бітіріп бірақ келеді.
Мақат шал шырт түкіріп, трактордың астында жатқан
ұлына коленвалдың ключын әкеп берді. Мақат Алпысбайдың
құдай қосқан көршісі. Екеуі құрдас. Мақаттар жас кезде әкешешесімен
осы ауылға Леңгірден көшіп келген болатын. Күн
тегі ысып кетті бүгін. Үлкен ұлдың тракторы бұзылып, екі күн
арпалысып, тетігін таппай жатыр. Онда Алпысбайларға кіріп
шәй ішіп шығайын деді, бәрібір көршісі кемпірімен екеуі
елеңдеп, сопайып жалғыз отырған шығар.
Алпысбай үйде жоқ болып шықты. Ұлға звондауға поштаға
кетіпті, домалақтың емтиханы бітетін уақыт келді дейді, әлі
хабар жоқ дей ме. Қазір Алпысбай біліп келеді екен. Көршісінің
кемпірі шәй демдеп, бұл асықпай Алпысбайды күтті.
Алпысбай поштадан асықпай үйге басып, төрде отырған
Мақатты көріп, көршісімен күндегідей амандасты. Кемпіріне бір
қарап алды да, «Алматыға жинал, ұлмен сөйлестім, ешкі алыпты,
соны көрсетемін, қонақ қылып қыдыртамын, сосын Айша мен домалақты сендермен бірге ауылға қайта әкеліп тастаймын
деді. Ертең Мелстің баласы автобазбен қалаға жүреді, соған
отырып кетеміз» деді. Кемпірі аузын сылп еткізді. Ешкі деген
ауылда толып жатыр ғой, құрғырлар жапырақтың бәрін жеп
бітті, оны соншама әңгіме қылып. Бірақ шал не айтса, ол соны
орындайды. Ертең қалаға жүреміз.
Осы кезде, Алпысбай терең ойға кетті.
«Жалғыз ұл елден зерек болып өсті. Одан кейін не
Алпысбайдан, не кемпірінен кінарат шығып, бұлар бала
көтермеді. Алпысбай оны қазғысы да келмейтін. Өзі оқутоқусыз
қалғандықтан, ұл оқысын деді. Ауылдың шөбі, огороды
мен көңі кемпір екеуінен артылмайтын шаруа. Ұлы да не керек,
өз күшімен оқуға түсіп, тіпті стипендия алып отырды.
Стипендиясына ауылға қант кәмпит салып жіберетін. Салмақ
салмады, қыңқ етпеді. Оның мамандығы Құдай ау, программа
жазады дей ма, америкаға шақырып жатыр деді ма. Жұмысы
жақсы жерде екенін айтып отыратын. Бір күні келінді алып
келіп, бата бер, ың-шыңсыз үйленем деді. Папа, той жасамайық,
мен біршама ақша жинап қойдым, қаладан пәтер алайық деген
еді. Алпысбай да осы даңғазалықты, аста төк ысырапты
жақтырмаушы еді. «Жалғыз ұл, ел-жұрттан ұят» деп кеңкілдей
бастаған кемпірді төрдегі әкесінің тобылғы қамшысын шешіп
алды да, жон арқасынан бір тартты. Сол күннен бастап кемпір
«ел-жұрттан ұят» деген сөзді аузына алып көрген емес. Келіннің
маңдайынан сүйді, баласына ертең қалаға қайтып үлкен пәтер
алуын бұйырды. Сол күні таудағы жүз жылқының жиырмасын
перекуптарға сатты да, қомақты ақшаны баласының
қарсылығына қарамастан пәтердің үлкенін, жайлысын алыңдар
деп қолына ұстатты. Келіннен Оралдағы құдалардың
телефонын алды да, кұдалар мәселесін өзім шешемін деп,
балаларды бастарына орамалдарын салып, Алматыға қайтарып
жіберді. Алпысбай құдалармен де мәймөңкелемей, қысқа
қайырған болатын. «Мен Алпысбаймын. Балалар бір бірін
тауыпты. Той жасап селкілдегенше, ол ақшаға Алматыдан дәу
пәтер алып бердім. Есесіне, ертең пәтер жалдап, ұрсысып
айрылысқанша, өз үйлері болады, немереміздің ырысы ол.
Сендердің де Алматыда бір үйлерің бар деңдер. Ауылға
құдалыққа келіңдер, күтем. Бірақ той жасамаймын. Не десеңдер
де осы» деді. Құдалары сабақ берген, оқыған, мәдениетті
адамдар екен, балалар бақытты болса болды деп құдалыққа
келіп, қазірге дейін жақсы сыйласады. Жылда Оралға шақырса
да, бара алмай жүр. Жә, бір жолы түсер. Енді Алпысбай ертеңгіні
ойлап кетті.
Балам дұрыс, оқу қонған азамат еді. Тәрбиелі. Жұмысы да
табысты. Келін де айналайын. Бірақ ешкісі несі? Ертең
Алматыдағы үйге барғанда мені төрде сақалы сапсиған теке
күтіп жата ма? Тым құрығанда селсовет Мейрамбектің баласы
сияқты машина алмады ма? Теке алсын, оны квартирде
асырасын деп оқыттым ба сонда? Далбан деді. «Далбан»
Алпысбай қарттың қатты ашуланғанда айтатын жалғыз сөзі.
Кемпірін камшымен жон арқасынан тартқанда да, «Далбан» деп
тарс еткізгені бар. Бірақ домалақ немересін сағынып барады.
Әйтпесе Алматыға аяқ баспаушы еді. Келін мен немересі сасық
текемен бірге тұру керек пе сонда? Жоқ, ертең алып қайтады.
Ана далбан ешкісімен тұра берсін».
Күрең шайын сораптап, Мақат көршісі де ой үстінде отыр
еді.
«Алпысбайдың баласы сияқты мұның екі ұлы оқымады.
Оқығаны несі, мектепті зорға бітірді. Не ойларың бар дегенде,
екеуі де жанарымен көз шұқып, ауылда қаламыз, мал бағамыз,
саған қолғабыс етеміз дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Ең
құрығанда біреуі оқысын деп еді, ол да болмады. Ауылдың
салпаңқұлақ екі қызын алған екеуіне, қалаға кеткендер тастап
кеткен, бос жатқан екі үйді жөндеп, бөлек отау тігіп қойды.
Үлкен ұл трактор алып, қазір осыған төрт бірдей ауылдың күні
қарап отыр. Табысы өз аузына жетеді, Мақаттың да бар
шаруасын трактормен атқарып береді. Кіші ұл тауда, малда. Ол
да мал шаруасын дөңгелетіп отыр.
Бірақ жұрттың оқу бітірген, қаладан келіп тұратын
балаларын көргенде Мақаттың әлгі екеуіне жыны келетін.
6
Ептваймайттар! Жұрттар қаладан немерелерін күтеді, анау
келеді, мынау келе алмай қалыпты деп әңгімелерін айтып
отырады. Ал мына екеуінің де аяқ астына оратылған күшік
сияқты жүргені.
Қалаға кеткендердің ең өскені Алпысбайдың баласы еді.
Жұмысқа тұра салып, Алматыдан төрт бөлмелі пәтер алды.
Балалар оны Гөгл деген әміриканың фирмасында жұмыс істейді
дейтін, компьютерге программа жазады. Ақшаны доллармен
алады дейді. Әміриканың президенті Буш деген өзі звондап,
мұны шақырған екен. Бұны біздің президент жібермей
қойыпты. Ылғи жаңа бірдеңе ойлап тауып, оны миллион
долларға сатады екен. Онда үйге ешкі алуы да тегін емес».
Мақат ыстық бауырсақтың бірін ауызға атты да, ешкі
туралы ойлап кетті. Біздің ауылдағы сасық ешкілер сияқты емес
қой. Арнайы әмірикадан келген ешкі шығар. Мақат махорка
орап жүргенде бір газеттен оқыған болатын. Құны миллион
доллар тұратын жануарлар бар екен. Ал оны бағып қағатындар
жануарларды сатып, қыруар байып кетеді екен. Мақаттың
көзіне Алматыдағы пәтерде маңғазданып жатқан ешкі елестеді.
Аппақ, қымбат ешкі. Алпысбайдың келіні оған арнайы тамақ
пісіріп, алып келді. Ешкі тамақ жеп отыр. Алпысбайдың баласы
оның жүнін тарап, фотоға түсіруде. Ал егер бұл ешкі лақтанса,
онда қапшық-қапшық долларларға сатады. Мүмкін Алпысбай
немересін алып әмірикаға кетер. Ауылда не істейді?
Ептваймайт! Жұрттың баласын қарашы. Оқу оқып,
жаңалық ашып, ізденіп, миллиондап доллар тауып жатыр.
Біздікі ше? Мынауы атам заманнан қалған трактордан айналып
шықпай қойды, анауы тауда қойдың көтенін шұқылаудан басқа
дым бітірмеді. Дәл қазір Мақаттың атып тұрып, екі ұлды
тепкілеп ұрғысы келіп кетті. Ептваймайттар!
Не болса да, Мақат ана ешкіні барып көруі керек.
«Көрші», — деді Мақат, шайын сораптап. «Алматыдағы үйіңді
көріп, көрімдігімді берген жоқпын. Атыма сын. Рұқсат болса,байлап отырған дәу ісегім бар. Біржан мен келінге соны атадым.
Бүгін сойып, ертең сендермен бірге жеткізейін».
Мақаттың бұл ұсынысы Алпысбайға мүлде ұнамады.
Ешкіні көріп, табалайды-ау. Елге жеткізеді. Пәтерде асыраймын
деп ешкі сатып алған баламның есі ауысып кетіп, ертең делқұлы
бірдеңе айтып отырса, Мақаттан ұялғаннан жерге кіріп
кетермін. Бірақ жоқ дей алмайды, сондықтан бас изеп
келіскендей ишара білдірді.
Мақат үлкен ұлдың жөнделмеген тракторын бір теуіп, кіші
ұлға қой сойғызды. Алпысбай мен кемпірі бар, Мақат бар,
ертеңінде Мелстің баласы айдайтын автобазға отырып,
Алматыға тартып кетті.
Мелстің баласы келетін уақытын шамалап хабарлап қойған
болуы керек, Алпысбайдың баласы мен келіні ауладан қарсы
алды.
«Папа, ешка алдым» деген Біржан сүліктей қара машинаны
көрсетті. «Салоннан, Мерседес Е-класс» деді. Алпысбай да, Мақат
та мұндай көлікті бұған дейін көрмеген еді. Зауыттың майы
ағып тұрған сияқты, жылтырынан күн шағылысады. Иісі аңқып
тұр, жаңа былғары иіс. Көлік те мұндай болады екен-ау. Мақат
етін балаларға ұстатып, Мелстің баласымен бірге қайтып кетуге
қамданды. Алпысбайдың «Сен үй көремін деп едің ғой, үйге кір
дегеніне» де қарамады. Үйге кірмей қайтып кетті.
Алпысбай домалақ немересін иіскеді, төрт бөлмелі
пәтердің төрінде манты жеді, терлеп отырып чакчакпен тамаша
шәй ішті. Ертең ешкіге мініп, немересін алып, аулына қайтады.
Ешкіге де, оны алған баласына да қария риза болды…

Жалғасы бар

Авторы : Айбар Олжаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.