Ақ самаурыннан шәй ішіңіз

0 1 153

АУЫЗАШАР

Қайбір жылы… Досым әрі бауырым Бейсенбай Тәжібаев облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактор кезі болса керек, ауылында ауызашар беруге ниеттеніпті. Малын сойып, дастарханын жайып, кешке ауыл адамдарын күтеді. Мезгіл — қоңыр күз болса керек, Бейсеннің ауылдағы ағасы қырда «К-700» тракторымен жер айдап жүр екен. Оған Бейсен: «Әке орнына әке боп жүрген үйдің үлкені боласыз, кешке ақсақалдар келгенде алдынан шығып амандасыңыз, ауыз ашар уақыттан бұрын кеп қалыңыз» деп ескертеді. Шынында ағасы жер дүниені тарылдатып, үлкен тракторымен ауыз ашар уақыттан әлдеқайда ертерек келеді.  Қас қарая шалдар да келе бастайды. Бұлар құрақ ұшып қарсы алған. «Ауыз ашылып», ел ет жейді, нарын жейді. Тәребе намазын оқиды. Осы кезде Бейсеннің шаруақор ағасы «Менің миссиям осымен аяқталды» дегендей өзі бата қылып, «Мен түнімен біраз жер аударып, жұмысты өндіріп тастайын» деп, тракторымен қырға кетіп қалады.  Шалдар шай ішіп, әжептеуір әңгіме-дүкен құрып, түннің бір уағында тарасады. Осы кезде қараңғы көше жақтан шу шығыпты. Бейсен жүгіріп барса, көрші ауылдан келген бір шал есегін таппай тұр екен. «Ата, есегіңізді қайда байлап едіңіз?» деп сұраған ғой. Сөйтсе шал «Соған өзім де аң-таң болып тұрмын ғой, қарағым… Осы жерде тұрған бір трактордың соқасына байлаған сияқты едім» дейтін көрінеді шал.  Шынында шал есегін ұп-ұзын соқаның ең ұшына байлаған екен. Бейсеннің ағасы қараңғыда «К-700» тракторына асығыс мінген де, соқасын тік көтерген күйі қыр асып кетіп қалған ғой. Есек байғұс, сөйтіп, Ораза айында қылғынып, шейіт болып кетіпті. Тағы жәны жаннатқа барғыр көк есекті шал көршісінен сұрап, мініп келген екен. «Қап, көршіден ұят болды-ау» деп, шал шапанының сыртынан санын соға берген көрінеді. Ауызашарда да осындай қызықтары болған.

ҚАҒЫС ЕСТУ

Ол жылдары орыстың белгілі тележурналисті Влад Листьевті жұрт көбінесе «Час пик» деп атайтын. Өзі де осы аттас хабар жүргізіп, елге кеңінен танылды емес пе? Бірақ өткен ғасырдың 90-жылдарының басында байғұсты біреулер атып, өлтіріп кетті. Әлі есімде, әріптестерінің В. Листьевке деген құрметі болар, ресейлік барлық телеарналардың хабары тоқтатылып, марқұмның суреті күні бойы эфирде көрсетіліп, қаралы музыка ойнап тұрды. Және Влад Листьевті бес күн аза тұтып, содан кейін ғана жер қойнына берді. Шәуілдірлік Төпен Әмірбеков ағамыз екі кештің ортасында үйінде кітап оқып отырса, анасы Жұлқын кішкене көз іліп алайын деп демалып жатқан екен. Кешке Төпекеңнің төртінші сыныпта оқитын қызы Тазагүл сабақтан асығыс келеді. Үйге кіре сөмкесін лақтырып тастап: — Апа, естідіңіз бе? «Час пик» өліп қалыпты, — дейді ғой.  Күндізгі күйбелең тіршіліктен шаршап жатқан Жұлқын апа жастықтан басын жұлып алып: — Алда байғұс… Қашан өліп қалыпты?.. – дейді салған жерден.  Сөйтсе немересінің «Час пик» өліп қапты» дегенін апамыз «Тасбике өліп қапты» деп қағыс естіпті. Ол кісінің Тасбике деген жеңгесі болған екен. — Қашан өліпті? — деп, қайталап сұрайды. — Кеше түнде… — Ойпырмай-ә.. Кеше ғана шауып-шапқылап жүр еді… Не болып қалды екен? – деп, апамыз аяқ астынан әбіржіп қалады.  — Неден қайтыс болыпты бейшара? — Білмеймін, әйтеуір үйінде атып өлтіріп кетіпті! — дейді немересі. Апамыз одан бетер аң-таң.  — Атып кетіпті дейд… Ойбай, онда ол мал ұрлап жүргендерге кездесіп қалды ма екен? Әлде біреулердің жасырын тірлігін көріп қалды ма? – деп, апамыз аяқ астынан сан түрлі жорамалдарды жасап тастайды. — Білмедім, апа… Кім өлтіргенін ешкім білмейді. — Қашан жерлейтін болыпты? — Бес күннен соң.  — Әй, олардың дені сау емес шығар! Бес күнің не? Өлген адам сасып кетпей ме екен? Бес күн бойы кімді күтпекші… Ұл-қыздарының бәрі осы төңіректе тұрады ғой… — Білмеймін, апа… Қазір өзін теледидардан көрсетейін деп жатыр, — дейді немересі асықпай.  — Ұрылар атып өлтірген қатынды неменеге теледидардан көрсетеді? — деп Жұлқын апа ашуға беріледі. – Әруақпен ойнағандары несі? Ол не, әкім бе еді, әлде бастық па еді? Адам дегенде ойына келгенін істейді екен-ау, ә… — Енді ол кісі танымал адам ғой… Орыстардың барлығы жылап жатыр… Апам ойланып қалады. — Енді ағайын, құда-жекжаттардың арасында сыйлы екені рас… Бірақ, ел таниды екен деп ойына келгенін істей бере ме? Шәуілдірде қалған үш-төрт орыс неменеге жылайды?.. Әлде кезінде жақсылығын көрді ме екен?.. Көп болса кезінде арағын ішкен шығар …      Шешесі мен немересінің арасындағы әңгімені естіп отырған Төпекең күлкіден бас көтере алмайды. «Қызым барып теледидарды қосып еді, марқұм Влад Листьевтің қара лентамен байланған суретін көрсете бастады. Денені шымырлатар қаралы әуен ойнап тұр. «Міне, өлген осы «Час пик» деді қызым. Сол кезде барып шешем өлген Тасбике емес екенін көріп, көңілі орнына түскендей болды. Мұздай судан бір-екі ұрттап алған соң «Ей, қағынғыр… Тасбике өліп қалды деп зәремді ұшырғаны несі?.. Жөндеп айтпайсың ба?» деп, қызыма ұрса бастады…» деп сол күндерді еске алады Төпекең.

**

Ақ самаурын

Бала кезімде кіші інім Досболдың мінезі қызық еді. Әжеме қатты «табынатын». Былайша айтқанда, ол кісіден қатты қорқатын. Әрине, өзіміз де әжеміздің алдында батыр болдық деп айта алмаймын. Келін жұмсап, қолын жылы суға малып отыратын шағында шиеттей жас баланың ортасында жалғыз қалдырып, солардың түпсіз тірлігіне амалсыз көндіріп қойған тағдырына ренжи ме, әлде, сол кездегі жоқшылық заманға нали ма, әйтеуір бізге тым қатал еді. Түрі де сұстылау, бізді қабағымен-ақ зыр жүгіртіп жіберетін. Әлі күнге жақын ағайындар оны сыртынан «сот, прокурор әже» деп айтып отырады. Жаздың күні тура түстің кезінде теледидардан жақсы кинолар басталады. Жаңа ғана бақшадан оралып, қолымыздағы кетпен-күректі ошақ тамның жанына лақтырып тастап, теледидардың алдына жайғасқанбыз. Сырттан әжемнің айқайы естілді. «Біреулерің самаурын қойыңдар, біреулерің бұзауды суғарып, жылжытып келіңдер», деген. Алғашында киноның қызығымен мән бере қоймаппыз. Орнынан лып етіп тұрып кеткен Досбол сол екі ортада самаурынды «ұштандырып» үлгеріпті. «Әже, мен самаурын қойып жатырмын», деп мұрнын бір тартып қояды. Мұнысы енді таза қулық. Самаурын қою оп-оңай. Отын бар. Самаурын есіктің алдында тұр. Шығасың да отын саласың, қайтып кіресің. Тірлігің де жүріп жатыр, әрі көріп отырған киноңды да үзбейсің. Ал бұзауға бару үшін сонау қырға салпақтайсың. Екі ортада өзен бар. Балағыңды түріп оны кешіп өтуің керек… Досболдың қулығына біз көнеміз бе?  Жүгіріп далаға шықтым да, мен де самаурынға отын салдым. Тамның көлеңкесінде жүн түтіп отырған әжем көрсін деп әдейі отынды асықпай, баппен салдым. Артынша: «Бұзауға өздерің барыңдар, мен шаршап тұрмын», – деп інім Бақыт кетті самаурынға. Содан үшеуміз кезек-кезек далаға жүгіріп шығамыз да, самаурынның оттығына ағашты үйіп саламыз ғой. Тағы Досбол астын шұқылап, үрлеп қоятынын қайтерсіз… Неге екенін қайдам, сол күні ақ самаурын отынды күндегіден көп «жеді». Салып жатырмыз, салып жатырмыз, қақпағындағы тесіктен бу бұрқ етіп, еш қайнамайды. Бір жүгіріп шыққанымда «осының суы ысыды ма екен өзі?» деп шүмегін бұрап қалмаймын ба! «Күйіп қала ма?» деп ыстықтан ала қашып тұрған қолыма тамшы су тамбады. Жүрегім тас төбеме шықты. Жалт қарап едім, абырой болғанда әжем орнында жоқ екен.  Дереу екеуін шақырдым. Ақ самаурынның қақпағын ашып қалғанда алдымен бетімізге ұрғаны ыстық леп болды. Қолымызды тез-тез желпіп,  ішіне үңіліп ек, көзімізге су емес, сақырлап құлап жатқан аппақ қақ көрінді. Самаурынға су құюды тарс ұмытып кетіппіз. Дереу су құйдық. Тесіліп қалыпты, астынан жерге сыздықтап аққан су бірте-бірте жыланбастанып созылып, аяғымыздың астына келді. Үшеуміз де состиып-состиып тұрмыз. Осы кезде Досбол: «Қой, мен бұзауға кеттім», деп қолын сілтеді де, тоғай жаққа жүгіре жөнелді. Аздан кейін үшеуміз үш жолмен бұзау жаққа  қарай зытып бара жаттық…

**
БӨТЕН ҚОШҚАР

Қайбір жылы тамылжыған тамызда біздің үйде бір үлкен той болды. Ол кезде бүгінгідей қаптаған мейрамхана жоқ, той өзіміздің бау-бақшада өтетін. Сол күні кешқұрым тойдың қамымен жүріп, інім өрістен келген малды асығыс қораға қамай салған ғой. Біздің қойлардың ішінде бір бөтен қошқардың да «қамалып» кеткенін байқамай қалыпты.
Содан «бөтен мал бар ма?» дегендерге бәріміз бірауыздан «жоқ» дейміз. Есіктің алды абыр-сабыр адам болғандықтан шығар мал егесі жақынырақ келіп қораны көруге батпаған. Содан ауылды екі мәрте адақтап шыққан соң, қошқар иесі амал жоқ, сол күні қой баққан үйге барады. Ол баласын жіберіп, күндіз қой жайған сай-саланың бәрін аралап шыққан. Қошқар жоқ. «Иттің баласы, қойға дұрыстап бас-көз болмағансың, жұрттың малын жоғалттың, енді құнын төлейтін болдық» деп әкесі баласын ашумен таяқпен жіберіп ұрған ба… Оған қошқар иесі араша түседі. «Мал ашуы-жан ашуы» деген, мұндай жағдай екі жаққа да оңай ма енді… Әйтеуір, сол күні қошқар табылмай, «не болса да ертең көрейік» дегенмен тарасады екі жақ.
Бір жеңгеміздің қолына қалам-қағаз беріп, тойға түскен мал басын, басқа да тартуларды түртіп жүру тапсырылған болатын. Той бітті. Таңертең малды өріске жіберерде інім бөтен қойлардың бәрін алып қалады да, қалғандарын қорадан шығарып жібереді. Әлгі қошқар қорада қалған. Түске жақын соңғы қонақтар қайтып, адам аяғы басылған соң жеңгеміз «есеп» берді. Дәптерде төрт қой. Қорада бес қой. «Бұл қалай болды?» деп бәріміз аң-таңбыз. «Қайсысын жазбай қалдым екен?» деп жеңгеміз де айран-асыр.
«Мына қойды бөле әкелді, анаусын жиен әкелді…» деп жеңгеміз қойларды түстеп шықты да, бірақ әлгі қошқарды жыға тани алмады. Тек «Осы нағашы Ақабтар қараңғыда көліктен бірнәрсе түсіріп жатқан сияқты еді, солар ма екен қошқарды әкелген…» деп аңтарылып тұрып қалды.
Осы кезде әжем сөз бастады.
«Айналайын, Ақаб-ай, «жалғыз әпкем ғой» деп қойды алып келген сол… Айналайын-ай…» деп өзінен-өзі еміреніп кетсін. «Ой, әже, қызықсыз… Ақаб қалай қой алып келеді? Осыдан бір апта бұрын тойға деп бір жылқы әкеп тастаған жоқ па?» дейміз біз. Ақаб — әжемнің туған інісі. Бір жылқының қасына бір қойды қосақтап алып келгенін еш түсіне алар емеспіз. «Қойды алып келген сол, басқа кім болады? Жылқыны алдын ала беріп жіберіп, енді кеше тағы құр қол келмейін деген ғой…» деп әжем де қоймайды. Сонымен не керек, үйдегі қалың дәптерді қайтадан ашып «Ақаб бір жылқы» дегеннің қасына «бір қошқар» дегенді тағы қосып қойдық.
Атамның көзі тірісінде аралас-құралас болған бір досы бар еді. Біраз жылдар араласпай қалып, сол досы осы тойға келген болатын. Әжем: «Қаншама жылдан кейін бірінші мәрте келіп отыр, ұят болар, мәшинесіне бір қой салып жіберіңдер», деді. Айтты, бітті. Інім қораға секіріп түседі. Тағы көзі бірден әлгі қошқарға түскен ғой. Бірақ жануар мықты екен. Ініме бой бермей, мойнындағы жібі үзіліп кетсе де, еш ұстатпай қояды. Амал жоқ, атамның досына басқа қой бұйырды.
Кешке мал өрістен келді. Қошқардың егесі қайтадан үй-үйді аралап, «жоқ» іздейді. Бұл жолы біздің қораға жақынырақ келген көрінеді. Қараса, қораның жанында қошқарының мойын жібі жатыр. Жалма-жан қораға үңіледі. Сөйтсе қөп қойдың арасында дымды түсінбей қошқары тұр. Салған жерден «мынау менің қошқарым» деп байбалам салады.
Сонда інім: «Қойыңыз, өтірік айтпаңыз, бұл кешегі тойға әжемнің інісі Ақаб әкелген қошқар», деп жеңістік бермейді. Тіпті қалың дәптерді әкеп «Ақаб – бір жылқы, бір қошқар» деген жазуды көрсетеді. Сонымен, әжептеуір айқай-шу. Ақырында мал олардікі екені таза дәлелденіп, қошқар «қамаудан» босатылды. Содан інім үйге ашумен кірген де қалың дәптерді алып, нағашымыздың «жылқысының» қасына қосақталып жазылған «қошқарды» әжемнің көзінше сызып-сызып тастапты.
Мән-жайға түсінген әжем төмен қарай беріпті. Тек «мен қайдан білейін, айналайын…» дегенді қайталай берген көрінеді. Қайран әжем-ай… Сөйтіп тағы бір қызыққа батырған. Кейінірек білдік қой, Ақабтың қараңғыда көліктен түсіргені бір жәшік алма екен.

**

ЕМТИХАН

барып кітап оқып, азды-көп конспект жазып… Бұл қалай болды сонда? Үйде бала-шағам «Әкеміз университте оқып жатыр» деп қуанып жүр. Әйелім ағайын-туыс, көршілердің бәріне осылай деп айтып қойған. Емтихан басталады дегелі бері өзім де қуанып, сол күнді асыға күттім… Мен өз мамандығым бойынша білім нәрімен сусындап, елім үшін адал қызмет етсем деп едім… Дипломды өз еңбегіммен алсам деп едім…
– Ойбай, Жұмеке, диплом болады… Тек сабыр етші… Келесі жылы диплом алып кетесің.
– Қандай диплом?
– Кәдімгі көк диплом…
– Ой, маған қызыл диплом керек.
– Мейлі, айтқаның болсын… Қызыл диплом береміз. Тек университетке келмеші енді…
Сөйтіп бүкіл оқытушы Жұмекеңді арқасынан қағып, ұбап-шұбап әрең шығарып салыпты.
Одан кейін де Жұмекең еріккен кезде универдің басшыларына телефон шалып «Ертең емтиханға барамын» деп, зәрелерін ұшырады екен. Қазір құдайға шүкір, Жұмабек ағамыз қызыл дипломмен еліне адал қызмет етіп жүр.

**

ҚҰЛШЫЛЫҚ

Баяғыда емес, осы кеше ғана болған оқиға. Бір жұмада молда шаштаразыға барып, сақал-мұртын бастыртып, шашын алдыртыпты. Алдында отырған адамның кәтта молда, үлкен діндар екенін білетін шаштараз бір уақытта: «Аға, шынымды айтайын, бұл дүниеде Алла бар дегенге сенбеймін» деп қалыпты. Молда үндемейді. Сірә, Алланың ақиқаты көптен бері алқымынан алып, мазалап жүрген болса керек, шаштаразшы біраздан кейін тағы да «Алла жоқ» деп қалады. Молда тағы үндемейді. Ісін бітіріп, тарақ-қайшысын жинап, реттеп жатқан шаштаразшы тағы да бір рет: «Алла жоқ» дейді. Сонда орнынан тұрып, үсті-басын қағып жатқан молда: «Неге өйтіп айтасың, қандай дәлелің бар?» депті.
– Өзіңіз қараңызшы, мына дүниеде байлар бар, кедейлер бар. Бір байлар ақшаны судай шашып, жалғанды жалпағынан басып жүр, екінші біреулері ішерге ас, киерге киім таппай, қиналып жүр. Осы теңсіздікті реттемей Алла не бітіріп жүр? – дейді шаштараз ашынып.
Молда үндеместен сыртқа шығып кетеді. Шаштараз дәл қаланың ортасында, адам көп жүретін жерде орналасқан екен. Сыртқа шыққан молда соларға қарап: «Ей, халайық, бұл жерде шаштараз жоқ» деп айқайлапты. Ары-бері ағылып жатқан халық қарап қалады. «Халайық, бұл жерде шаштараз жоқ… Басқа жаққа барыңыздар».
Бұл айқайды естіп шаштараз далаға атып шығады. «Молдеке, мұныңыз не, көзімді бақырайтып қойып, «шаштараз жоқ» дегеніңізге жол болсын? Қазір ғана сіздің сақал- мұртыңызды басып, шашыңызды алып бердім емес пе?» дейді алқынып. Сонда молдекең: «Сен өзің қарашы, мына жерден қаншама жұрт ағылып жатыр. Бірақ, солардың арасында шашы өсіп, сақал-мұрты ұзарып кеткендері де бар. Солардың сақал- мұртын, шашын реттемей, сен не бітіріп жүрсің?» депті.
– Оу, қызықсыз ба? Мен қайсысының артынан жүгіріп жүремін, олар сіз құсап менің алдыма келмей ме екен, мына орындыққа отырмай ма екен, сосын сақал-шашын реттеп бермеймін бе екен?
Осы кезде молда:
– Міне, көрдің бе, сен неге Аллаға құлшылық жасап, Аллаға жалбарынбай жатып «Алла жоқ» деп айтасың. Алланың мейірімінде шек жоқ. Алдымен Аллаға құлшылық жаса, ниет ет, тәубеңе кел. Аллаға қарай өзіміздің қадам басқанымыз жөн. «Маған бір қадам жүрсең, мен саған он қадам жүремін» деген Алла Тағала, – деген екен.
… Сол айтпақшы, «Алланың өзі де, сөзі де рас». Өз жанымнан қосатыным, қайбір жылы Тараз қаласындағы орталық мешіттің «жыры» созылып, құрылысы зорға аяқталып, әрең дегенде пайдалануға берілгенін жамбылдық ағайындар жақсы біледі. Сол Алла үйі пайдалануға «әні беріледі, міне беріледі» деген күндердің бірінде белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаров таксиге мінсе, шопыры қазақ жігіт қайта- қайта: «Тү-у, мына мешітті ел қаншама жыл күткенде іші тар болып қалатын болды, құрылысын зорға бітірді» деп күйіне берсе керек. Сода Шөкең:
– Сен өзің намаз оқитын ба едің? – деп сұрапты.
– Жоқ.
– Айналайын, сен өзің намаз оқитын болып, осы мешітке келші, бір нәрсе қып бір орын тауып берерміз, – деген екен.
Сол айтпақшы, Аллаға құлшылық жасаймын деген кісіге мешіттен қашанда бір орын табылады, ағайын.

**

Оралхан Дәуіт

Leave A Reply

Your email address will not be published.