Көліктік бақылау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар

0 19

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінде Маңғыстау облысының Көліктік бақылау инспекциясында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бас маманы Нұргүл Мұқатай сала мамандарымен кездесуде айтты.

«Республикалық деңгейде көліктік бақылау саласына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау жүргізілді. Нәтижесінде 800 мыңнан астам көлік құралы ресми көліктік бақылаусыз қалып отырғаны белгілі болды. Агенттік 54 жалған техникалық байқау операторын анықтады, олар тек 2021 жылы 435 мың жалған диагностикалық карта берген. Осылайша, Қазақстанның барлық автокөліктерінің 15%-ы азаматтардың өмірі мен денсаулығына, жалпы қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Алайда, көліктік бақылау органдары жалған техникалық байқау операторларымен қарсы күрестің орнына, олардың заңсыз қызметіне көз жұмып қарап отыр. Маңғыстау облысында да жалған техникалық байқау өткізу фактілері белгілі болды. Тіпті, бұл қызметті инспекцияның мамандары мен олардың жақын туыстары да пайдаланып, жемқорлық тәуекелдерін туғызған,»  — деді Нұргүл Мұқатай.

Бұдан бөлек, талдау қорытындысы бойынша көлік құралына рұқсат карточкаларын беру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екені анықталды.

Кездесу барысында спикер жемқорлық құқық бұзушылықтарға ықпал ететін, мәжбүр ететін себептерді болдырмаудың маңыздылығы туралы айтып,   жемқорлық іс-әрекеттері үшін жазаның қатаңдатылғанын ескертті.

Егер, сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына тегін хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.