Нұржан Нұржігітов «Тараз» ФК басшылық құрамымен кездесті

0 14

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов «Тараз» кәсіпқой футбол клубының басшылық құрамымен кездесті. Кездесуге облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, ҚР кәсіпқой футбол лигасының президенті Шох Рохус, облыстық футбол федерациясының директоры Әлімбек Жұмабаев, «Тараз» кәсіпқой футбол клубының директоры Жандос Ахметов, «Тараз» кәсіпқой футбол клубының бас жаттықтырушысы Нүркен Мәзбаев қатысты — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқосуда «Тараз»-дың өткені, бүгіні туралы айтылды. Сондай-ақ, құраманың осы маусымдағы құрылымы, жағдайы және алдағы жоспары сөз болды. Кездесіп отырған бірқатар мәселелер де талқыланды.

Облыс әкімі клубтың басшылық құрамы мен ойыншылардың басым бөлігі жергілікті футболшылар екенін ескеріп, олардың мүмкіндіктері мен әлеуетіне назар аударды. Футбол – көрермені ең көп спорт түрі екенін, оған қызығатындардың да, жиналатындардың да қарасы қалың екенін жеткізді.

Негізгі міндет – жанкүйерлердің үмітін ақтау, облыстың намысын абыройлы қорғау. Осылай деген аймақ басшысы «Тараздың» соңғы жылдардағы көрсеткіші көңіл көңшітпейтінін, ағымдағы маусымдағы алғашқы ойындары жаман еместігіне тоқталып, қалайда чемпионатты табысты аяқтау керектігін баса айтты. Клубтың жоғары нәтижеге жетуі үшін ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарын құру және мәселелерді шешу бойынша нақты тиімді ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Нұржан Нұржігітов спорттың бұл түрімен әуестенетін жастар мен балалардың көп екенін тілге тиек етіп, олардың арасынан болашақта чемпион шығатынына сенім білдіріп, тек қолдау, талантын тану керектігін атап өтті.

Өз кезегінде Шох Рохус, Әлімбек Жұмабаев, Жандос Ахметов ойларымен бөлісіп, жаттығу және дайындық барысы жайлы қысқаша әңгімеледі.

Облыс әкімі клубқа командалық рух, бірлік, жеңіс, сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.