Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ Департаментіне қарасты ЖД-158/7 мекемесінде жаза мерзімін өтеуші азаматтар арасында Арт-терапия әдістемесінің «Маскотерапия» түрі жүргізілді. Жаза мерзімін өтеушілер арасындағы қарым-қатынасты нығайту, олардың өзін еркін сезінуіне жағдай туғызу мақсатында ұйымдастырылған тренингте қатысушыларға түрлі психологиялық әдістер арқылы сауалдар қойылды. Маска терапиясына қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, олар физикалық және психологиялық әсерлерін ортаға салды. Осылайша «Маскотерапия» жаттығуы барысында психопрофилактикалық және психокоррекциялық жұмыстары өз нәтижесін берді.
Психолог мамандардың айтуынша, мұндай эмоционалды психологиялық жүктемелер мекемеде жазасын өтеп жатқан жандар үшін өте пайдалы. Маска терапиясы сотталушылардың өздерінің шынайы келбетін қайта табуға, өзін, өмірдегі орнын дұрыс түсінуді қалпына келтіруге, сондай-ақ басқа адамдармен үйлесімді қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Яғни жазасын өтеушілердің психологиялық стресстерін жеңілдетеді, алаңдаушылық пен агрессияны азайтады, күйзеліске төзімділіктің дамуына ықпал етеді. Сонымен бірге ортада қолайлы психологиялық атмосфераны және бір-біріне мейірімді қатынасты қалыптастырады. Психологияның бұл әдістемесі олардың эмоциялық және психикалық көңіл-күйін бақылап, қажет болған жағдайда шара қолдануға ықпал етеді екен.