Ауыл тұрғындарымен кездесіп, ел ішіндегі көкейкесті мәселелерді біліп отыру үнемі назарда. Бұл жұмыстар Т.Рысқұлов ауданында бекітілген кестеге сай жүзеге асырылып келеді. Бүгін бекітілген кестеге сәйкес аудан әкімінің орынбасары Б.Есеев Қайыңды, Тереңөзек және Ақыртөбе ауылдық округтерінде тұрғындарымен кездесті.
Жиын барысында Қайыңды ауылына барар жолдағы облыстық мәндегі жолды жөндеу, сондай-ақ ауылдың ішкі жолдарын жөндеу, Сөгеті және Мамай ауылдарына таза ауыз су жеткізу, жер телімін алу, оңалту орталығын ашу мәселелері көтерілсе, Тереңөзек ауылдық округі тұрғындары тарапынан көше жарығы, Тереңөзек ауылындағы Жамбыл орта мектебіндегі оқушылардың сыйымдылығы, Көкарық және Шолақ-Қайыңды елдімекендерінде жаңа білім ошақтарын салу, қаңғыбас иттерді аулау, Шолақ-Қайыңды ауылына көгілдір отын жеткізу, кварц өндіру орнының мәселесі және ауыл ішіндегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері көтерілді. Ақыртөбе ауылдық округінің тұрғындары да бірқатар ұсыныстар айтты. Ақыртөбе елдімекеніне мәдениет үйін және спорттық сауықтыру кешенін салу, таза ауыз су мәселесі, каналдарды тазалап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жолдары қарастырылатын болады. Әр ауылдық округте өткен халықпен кездесуден кейін аудан әкімінің орынбасары ауыл азаматтарын жеке сауалдарымен де қабылдау жүргізді.