Салалық бағдарламалардың орындалуы –маңызды міндет

0 3

Мойынқұм ауданынің әкімі Әлихан Балқыбековтың қатысуымен аппараттық кеңес өтті. Облыстық, аудандық хаттамалардың орындалуы туралы аудан әкімінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Нұргелді Қазақбайұлы жеткізді. Онда 2023-2025 жылдары аралығында даму әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру мақсатында облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың әлі күнге дейін орындалмағаны айтылды. Осы мәселені сынға алған аудан басшысы Әлихан Әбіләшұлы орынбасары Жақсыбек Исақов пен бөлім басшыларына бірқатар тапсырма берді. Бұдан кейін аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Ернұр Нәдірғожин аудан елді мекендеріндегі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы туралы ақпарат берсе, аудандық полиция бөлімінің бірінші орынбасары Үсен Айнақұл мал ұрлығы ауыр қылмыстарға жататынын, ал малды қараусыз жіберу жол апаттарына да себеп болып отырғанын жеткізіп, алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарын айтты.

Аудан әкімдігінің үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғани Тлешев аудан елді мекендеріндегі күзгі екі айлық көріктендіру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының жүргізілу барысын атап айтып, ауылдық округтерде суретке түсірілген күлқоқыс қалдықтарын слайд арқылы көрсетті. Ал аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков қазіргі таңдағы аса маңызды мәселе отбасылық цифрлық карта бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен медициналық сақтандыру мәселелері бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндама барысында статистикалық мәліметтер келтіріліп, төмен нәтиже көрсеткен ауылдық округтер атап өтілді. Жиын барысында аудан елді мекендеріндегі берешек көлік салығының орындалу барысы, аудан жастарының жұмысқа орналасу деңгейі мен 1-қазан Қарттар күніне дайындық барысы талқыланды.

Ал, жиынды қорытындылаған аудан әкімі қаралған мәселелер бойынша берілген тапсырманы уақытында орындамаған әрбір ауыл әкіміне ескерту айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.