Үлкенге құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. «Қариясы бар үйдің, қазынасы бар» дегендей, ардагерлеріміздің өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерінің біз үшін орны бөлек.
Аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай өткен «Асыл қариялар» атты әдеби-сазды кеште аудан мен облыстың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардагерлеріміз ардақталды.

Онда кеш қонақтары, ауданның Құрметті азаматтары Раушан Жетібаева, Мұқан Сартов, Әбдікерім Тойшыбеков, Айнаш Боташқызы, Гүлсім Нарбаева, Гүлжахан Әлиқызы, Бекмұрат Жамбыловтар сөз алып, жастарға үлгі боларлық өсиеттерін айтып берді. Сондай-ақ елімізге белгілі, күміс көмей әнші Зинакүл Қаймақованы еске алып, әншінің ауданға ғана емес, облысқа, қала берді республикаға танымал бола білген талантты әнші екенін тілге тиек етті.
Мерекелік іс-шара барысында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Мейіржан Сейділдаев, Гүлдана Әлиева, Ержан Омаровтар әнші З.Қаймақованың шырқаған әндерін орындап, көрермен көңілін тебірентті.
Кеш соңында мәнді де, мағыналы кездесудің өтуіне ұйытқы болған аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев кеш қонақтарын айтулы мерекелерімен құттықтап, Алғыс хатын табыс етті.