Ел болып ұйысып, татулықпен бірліктің арқасында мұқтаж жандарға көмектесу арқылы көне Асар дәстүрі ел арасында белең алуда. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы, ауданда мұқтаж жандарды баспанамен қамту мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Себебі «Асар» дәстүрі – көпшіліктің қолдауымен шөп шабу, егін жинау, үй тұрғызу сынды ауыр жұмыстарды бірлесе отырып мұқтаж жандарға көмектесу болып табылады.
Осыған байланысты аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлының ұйымдастыруымен Мойынқұм ауылының тұрғыны, көпбалалы ана М.Сарсембековаға көмек көрсетілген болатын. Бұған аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімінің аппарат, округ әкімдігі мен мекеме, бөлім қызметкерлері де ат салысқан еді.
Осы жұмыстардың барысын бақылау мақсатында аудан әкімі Ә.Балқыбеков М.Сарсембекованың үйінде болды. Онда жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасын көріп, үй егесімен әңгімелесті.
М.Сарсембекова өзіне көрсетілген көмек үшін барша азаматтарға алғысын білдіріп, «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы үйіне бесте он көлемінде бөлме қосылып, қазіргі таңда үйінің үлкейіп қалғандығын тілге тиек етті. Өз кезегінде аудан әкімі «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы, ауданда едеуір жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта да заң талаптарына сай көмек көрсетілетінін жеткізді.
Негізінен асарлатып салынып жатқан үйлер әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға ауыл тұрғындарының, ақсақалдардың, жастардың, кәсіпкерлердің демеушілігімен және округ әкімінің көмегімен жүргізілуде.
Жалпы ауданда Айдарлы, Биназар, Бірлік, Мыңарал, Хантау және Шығанақ ауылдарынан 2 жаңа құрылыс, 4 күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда Хантау, Бірлік, және Мыңарал ауылдық округтерінде жөндеу жұмыстары толық аяқталса, ал Шығанақ ауылында құрылыс 85 пайызға, Айдарлы ауылында «Қатымхана» құрылысы 75 пайызға орындалған.