Талас ауданындағы «Балалар өнер мектебі» 2024-2025 оқу жылын аяқтау қорытындысын салтанатпен атап өтті. Жиынға аудандық білім бөлімінің әдіскері Сәуле Сағымбекова мен қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп ата-аналары қатысты.
Балалар өнер мектебін Ақкөл, Майтөбе ауылдарындағы филиалдарын қосқанда 52 оқушы бітірді. Домбыра сыныбы бойынша 16 оқушы, қобыз сыныбы бойыншы 1 оқушы, баян сыныбы бойынша 1 оқушы, дәстүрлі ән-терме сыныбы бойынша 1 оқушы, фортепиано сыныбы бойынша 4 оқушы, хореография бөлімі бойынша 10 оқушы, бейнелеу өнері бөлімі бойынша 19 оқушы.
Сәуле Сағымбекова мен Балалар өнер мектебінің директоры Гүлмира Күсепбаева салтанатты жиынға қатысушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, мектептің саз бөлімін, хореография бөлімін, бейнелеу өнері бөлімінің толық дәрісін аяқтап, мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсырып, оқу жылын сәтті аяқтаған түлектерге жылы лебіздерін білдіріп, куәліктер мен мадақтама қағаздарын тапсырды.
Салтанатты жиын бітіруші түлектердің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Домбыра сыныбының бітіруші түлектерінен құралған үштік халық әні «Ләйлімді», Е.Үсеновтің «Қосбасар» шығармасын фортепианомен қосылып орындаса, Асылназ Серік Динаның күйі «Науысқыны» нақышына келтіріп орындады. Қобыз сыныбын бітіруші түлек Алтынай Әбілқасым халық әні «Дайдидауды» жетекшісімен фортепианомен қосылып, көпшілік назарына ұсынды. Домбыра сыныбының түлегі Бақдәулет Жақып Ақан Серінің әні «Балқадишаны» әуелете шырқаса, бағдарламаны хореография бөлімінің бітірушілері мың бұралған билерімен жалғастырды. Бейнелеу өнері бөлімін бітірушілерінің дипломдық жұмыстарынан көрме қойылды.
Жиын соңында бітіруші түлектердің ата-аналары Айгүл Тұяқбаева мен Эльмира Сәбденбекова бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, оқушыларға білім берген мектептің мұғалімдеріне алғыстарын айтып, алдағы уақытта жұмыстарына толағай табыстар тіледі.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.