Кен өндіру – экономикаға өсім

0 58

Қордай ауданында өндіріс саласын дамытуға және инвестициялық әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жобалардың бірі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудан аумағында орналасқан «Шоқпар – Гагаринское» тау-кен байыту комбинатында болып, өндірістік нысанның қазіргі жұмыс барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы кәсіпорынның өндірістік қуаты, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері және алдағы даму жоспарлары жөнінде мәлімет алып, комбинат басшылығымен кездесті. Сонымен қатар жүзеге асырылып жатқан жобаның аудан экономикасына қосар үлесі мен әлеуметтік маңызы талқыланды.

Жалпы құны 47 миллиард теңгені құрайтын ауқымды инвестициялық жоба өткен жылы іске қосылған болатын. Бүгінде жоба аясында құрылыс және өндірістік жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, комбинат толық қуатына шыққан кезде өңірдегі ірі өндіріс орындарының біріне айналады.

«Шоқпар – Гагаринское» тау-кен байыту комбинаты Шоқпар және Гагарин тау бөктерлерінде орналасқан кен орындарын игеруге бағытталған. Мұнда құрамында бағалы және түсті металдар бар кен өндіріліп, арнайы технологиялық үдерістер арқылы өңделеді. Атап айтқанда, кәсіпорында алтын, күміс, мырыш және қорғасын концентраттарын өндіру жоспарланған. Бұл металдар әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие стратегиялық шикізат түрлерінің қатарына жатады.

Мамандардың мәліметінше, өндіріс ошағы жыл сайын 500 мың тоннаға дейін кен өндіруге қауқарлы болады. Мұндай өндірістік қуат ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, облыс экономикасының дамуына да елеулі үлес қоспақ. Сонымен қатар өндірілетін өнім көлемінің артуы бюджетке түсетін салық түсімдерінің көбеюіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң әсер етеді.

Кездесу барысында Бегзат Сейсенқұлұлы комбинат өкілдерімен пікір алмасып, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар мен болашақ жоспарлар туралы сұрады. Әсіресе аудан басшысы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, мұндай ірі өндірістік жобалар ең алдымен өңір халқының әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуі тиіс.

Аудан әкімі кәсіпорын басшылығына мүмкіндігінше жергілікті кадрларға басымдық беруді және аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Бұл өз кезегінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Комбинат өкілдерінің мәліметінше, кәсіпорын толық іске қосылған кезде 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл аудан үшін жаңа жұмыс орындарын ашу тұрғысынан маңызды көрсеткіштердің бірі саналады. Сонымен қатар өндірістік үдерістердің ұлғаюына байланысты қосымша қызмет көрсету салаларының дамуына да серпін беріледі.

Жалпы жоба аумағы 1100 гектар жерді алып жатыр. Қазіргі уақытта өндірістік алаңда инфрақұрылымдық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Комбинат қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Заманауи өндірістік талаптарға сәйкес келетін құрал-жабдықтар кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр.

Сонымен қатар әкімшілік ғимараттардың құрылысы жалғасуда. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған жатақханалар мен тұрмыстық нысандар салынуда. Бұл өндіріс қызметкерлерінің еңбек етуіне және демалуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, кен өндіру және оны өңдеу жұмыстарына арналған арнайы ауыр техникаларға тапсырыс берілген. Кәсіпорын басшылығының мәліметінше, аталған техникалар жуық арада жеткізіліп, өндірістік процеске тартылатын болады. Бұл өз кезегінде жұмыстардың тиімділігін арттырып, өндірістік қуатты кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жобаның толық құрылысы мен барлық өндірістік нысандарды іске қосу жұмыстары 2027 жылы аяқталады деп күтілуде. Осы уақытқа дейін өндіріс кешенінің барлық инфрақұрылымы қалыптастырылып, кәсіпорын толық жобалық қуатында жұмыс істейтін болады.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, экономиканың әртараптануына ықпал етеді. Сонымен қатар жергілікті бюджет кірісінің артуына, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізеді.

Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі Бегзат Болатбеков ауданға тартылып жатқан инвестиция көлемінің артуына елеулі үлес қосып отырған «Шоқпар – Гагаринское» тау-кен байыту комбинаты ұжымына алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар өндірістің қауіпсіздігіне, қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуына және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне тұрақты түрде назар аудару қажеттігін атап өтті.

Жалпы алғанда, «Шоқпар – Гагаринское» тау-кен байыту комбинаты Қордай ауданындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі саналады. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін ауданның өндірістік әлеуеті артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасының тұрақты дамуына тың серпін береді деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.