Қордай аудандық Мәдениет үйінде «Ауыл әйелі – ауыл экономикасы» атты маңызды форум өтіп, онда ауыл әйелдерінің қоғамдағы орны, кәсіпкерлік әлеуеті және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі кеңінен талқыланды. Тағылымды іс-шара ауылдық жерлердегі қыз-келіншектердің бастамаларын қолдауға, олардың экономикалық белсенділігін арттыруға және кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.
Бүгінде ауыл әйелдері тек отбасының берекесін келтіріп отырған жандар ғана емес, сонымен қатар түрлі кәсіп түрлерін игеріп, жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген белсенді тұлғаларға айналды. Форум барысында осы мәселелер жан-жақты талқыланып, табысты кәсіпкер әйелдердің тәжірибелері ортаға салынды.
Іс-шараға «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, облыстық мәслихат депутаты әрі Әйелдер қанатының төрайымы Айман Ашимова, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының аға оқытушысы Тәтті Орынтай, сондай-ақ ауданның кәсіпкер қыз-келіншектері мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Форум аясында алдымен ауданның іскер әйелдері мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар, тігін өнімдері, тағам түрлері, сәндік-қолданбалы өнер туындылары және жергілікті кәсіпкер әйелдердің өнімдері қойылды. Қонақтар мен форум қатысушылары көрмені аралап, ауыл әйелдерінің еңбегі мен шығармашылығына жоғары баға берді. Әсіресе ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қолөнер бұйымдары көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.
Форумның негізгі бөлімінде ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, қаржылық сауаттылықты арттыру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу тетіктері және гранттық қолдау мүмкіндіктері жан-жақты сөз болды. Сонымен қатар қатысушыларға кәсіп ашу барысында кездесетін қиындықтарды еңсеру жолдары мен бизнесті тиімді жүргізудің заманауи тәсілдері жөнінде ақпарат берілді.
Жиында сөз сөйлеген Бейқұт Жамангозов кәсіпкер әйелдердің аудан экономикасын дамытудағы рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген әйелдердің саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл өз кезегінде халықтың табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің нығаюына ықпал етуде.
– Әйелдердің кәсіпкерлікке келуі тек бір отбасының тұрмысын жақсартумен шектелмейді. Олар жаңа идеялар ұсынып, жұмыс орындарын ашып, ауыл экономикасының дамуына нақты үлес қосып отыр. Сондықтан мұндай бастамаларды жан-жақты қолдау маңызды, – деді ол.
Форум барысында сөз алған облыстық мәслихат депутаты Айман Ашимова да өңірдегі әйелдердің қоғамдық және экономикалық өмірдегі белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Жамбыл облысында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.
– Қазіргі таңда Жамбыл облысында 612 мыңнан астам қыз-келіншек тұрады. Соның 53 пайызы шағын және орта бизнеспен айналысады. Бұл – әйелдердің үлкен бастамаларға ұйытқы болып, өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырғанының айқын дәлелі. Әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы белсенділігі жыл сайын артып келеді. Бұл – қоғамымыздағы оң өзгерістердің көрінісі, – деді ол.
Өз кезегінде Тәтті Орынтай ауыл әйелдерінің қайсарлығы мен еңбекқорлығы туралы ой бөлісті. Ол қандай істі бастау үшін ең алдымен адамның өзіне деген сенімі болуы қажет екенін атап өтті.
– «Қолымнан іс келмейді» деген түсінік болмауы керек. Бұл залда отырған кәсіпкер әйелдердің ешқайсысы дайын кәсіпкер болып туған жоқ. Олар қажырлы еңбек, ізденіс, табандылық пен тәжірибенің арқасында бүгінгі жетістікке жетті. Сондықтан әрбір адамның бойында белгілі бір қабілет бар. Ең бастысы – соны аша білу. Бүгінгі көрмені аралап, ауыл әйелдерінің еңбегіне тәнті болдым. Еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын, – деді спикер.
Форум барысында табысты кәсіпкер әйелдер де өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар кәсіп бастаудағы алғашқы қадамдар, кездескен қиындықтар, мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалану және бизнесті дамыту жолдары туралы әңгімеледі. Мұндай тәжірибе алмасу қатысушылар үшін үлкен мотивация көзіне айналды.
Жиынға қатысқан әйелдер кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген несие алу тетіктері, гранттық жобалар мен оқыту курстары жөнінде пайдалы ақпараттар алды. Сонымен қатар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, тәжірибелі мамандармен пікір алмасты.
Форум соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің ауыл әйелдерінің белсенділігін арттыруға және жаңа бастамаларға жол ашуға үлкен ықпал ететінін атап өтті. Олардың айтуынша, осындай алаңдар ауылдағы қыз-келіншектердің өз мүмкіндіктерін танытып, кәсіпкерлік саласында жаңа жетістіктерге жетуіне серпін береді.
Жалпы, «Ауыл әйелі – ауыл экономикасы» форумы ауыл әйелдерінің қоғамдағы рөлін арттыруға, олардың экономикалық дербестігін нығайтуға және кәсіпкерлік мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды. Форум барысында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар ауылдық жерлердегі әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға және өңір экономикасының тұрақты өсуіне өз үлесін қосатыны сөзсіз.