Шат күлкісі сәбидің…

0 23

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сарысу ауданында кең көлемді мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл күн – балаларға қуаныш сыйлап, олардың құқығын қорғауға, мейірім мен қамқорлықты арттыруға арналған ерекше мереке.

Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен орталық алаңда «Бала – болашақтың шамшырағы» атты мерекелік іс-шара өтті. Шараның басты мақсаты – балалардың шығармашылығын дамыту, олардың талантын қолдау және мерекелік көңіл күй сыйлау болды.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол Халықаралық балаларды қорғау күні – баршаға ортақ мейірім мен қуанышқа толы күн екенін атап өтті. Сонымен қатар балалардың күлкісі мен бақытынан асқан құндылық жоқ екенін жеткізіп, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын айтты.

Мерекелік іс-шара барысында аудан көлемінде белсенділік танытқан бірқатар оқушылар аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Балалардың жетістіктері мен еңбектері ерекше атап өтіліп, олардың алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдірілді.

Шара аясында балалар-жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен «Асфальтқа сурет салу» байқауы және «Эстафеталық ойындар» өткізілді. Бұл сайыстарға қатысқан оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, белсенділік танытты. Жеңімпаздар арнайы марапаттармен және сыйлықтармен марапатталды.

Орталық алаңда балалардың сурет және қолөнер туындылары қойылған көрме ұйымдастырылып, аудан әкімі жасөспірімдердің еңбектерімен танысты. Көрмеге қойылған жұмыстар балалардың қиялы мен шығармашылығының жоғары деңгейін көрсетті.

Мерекелік бағдарламаны балалар-жасөспірімдер орталығының өнерпаз жастары жалғастырып, ән айтып, би билеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әуендер мен жарқын қойылымдар мерекенің сәнін келтірді.

Балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар тек орталық алаңмен шектелмей, ауданның қала және барлық ауылдық округтерінде де жалғасын тапты. Әр жерде ұйымдастырылған мерекелік бағдарламалар балаларға қуаныш сыйлап, олардың шат күлкісіне бөленді.

Жалпы, бұл мереке – жас ұрпақтың бақытты балалық шағы мен жарқын болашағына бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі ретінде Сарысу ауданында жоғары деңгейде аталып өтті.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.