Ой үздіктері анықталды

0 55

Сарысу ауданы Жайылма ауылындағы Бөрібай Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ киносы мен театрының көрнекті тұлғасы, жерлесіміз Асанәлі Әшімовтің құрметіне арналған жасөспірімдер арасындағы ашық шахмат турнирі өз мәресіне жетті. Екі күн бойы жалғасқан додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас шахматшылар бақ сынап, өздерінің логикалық ойлау қабілеттерін, тактикалық шеберліктері мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті.

Турнирдің басты мақсаты – жас ұрпақ арасында шахмат спортын кеңінен насихаттау, талантты спортшыларды анықтау және ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы саналатын Асанәлі Әшімовтің өнегелі өмір жолын жас буынға үлгі ету болды. Жарыс барысында қатысушылар тартысты әрі қызықты партиялар өткізіп, әр кездесуде жеңіске жету үшін бар күш-жігерлерін салды. Көптеген ойындар соңғы жүріске дейін созылып, көрермендер мен төрешілердің қызығушылығын арттырды.

Ашық турнирге Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Тараз қалаларынан, сондай-ақ Түркістан мен Жамбыл облыстарынан барлығы 130 жас шахматшы қатысты. Бұл жарыстың ауқымдылығы мен беделінің жоғары екенін көрсетеді. Әр өңірден келген жас спортшылар өз мектептері мен облыстарының намысын қорғап, жоғары деңгейдегі дайындықтарын байқатты.

 Екі күнге созылған интеллектуалдық бәсекенің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар жарысқа белсенді қатысқан жас шахматшыларға да алғыс білдіріліп, олардың алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетуіне тілектестік білдірілді.

Мұндай тағылымы мол жарыстар жасөспірімдердің ой-өрісін дамытуға, зияткерлік қабілеттерін шыңдауға және салауатты өмір салтын ұстануға зор ықпал етеді. Асанәлі Әшімовтің есімін ұлықтауға арналған бұл турнир алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын тауып, жас шахматшылардың шеберлігін шыңдайтын маңызды спорттық алаңдардың біріне айналады деген сенім мол.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.