Ынтымақта – үлкен қуаныш!

0 46

Шақпақ ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты оқиға орын алды. Елді мекенде заманауи талаптарға сай салынған кіші футбол стадионының салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындардың ерекше ықыласына бөленді. Бұл нысанның пайдалануға берілуі ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасап қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құттыбайұлы Асабаев, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, аудан әкімінің кеңесшісі Әбдікерім Құлтайұлы Үркімбаев, спорт саласының ардагері Мақсұтбек Әбдіұлы Арзымбетов және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Керімхан Әуесбекұлы Төреқұлов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады.

Қонақтар өз сөздерінде мемлекет тарапынан спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтіп, ауылдық жерлерде осындай заманауи спорт алаңдарының салынуы жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және олардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, оларды зиянды әдеттерден аулақ ұстау және болашақта үлкен спортқа жол ашу мәселелері кеңінен сөз болды.

Шара барысында ауыл тұрғындары жаңа стадионның ашылуына қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары бұл нысанның жасөспірімдердің тәрбиесіне оң ықпал етіп, ауыл жастарының басын біріктіретін маңызды орталыққа айналатынына сенім білдірді.

Жаңа спорт алаңының ашылу рәсімінің ең әсерлі сәттерінің бірі – лента қию рәсімі болды. Стадионның ашылу лентасын аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев пен ауыл ардагері Күнтібек Еркебаев қиып, ел игілігіне берілген нысанға ақ жол тіледі. Бұдан кейін ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жастарға амандық, елге тыныштық пен береке тіледі.

Жаңа стадионның ашылуына орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары үшін көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған спорттық бағдарламалар өткізілді. Әсіресе жасөспірімдер арасында өткен кіші футбол турнирі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жас спортшылар алаңда өздерінің шеберліктерін көрсетіп, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін паш етті. Турнир барысында командалар жеңіске деген жігерін көрсетіп, көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады.

Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды «Шақпақтас» командасы жеңіп алды. Команда ойыншылары жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті. Екінші орынды «2017» командасы иеленсе, үшінші орынға «2013» командасы тұрақтады. Барлық командалар өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Турнир аясында үздік ойыншылар да арнайы марапаттарға ие болды. Үздік шабуылшы аталымы Тоқтан Омарға бұйырса, үздік қақпашы ретінде Бегалы Диас танылды. Үздік қорғаушы атағын Әбді Алихан иеленді. Ал турнирдің үздік ойыншысы болып Бағдатұлы Арслан марапатталды. Бұл жас спортшылардың жетістіктері олардың алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруына үлкен ынталандыру болды.

Жарыс соңында ауыл тұрғындары мен демеуші азаматтардың қолдауымен жеңімпаз және жүлдегер командаларға ақшалай сыйлықтар, медальдар мен дипломдар табыс етілді. Сонымен қатар үздік ойыншыларға арнайы сыйлықтар беріліп, олардың спортқа деген ынтасы мен талпынысына жоғары баға берілді.

Жаңа стадионның ашылуы Ынтымақ ауылы үшін маңызды оқиғалардың біріне айналды. Бұл спорт нысаны ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға және дені сау ұрпақ тәрбиелеуге қызмет ететін болады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай игі бастамалар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, елді мекеннің әлеуметтік өміріне де оң серпін береді.

Спорт – денсаулық кепілі, ал дені сау ұрпақ – ел болашағының негізі. Сондықтан Ынтымақ ауылында ашылған жаңа стадион ауыл жастарының армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, талай талантты спортшылардың қанатын қатайтатын маңызды орталыққа айналатыны сөзсіз.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.