14 маусым – Дүниежүзілік донор күніне орай Жамбыл облыстық қан орталығында «Адамгершіліктің бір тамшысы. Қан тапсырыңыз. Өмір сақтаңыз» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Адам өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүрген ерікті донорларға құрмет көрсетуге арналған жиынға медицина саласының қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері және тұрақты донорлар қатысты.
Дүниежүзілік донор күні – қан тапсыру арқылы мыңдаған адамның өміріне араша болып жүрген азаматтарға алғыс білдіретін ерекше күн. Бұл мереке қоғам назарын донорлық қозғалыстың маңыздылығына аударып, адамдарды өтеусіз қан тапсыруға ынталандыруды мақсат етеді. Осыған орай ұйымдастырылған шарада донорлықтың адам өмірін сақтап қалудағы рөлі кеңінен насихатталды.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек донорлықтың адамгершілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қан мен оның компоненттеріне деген қажеттілік медицинаның барлық саласында жоғары деңгейде сақталып келеді. Әсіресе ауыр ота жасалатын науқастарға, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен азаматтарға, босану кезінде асқынуларға тап болған аналарға және қан ауруларымен күресіп жүрген пациенттерге донорлық қан аса қажет.
– Донорлық – адам өмірін сақтап қалуға бағытталған ең ізгі әрі маңызды миссиялардың бірі. Бір адамның тапсырған қаны бірнеше науқастың өміріне араша болуы мүмкін. Сондықтан донорлардың қоғам алдындағы еңбегі ерекше құрметке лайық. Бүгінде өңір тұрғындары бұл іске белсенді атсалысып келеді, – деді басқарма басшысы.
Сержан Назарбектің мәліметінше, Жамбыл облысында жыл сайын 15 мыңнан астам азамат қан тапсырады. Қан орталығында жылына шамамен 25 мың доза қан компоненті дайындалып, облыстағы 27 медициналық ұйымға жеткізіледі. Бұл көрсеткіштер өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне және шұғыл медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылдың өзінде 56 мыңнан астам доза қан және оның компоненттері медициналық мақсатта пайдаланылып, 12 мыңнан астам науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туған. Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында нақты адам тағдыры, сауығып кеткен пациенттердің үміті мен жақындарының қуанышы тұрғаны сөзсіз.
– Әрбір доза қан – біреудің өмірге қайта оралуына себеп болатын үлкен мүмкіндік. Сондықтан тұрақты түрде қан тапсырып жүрген барлық донорларға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Олардың азаматтық жауапкершілігі мен жанашырлығы өзгелерге үлгі болуға тиіс, – деді Сержан Назарбек.
Мерекелік шара барысында қатысушыларды саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де құттықтап, донорлық қозғалыстың қоғамдағы орны мен маңызына тоқталды. Олар ерікті донорлардың қайырымдылық пен адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті.
Жиында сөз алған Жамбыл облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаров мекеменің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері туралы баяндады. Оның айтуынша, орталық халықаралық талаптарға сай қызмет көрсетіп, қан қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.
Атап айтқанда, қан орталығы СТ РК ISO 15189-2023 халықаралық стандарты бойынша аккредитациядан өтіп, зертханалық қызмет сапасының жоғары деңгейде екенін дәлелдеген. Сонымен қатар ұлттық аккредитация нәтижесінде жоғары санатқа ие болып, еліміздегі үздік медициналық ұйымдардың қатарынан көрінуде.
Мекеме басшысы халықаралық ынтымақтастықтың да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Жапония Елшілігі мен Түркияның халықаралық ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі – TİKA қолдауымен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар қан қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Іс-шара аясында донорлық қозғалыстың дамуына үлес қосқан азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді. Құрметті донорлар, медицина қызметкерлері және донорлық қозғалыстың белсенділері арнайы марапаттарға ие болды. Оларға алғыс хаттар, құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ қан орталығының кәсіби білікті мамандарын тәрбиелеп өсірген ата-аналарға да алғыс білдірілді. Бұл қадам медицина қызметкерлерінің еңбегін ғана емес, олардың қалыптасуына үлес қосқан отбасы мүшелерінің де еңбегін бағалаудың көрінісі болды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнерпаздардың ән-жырлары мен шығармашылық нөмірлері шараның мазмұнын байыта түсті. Кеш соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, донорлық қозғалыстың маңыздылығын тағы бір мәрте насихаттауға шақырды.
Дүниежүзілік донор күніне арналған бұл іс-шара қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін дамытуға, азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және донорлық қозғалысты қолдауға бағытталған маңызды бастама болды. Себебі донор болу – ешқандай материалдық сыйақымен өлшенбейтін, адам өмірін сақтап қалуға арналған үлкен азаматтық парыз әрі ізгілік жолындағы игі қадам.