Жуырда Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған спартакиада өтті. Аталған жарысқа ауданымыздан аудан әкімі аппаратының басшысы Құдайберген Рысдәулет бастаған команда қатысып, түрлі спорт түрлерінен бақ сынады.
Спартакиада бағдарламасына футзал, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, шахмат, қазақ күресі, киберспорт және баскетбол сияқты спорт түрлері енгізіліп, қатысушылар өзара мықтыны анықтады. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мемлекеттік қызмет саласының мамандары арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша сарысулық команда баскетбол спорт түрінен жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, аудан спортшылары жеке жарыстарда да табысты өнер көрсетті. Атап айтқанда, қазақ күресінен 100+ келі салмақта аудан әкімі аппаратының инспекторы Олжас Бейсен, 100 келі салмақта Жайылма ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Шерхан Бейсенбайұлы, 80 келі салмақта Жаңатас қаласы әкімі аппаратының бас маманы Нұрсәулет Бапетов, тоғызқұмалақтан аудандық білім бөлімінің бас маманы Жеңіс Мұсаахметов және үстел теннисінен Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айбек Жұмадулла алтын медаль иеленіп, аудан абыройын асқақтатты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан медаль, диплом және қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұл жетістік – сарысулық мемлекеттік қызметшілердің ұйымшылдығы мен спортқа деген қызығушылығының айқын көрінісі болып табылады.