Абай Құралбекұлының ақпаратына сүйенсек, Халықаралық обырға қарсы одақ бастамасымен жыл сайын 4 ақпанда Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні аталып өтеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы бойынша 2018 жыл 1-10 ақпан аралығында Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне арналған онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте анықтау туралы онкүндік өтуде.
Онкологиялық аурудың алдын алу және ерте анықтау жөнінде Дүниежүзілік күні мен –өткізіліп жатқан онкүндіктің мақсаты — онкологиялық ауруларды алдын алу шаралары, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, скринингтік тексеру кезінде онкологиялық ауруды ерте анықтау; онкологиялық сақтықты және өз денсаулығына жауапты қарым-қатынасты қалыптастыру туралы білім деңгейін арттыру арқылы онкологиялық аурудың ауыртпалығын төмендету жолдары туралы халықты ақпараттандыру.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – онкологиялық аурулармен күрес. Берілген мәліметтер бойынша 2017 жылы ҚР 35589 науқас анықталып, аурушаңдық көрсеткіші 100,0 мың адамға шаққанда 197,4 құрады, 2016 жылы 36998 ауру анықталып, аурушаңдық көрсеткіші 206,9 құрды. Жамбыл облысы бойынша бұл көрсеткіш 2017 жылы-143,0, 2016 жылы- 142,9. Бұл көрсеткіштің жоғары болу себебі жоспарлы профилактикалық тексеру кезінде ауруларды ерте сатысында анықтау, емхана деңгейінде дәрігерлердің онкологиялық сақтық дәрежесінің артуы.
Өлім көрсеткішіне келсек Қазақстан Республикасы бойынша 2017 жылы 14820 ауру қайтыс болып, өлім көрсеткіші 100,0 мың адамға шаққанда 84,7 құрады, 2016 жылы 15303 адам қайтыс болып өлім көрсеткіші 89,3 ті құрды (Республика бойынша 2017 жылы бұл көрсеткіштің индикаторы-93,3). Жамбыл облысы бойынша өлім көрсеткіші 2017 жылы-85,2, 2016 жылы 85,1, яғни жыл сайын тұрақтанып келеді, индикаторға қол жеткізілді.
Өткен 2017 жылы өңірімізде қатерлі ісікпен ауыратын 1566 адам бірінші рет тіркеуге алынды (2016 жылы-1552), оның 58,3 пайызы сырқаттың I және II сатысында екені анықталды. Бұл – осынша науқастың қажетті емді уақтылы алса, жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз. Жалпы, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін ауруды алдын алу және ауруды ерте сатыда анықтау қажет.
Статистикаға жүгінсек, облыста 2017 жылы обыр ауруының үлес салмағы бойынша сүт безі қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан. Нақтырақ айтсақ, арушаңдық 12,3 пайызды құрап отыр. Екінші орында 12,1 пайызбен өкпенің қатерлі ісігі, тері қатерлі ісігі-9,9, асқазан қатерлі ісігі 8,7, өңеш қатерлі ісігі-5,1, жатыр мойны қатерлі ісігі 4,9 және тағы басқалар.
Қазіргі таңда облыста 6663 (2016жылы-6260 адам) онкодиспансерде есепте тұрады, емдеу шаралары аурудың түріне және оның сатысына қарай жүргізілуде. Тұрғындарға облыс орталығында 135 төсектік облыстық онкология диспансері және емханалар құрамындағы 20 онкологиялық, 21 маммологиялық кабинет қажетті медициналық қызмет көрсетуде. Айта кететін жағдай 2017 жылы қаңтар айынан бастап сахпоселок аумағында (бұрынғы онкодиспансер ғимаратында) 30 төсектік хоспис ашылды. Бұл жалпы ауыр жағдайдағы науқастардың тіршілігін уақытша жақсартуға арналған,- деп сөзін түйіндеді Абай Құралбекұлы.