Қордай ауданында 60 мың тонна сүт жекеге кетіп жатыр

0 1

Осы ауданға жұмыс сапарымен барған облыс басшысы  Асқар Мырзахметов осы мәселенің шешімін табуды тапсырды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.

Атқарушы билікпен бір үстелде басы қосылған Қордайлық шаруалар біраз мәселенің шетін шығарды. Өткен жылы ауданда 1059 гектар жерге қант қызылшасы егілгенімен одан алған өнім көлемі аз. Сонымен қатар, өткерген өнім үшін төлемақыны әлі алмағандары да бар. Бұл тұрғыда келісім-шарттар дұрыс жасалмаған.

Бос жатқан жерлерді тиімді игерудің де маңыздылығы зор. Енді аудандық шенділер егістік көлемін жылдағыдай қағаз жүзінде артық етіп көрсете алмайды. Өйткені, мамыр айында әр ауданның ғарыштық түсірілімі жасалмақшы. Сонымен қатар, осы жиында облыс әкімі «Атамекен» ҰЭП-на да тауар өндірушілермен бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.

Кәсіпкерлік саласындағы түйткілдің бірі ауданда қаржылық ұйымдардың филиалдарының жоқтығы. Салдарынан кәсібін өркендетуге ниетті жандар  облыс орталығына сабылуға мәжбүр. Сондай-ақ, жекелеген кәсіпорындар мемлекеттің қаржылай көмегіне мұқтаж.

Тағы бір маңызды мәселе  Қордай ауданында қазір сүт өткізетін немесе оны өңдейтін ірі кәсіпорынның жоқ. Осының салдарынан қазір шаруалар өндіріп отырған сүт көрші облыстарға немесе басқа да фирмаларға сатылып жатыр.

Қордайлық шаруалар мен кәсіпкерлердің талап-тілегін мұқият тыңдаған өңір басшысы Қордай аудан әкімі мен салалық басқарма басшыларына, мүдделі мекеме жетекшілеріне аталмыш мәселелерді уақыт оздырмай шешуді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.