Тараз қаласындағы бұрынғы мал базар аумағы тұрғындары үшін көптен күткен көпір ел игілігіне берілді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Мұнда 900-ден астам үй бар болса, елді-мекенді қақ жарып Талас өзені ағады. Бұған дейін екі араны тек кішкентай қылкөпірлер жалғап келген. Одан көлік тұрмақ адам өтуге қауіпті болатын. Тұрғындар іргедегі базарға да айналып баруға мәжбүр болған. Бүгінгі таңда бұл аумақта орталық базарға тікелей қатынайтын жол салынуда.
«Қаланың шеті болғасын, құмыра сияқты болатын, кірген бетіңмен қайта шығатынбыз. Қазір міне сол құмыраның шеті сөгіліп, орталық базарға жол салынып жатыр. Қанша уақыт үнемдейтін боламыз. Сондықтан қуанышымызда шек жоқ», — деді тұрғын Оразбек Өскенбаев.
Құрылысына 71 млн теңге жұмсалған көпірдің жан-жағы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін темір торлармен қоршалған. Канал арнасы аршылып, таза су келе бастады. Енді мұндағы 19-шы автобус ауыл ішіне қатынап, Сеңкібай көшесінің аяғымен сауда орталығына тіке барады. Жол да салынып, бастысы тұрғындар 4-5 шақырымды және уақытын үнемдейтін болады.
Фото: Жамбыл тв