Жамбыл ауданында мал төлдету науқаны аяқталуға жақын. Жергілікті шаруалар биыл да мемлекеттен берілетін жеңілдіктерді пайдалану арқылы мал басын арттыруды көздеп отыр,- деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Жамбыл арнасына сілтеме жасап.
Жамбыл ауданына қарасты Мойынқұм мал жайылымында 68 шаруа қожалығы бар. Соның бірі «Пионер» өндірістік кооперативі 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Шаруашылық асыл тұқымды биязы қой өсіруге бағыттылған. Мемлекеттен берілетін көмекқаржы төрт түліктің түлеуіне сеп болып келеді.
«Бүгінгі күні шопандар жаңа туған төлге жағдай жасауға қызу кіріскен. 13 мың гектар жайылымы бар шаруашылықта 2500 ге жуық қой бар. Оның 80 пайыздайы қоздап үлгерді. Сондай – ақ, түрлі аурулардың алдын алу үшін дәрі егу жұмыстары да ұмыт қалған жоқ», — деді аудан әкімі Бақыт Қазанбасов .
«Шаруалар қойдан бөлек, жылқы мен сиырдың да бабын бағуда. Бір кооперативте ғана 65 жамбылдық жұмыспен қамтылып отыр», — деді ауданның мал дәрігері Рахымжан Сейдахметов.