Мексикалық бокшы допингке байланысты тамызға дейін спорттан шеттетілді. Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемионы Геннадий Головкиннің (37-0-1, 33 КО) промоутері Том Леффлер допинг қолданғаны үшін жарты жылға бокстан шеттетілген мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен (49-1-2, 34 КО) екінші кездесудің қашан өтетінін айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Los Angeles Times басылымына берген сұхбатында промоутер екінші жекпе-жек мексикалықтың жаза мерзімі аяқталған соң ұйымдастырылатынын айтты.
«Алдымен біз Головкиннің 5 мамырдағы кездесуін өткізіп алайық. Содан соң Golden Boy Promotions компаниясымен келіссөз бастап, жекпе-жекті қыркүйек айына ұйымдастырамыз. Бұл кездесуді әлі де жанкүйерлер асыға күтіп отыр», — деді Леффлер.
Еске салсақ, Головкин мен «Канело» арасындағы кездесу 5 мамыр күні өтуі керек еді. Бірақ оның қанынан допинг табылып, тамыз айына дейін шеттетілді. Енді «Канелоның» орнына отандасымыздың қарсыласы америкалық Ванес Мартиросян болады. Жекпе-жек Лос-Анджелес қаласының маңындағы Карсон қаласындағы StubHub Center спорт кешенінде өтеді. Бұл кездесуді отандасымыз WBC, WBA (Super) және IBO белбеулерін қорғайды. Ал IBF белбеуі ұйымның келісімшарты бойынша бұл жекпе-жекте сарапқа салынбайды.