Ұлы Отан соғысы жылдарында жоғалған қазақ батырының жатқан жері Украинадан табылды

0 10

Украина мен Қазақстанның іздеу топтары Ұлы Отан соғысы жылдарында Одесса түбінде ерлікпен қаза тапқан қазақ сарбазы Байдолла Усовтың жатқан жерін анықтап, батыр бабасын талай жыл талмай іздеген Атырау азаматын бір қуантып тастады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz сайтына сілтеме жасап.

Таяғына сүйеніп, жалғыз ғана арманын арқалап келген тоқсан жастағы Зейнолла қарияның Байдош ағасын іздегеніне талай жылдың жүзі болған. Ол құжатында туған жылын өзгертіп, майданға не бәрі 17 жасында аттанса керек. «Аманмын, жеңіл жарақат алдым», – деген тілдей хат Байдош атадан соңғы рет 1942 жылы келеді. Одан кейін ер ағадан еш хабар болмайды. Жауынгер 74 жыл бойы із-түзсіз жоғалғандардың қатарында болған. Батыр боздақтың әкесі мен анасы да ұлының қайда екенін біле алмай, шарқ ұрып, шерменде болған жандар. Үміт енді үзіле бергенде, Зейнолла қария Атыраудағы газеттің бірінен арман болған ағасының аты-жөнін көріп қалады. «Қазақ жауынгері – Усов Байдолла Одесса облысы, Богословка селосында жерленген», – деп жазылған басылымда. Ағасының жатқан жері нақты анықталғаннан кейін, ақсақал жиенін жанына ертіп, жасына қарамастан жолға шығады.

Зейнолла Бозтаев: 

«Менің туған әкемнің інісі, ең кішісі. Арманым орындалды. Мен сол қызымның арқасында осында келдім, елдегі ағайын қуанып жатыр».

Анель Қоңырова:

«Украина тарапы батырдың ұрпақтарын үлкен құрметпен қарсы алды. Біз Байдош атамыздың жатқан жеріне бір уыс қазақ топырағын алып келдік. Ең қасиетті міндетімізді орындап, батыр бабамыздың басына барып қайттық».

Атырау газетінен Байдош атайдың жатқан жері жайлы ақпарат жазылғанмен, Одесса түбіндегі ауылдың аты өзгеріп, қазақ сарбазын іздеу оңай болмағаны белгілі. Алайда Украина мен Қазақстан тарапынан да іздеу топтары істі аяғына жеткізбей тынбады. Нәтижесінде із-түзсіз жоғалған Байдолла Усов «Ерлігі үшін» медалімен екі рет марапатталып, Украинадағы қан майданда ерлікпен қаза болғаны анықталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.