Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында өңіраралық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Jambyl телеарнасына сілтеме жасап.
Аталған шараға Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген жұмыс берушілер мен тауар өндірушілер қатысты.
Мұндай жәрмеңке мемлекет тарапынан қолға алынған нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында биыл екінші жыл өткізіліп отыр. Ол халықты жұмыспен қамтып, еңбек нарығын дамытуға арналған.
Жәрмеңкеде өзге облыстан келген жұмыс берушілер азаматтар қойған түрлі сауалдарға жауап берді. Мұнда 4000-нан астам жұмыс орындары болғандықтан түскен өтініштер де көп.
Өткен жылы Солтүстік облыстарға Жамбыл жерінен 213 адам көшкен. Олардың барлығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Олар тұрақты жұмысқа орналасып, тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Бүгінгі жәрмеңкеде де басқа өңірге көшіп баруға ниет білдіргендер аз болмады.