Үш тілде білім беру – жаңашылдық бастауы

0 36

Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. 

Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі басшысының орынбасары Дурия Құрмашқызы Тоғатаеваның айтуынша, бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен»,-деп Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев айтып өткендей, келешекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігіне шығып, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр.

 «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны Елбасы 2006 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынып, “…Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі», — деді.  

Үштілділіктің еліміз үшін болашақта алары да, берері де мол. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады.  Тілді үйрену, тілдік ортаны құру мектептен басталады. Ал оның бастайтын да, үйрететін де, іске асыратын да – мұғалім.

Осыған орай, 2016 жылдан бері мұғалімдерді даярлау жұмыстары басталды. Қазіргі таңда, 554 мұғалім пәнді ағылшын тілінде оқытудың біліктілік арттыру курсына жіберіліп,  оның 361-і деңгейіне қарай сертификаттарын алды.   Бүгінгі күні Жалпыеуропалық тіл құзіреттілігін бағалау жүйесінің «А1» деңгейі бойынша — 37, «А2» деңгейі бойынша — 180, «В1» деңгейі бойынша -116, «В2» деңгейі бойынша 30 мұғалім сертификат алған. Сондай-ақ ағымдағы жылдың жаз айларында 100 мұғалім облыстық бюджет есебінен курспен қамтылатын болады. Курстан өткен мұғалімдердің білімін жетілдіру мақсатында «тәлімгерлік жүйе» бойынша  біліктілік арттыру орталықтарының мамандары тарапынан сабаққа қатысу  арқылы  көмектер  көрсетілетін болады.

Ағымдағы оқу жылы біліктілік арттыру курсымен қамтылған мұғалімдерді қатыстыра отырып, №5 мектеп-гимназияда  эксперимент жұмысы, №39 мектеп-гимназияда 8-10 сыныптың химия, биология, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытудың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін апробациядан өткізу жұмысы, 21 мектепте аталған пәндердің сөздіктерін ағылшын тілінде үйренуді вариативтік курстар арқылы жүргізудің пилоттық жобасы іске асырылып жатыр.

Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия кешенінде «Үш тілде білім берудің ғылыми-педагогикалық аспектілері» тақырыбындағы эксперимент жұмысына 13 педагог қамтылып, 6,7,8 сыныптардың 412 оқушысы қатыстырылды. Эксперимент аясында Абылайхан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдер университетінің қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы К.Кунакованың жетекшілігімен 6 сыныптағы дүние жүзі тарихы орыс тілінде, 7 сыныптағы информатика  мен  биология және 8 сыныптағы химия мен физика пәндері ағылшын тілінде  оқытылады.

Алдағы 2018-2019 оқу жылында В1,В2 деңгейінде сертификаты бар 145 мұғалімнің қатысуымен  53 мектепте жаратылыстану бағытындағы 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуды енгізу жоспарланып отыр.

Болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса,  еліміздің ертеңінің көркейе түсері сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.