Шудағы пойыз апатынан зардап шеккендер өтемақы алмадық деп шағымдануда

0 1

Күні кеше Инвестициялар және даму министрі Жамбыл облысындағы жолаушылар пойызының рельстен шығып кету себебі жөнделмеген жолдардың кесірінен болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек тағы да сегіз жүк вагонының қарама-қарсы бағыттағы пойызбен соқтығысуы салдарынан аударылды деген болжамды жоққа шығарды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA КТК арнасына сілтеп.

Бұл апатқа қатысты тергеу әлі жалғасуда. Алайда, зардап шеккен жолаушылар уәде етілген өтемақыны алмағандарына наразылық білдіріп, көпшілігі тіпті билетке кеткен ақшаны да қайтара алмай отыр.

Жамбыл облысында теміржол апатының болғанына екі апта өтсе де Виктория Пугина сол күнгі жантүршігерлік апатты әлі ұмытар емес. Зардап шегуші өзінің де, баласының да аударылған вагондар, көмек сұрап айқайлаған жолаушылардың дауысын ұмыта алмай, түні бойы ұйықтай алмайтынын айтты.

“Балалар түні бойы шошып, шыңғырып, ұйықтай алмайды. Менің өзім миым шайқалып, қатты шошынып қалғанмын”,-дейді жәбірленуші Виктория Пугина.

Астанадан Алматыға келе жатып, бір өлімнен қалған Виктория пойызға отыруға жүрексініп қалыпты. Ол тіпті, көлік жүргізуден де уақытша тартқан. Бірақ, ол көлік жүргізуден бас тартқанына емес, жазатайым оқиғадан кейін уәде етілген өтемақы алмағанына шағымдануда.

“Бізге жоқ дегенде кері бағыттың билетінің құнын өтейді ме, деп теміржол вокзалына бардық. Кейбір ата-аналарға ақша қайтарылса, басқаларына берілмеді. Қаскелеңде тұратын анам онда барып еді, ондағылар анама дөрекі қылық көрсетіп, есіктен шығарып жіберіпті. Сондай-ақ, жәбірленушілерге Астанадан Алматыға дейін сатып алынған билеттің құнын емес, біз жетпеген бөліктің ғана ақшасын қайтармақшы екен”,-дейді жәбірленуші Виктория Пугина.

Сол күнгі апатта зардап шеккен 17 баланың ата-анасы теміржолшылардың өтемақысын әлі күтіп отыр. Жазғы демалыста оқушыларды Астанаға апарып, шағын экскурсия ұйымдастырмақшы болған ата-аналар сол жексенбінің балалар үшін «ұмытылмастай» болғанын айтуда.

“Олар шошып қалған. Не көлікке отырғылары, не ауруханаға барғылары келмейді. Қорқып қалғандары соншалық үйден шығудан қалды”,- деді жәбірленуші Наталья Перекупская.

Астана-Алматы жолаушылар пойызы 17 маусымда Шу станциясының маңында апатқа ұшыраған болатын. Төтенше жағдайдың салдарынан сегіз вагон рельстен шығып кеткен. Оқиғаның салдарынан 12 жастағы жеткіншек көз жұмып, тағы 22 жолаушы жарақат алды. Бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бүгінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек апаттың негізгі нұсқаларының бірін атады. Оның айтуынша, Шуда жолаушылар пойызының аударылуына сапасыз салынған жол себеп болуы мүмкін.

“Қыстан кейін сол күндері түнгі температура, күндізгі температура қатты өзгерді. Сондықтан, осындай мәселелер бар. Сосын тексерген, бұрын тексерген комиссияларға сұрақ бар. Енді біздің комиссия жұмыстарын 2-3 аптаның ішінде бітіреді. Нақты мәліметті береміз”,- деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.