Walk Free коммерциялық емес құқық қорғау ұйымы әртүрлі формадағы құлдыққа түскен адамдардың санын есептейтін Global Slavery Index жаңартылған рейтингісін жариялады, — деп хабарлайды РИА Новости.
Global Slavery Index рейтингісі әлемнің 167 еліндегі 71 мыңнан астам респонденттен алынған сауалнама мәліметтері бойынша құрастырылған. Рейтингке еріксіз және балалар еңбегі, мәжбүрлі түрде некеге отыру, органдарын сату мақсатында адамдар саудасы секілді әртүрлі құлдық формасына тап болған адамдар кіреді. Сондай-ақ, олардың қатарында тұтқындар, жазасын өтеу үшін жұмысқа тартылғандар бар.
Walk Free мәліметі бойынша, әлемде 40,3 миллион адам құлдыққа тап болған. Оның 71%-ы – әйелдер.
Рейтингте Солтүстік Корея көшбасшы атанды. Ол жерде 2,64 миллон тұрғын мемлекетке бағынышты еріксіз еңбекке жегілген. ТОП-10 тізімде Эритрея, Бурунди, ЦАР, Афганистан, Мавритания, Оңтүстік Судан, Пәкістан, Камбоджа және Иран тұр.
Walk Free мәліметі бойынша қазіргі заманғы құлдықпен күреске Нидерланды, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция, Бельгия, Хорватия, Испания, Норвегия, Португалия және Черногория ерекше назар аударып отыр.
Қазақстан бұл рейтингте 83-орында. Рейтинг мәліметтеріне сүйенсек, елімізде 75 мың адам, яғни мың адамға шаққанда 4,21 тұрғын құлдықта өмір сүреді. Дегенмен сарапшылар Global Slavery Index рейтингісіне күмәнмен қарайды. Мамандардың айтуынша, құрастырылған рейтингте «қазіргі замағы құлдық» терминінің нақты мағынасы жоқ. Ал оның анықтамасы жыл сайын өзгеріп отырады.