Қазақстанда барлық кітапханаларға бірыңғай оқырман билетін енгізу көзделіп отыр

0 10

«Рухани жаңғыру» және «100 жаңа есім» жобалары жаңа идеялар мен креативті іздестіруге бағыттап, халықты ынталандыра түседі. Бұл жөнінде журналистерге ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының міндетін атқарушы Нұржан Жолдыбалинов мәлім етті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біз қазір Қазақстан бойынша бірыңғай оқырман билеттерін жасау үшін арнайы жұмыстар атқарудамыз. Оқырман әр кітапханаға өтініш жазып, жаңадан билет алудың қажеті не? Оның орнына бүкіл жерге бір билетті тіркеуге болады. Бұл бағытта шетелдік кітапханалармен ынтымақтастық орнатуды көздейміз», — деді Н. Жолдыбалдинов.

Оның айтуынша, Қазақстанда 107 мыңнан астам кітап атаулары жарияланған.

«Дәл қазір бұл кітаптардың барлығын электрондық кітапханаға енгізуді ойлап отырмыз. Сондай-ақ, оқулықтарды латын графикасына аударудамыз. Себебі келер ұрпақ латын әліпбиінде білім алатын болады. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының цифрлық нұсқасын алатын болсақ, оны кириллицамен де, латын тілінде де оқуға болады. Кітапты бірден латын графикасына аударуға болады. Бұл келешек оқырмандарымыз үшін өте ыңғайлы болмақ», — деді Нұржан Жолдыбалинов.

Сондай-ақ, ол оқушылардың мектептерде планшетті пайдалануына қатысты пікір білдірді.

«Мен балалардың сабақ барысында кітаптардың орнына планшет ұстағандарын қолдаймын. Кішкентай баланың 10 кітаптың орнына бір ғана планшетті алып келгені әлдеқайда ыңғайлы. Оның үстіне олардың қазір көзге еш зияны жоқ. Ішіне жүздеген кітаптарды сыйдыруға болады. Сабақта неге пайдаланбасқа? Статистикаға сәйкес, кейбір елдер қағаз оқулықтарды пайдаланғанды ұнатады, ал біздің жастар электрондық оқулықтарды қолданғанды жөн көреді», — деді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директорының міндетін атқарушы.

Айта кету керек, Нұржан Жолдыбалиновтің өзі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарының бірі атанған еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.