Таразда «Құрбан айт» мерекесі өтетін орын белгілі болды. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.
Тараз қаласына – орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде, ал аудандарда – аудандық мешіттерде өтеді.
Сондай-ақ, «Құрбан айт» мейрамымен құттықтау 21 тамыз сағат 7:00-де Тараз қаласы «Һибатулла Тарази» мешіті және барлық аудандық мешіттерде өткізілетін болады.
Айта кетейік, мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі — Құрбан айт мейрамы. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра — мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Бұл күні Меккеге барған тәуапшылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға қалтасы көтермеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі — құрбандық шалады.
Ұлық мейрамды ресми, мемлекеттік деңгейде атап өтуге қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін болды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы желтоқсанның 30-ында қол қойған, «Еңбек туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып табылады. Бұл үшін иісі мұсылман барша қазақстандық Алла Тағалаға мың мадақ етіп, оған мұрындық болған Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа білдірер алғысымыз шексіз.
Жағдайы жеткендердің бәрі құрбан шалса, оның еті тұрмысы төмендерге таратылса, халқымыз арасында ауызбіршілік пен сыйластық та артқан үстіне арта береді. Айт келгенде әр отбасында қуанбайтын, шаттанбайтын кісі қалмауы ләзім. Бесіктегі баладан төрдегі ересектерге дейін барша отандастарымызды айт мейрамын жыл сайын сағына күтетін деңгейге жеткізуге тиіспіз. Балаларға арнайы ойыншықтар мен сыйлықтар таратуды ұйымдастырсақ, бұл мереке олардың да сағына күтетін мейрамына айналары анық. Жақын-жұраттарымызға да сый-сияпат, тарту-таралғыны дәл осы айт күндерінде көбірек жасауды әдетімізге айналдырған дұрыс. Сонда жердегілер осындай иләһи мерекені тойлап, мәз-мәйрам болып жатқанда, көктегі періштелер де мұсылман жұртшылығының бірлік-ынтымағына тілектес болатыны сөзсіз.
Құрбан — араб тілінде «жақындау», яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жайында: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар», — деп құрбандық шалудың қаншалықты жауапты әрі сауапты іс екенін шегелеп айтқан.