Қазақстанның жерасты ыстық сулары жарық пен жылу алу үшін пайдаланылмақ

0 8

Жерасты байлық көздері электр қуаты мен жылу өндіру үшін қолданылуы мүмкін, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Хабар24 порталына сілтеме жасап. 

Мұндай тәжірибе Исландия, АҚШ, Канада және Түркия елдерінде кеңінен қолданылады. Алдағы уақытта Қазақстанда да алғашқы геотермалды стансалар іске қосылуы ықтимал, өйткені бастапқы жұмыстар қолға алынды.

Геотермалды стансаның ерекшелігі сол, жүйе күн көзінен және құбылмалы ауа райынан тәуелсіз жұмыс істей алады.

«Климаты күрт аумалы еліміз үшін бұл өте маңызды», – дейді энергетиктер.

Осындай стансалардың тиімділігі 96 процентке тең. Яғни күн панельдерінен 5 есе жоғары энергия өндіре алады дегенді білдіреді. Алдын ала деректерге сүйенсек, елдегі жерасты ресурстары ел аумағының төрттен бөлігін ыстық сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.

«KazEnergy» қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Арман Сәтімов техникалық құжаттама дайындау үшін өңірлер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет екендігін айтты.

«Қазақстанда гидрогеология және гидроэкология институты бар. Олардың ұсынған дерегі бойынша геотермалды ыстық су қорының көлемі – жершары бойынша шамамен 40 процент. Жерасты суларының температурасы тереңдігіне байланысты әртүрлі. Шамамен 70-163 градусты құраса керек. Біз үшін бірқатар заңнамалық актілерде техникалық құжаттама дайындау үшін өңірлер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет», — деді Арман Сәтімов.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жобаны жүзеге асыру арқылы баламалы қуат көздерін дамыту саласына үлкен серпін беруге болады.

Ал әзірше осы бағытта жерасты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елдегі энергия үнемдеу бағдарламасы да осыны қамтиды.

«Энергия үнемдеу арқылы жаңа генерация жасақтау бағасы 3 есе арзанға шығады. Яғни белгілі бір энергетикалық платформа құру үшін 10 млн доллар жұмсамай-ақ, 20-30 млн доллар бөліп, елде қолға алынған энергия үнемдеу бағдарламасын өрістетуге болады. Мәселен, көше үй кіреберісіндегі шамдарды жарық диодты түріне ауыстыру жұмыстары», — деп атап өтті «KazEnergy» қауымдастығы төрағасының кеңесшісі.

Қазақстанның жасыл экономика тұжырымдамасына ауысу барысы аясында 2030 жылға қарай баламалы қуат көздерінің үлесін 10 процентке, ал 2050 жылға қарай 50 процентке арттыру көзделіп отыр. Осы арқылы экологиялық тиімділікпен қатар, қуат өндірушілер арасындағы адал бәсекелестікті жаңғыртуға болады. Яғни тарифтердің құны да түсуі мүмкін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.