2019 жылдың үш айында Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс бойынша 261 қылмыстық құқық бұзушылық фактісін анықтады. Оның ішінде 39 факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шекара қызметімен өзара іс-қимыл нәтижесінде есірткі контрабандасының 10 фактісін анықтады. Заңсыз айналымнан 777 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Асхат Алметов айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Асхат Аманқұлұлының сөзінше, басқарма есірткі қызметіне байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі түрде жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізуде.
Облыстың есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жергілікті полиция қызметімен, Білім басқармасымен, Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жоспары бойынша арнаулы орта оқу орындары және ЖОО студенттері арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша 231 іс-шара өткізді. 6 мыңға жуық адамның қатысуымен 13 акция өткізілді.
Облыс әкімдігінің білім басқармасы және Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығымен бірлесіп облыстың 85 орта мектебінің 8-11 сынып оқушылары арасында есірткінің зияны тақырыбында онлайн режимінде интерактивті сабақтар өткізді.
ЕҚҚІБ қызметкерлері күн сайын сайттар, блогтар және әлеуметтік желілер арқылы есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын тарату бойынша Интернет желісіне мониторинг жүргізеді. Бүгінгі күні 12 интернет-сайт анықталып, бұғатталды.
Тараз қаласының прокуратурасы мен әкімдігінің, облыс және Тараз қаласының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен, «Тараз студенттер бірлестігі» ҚБ өкілдерімен өзара іс-қимыл барысында Тараз қаласының ойын-сауық мекемелерінде жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған 32 рейд іс-шарасы өткізілді. Жамбыл облысының оқу орындарында жыл басынан 17 рейд жүргізілді.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыс бойынша «Канал-Центр», «Құқықтық тәртіп», «Есірткі», «Допинг» жедел-алдын алу іс-шараларында 87 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан барлығы 145 келі есірткі заты тәркіленді.