Атаулы әлеуметтік көмек бойынша 32 млн 896 мың теңге төлем тоқтатылды
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Қайрат Досаев айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
2019 жылдың 5 сәуірінде Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы Заңға тиісті өзгерістерге қол қойылып, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға 20789 теңгеден, отбасының ересек азаматтарына жиынтық табыспен күнкөріс деңгейінің айырмасы төленуде. Осыған орай АӘК алушылар саны күрт өсті.
Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек аумақтық учаскелік комиссиясының шешімімен тағайындалып төленуде. Кедейлік деңгейінің 20789 теңгеге көтерілуіне байланысты бүгінге дейін 6829 отбасына 1 млрд 543 миллион теңге тағайындалып төленді. Сондай-ақ 2380 отбасына АӘК тағайындаудан бас тартылса, 1004 отбасының құжаттарына тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Масылдыққа жағдай жасамау мақсатында жалған мәлімет ұсынған, табысын жасырған және т.б. мәліметтерді анықтау үшін, АӘК алушы отбасылардың тұрмыстық жағдайы қайта тексерілуде. Бүгінде 541 отбасына тексеру жасалып, нәтижесінде 63 отбасының өтініші қайта қаралып, әртүрлі себептермен көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны, материалдық жағдайы жақсы, ата-анасымен бірге тұрып жатқан, бірақ өтініште көрсетпеген, бағалы автокөлігі және арнайы техникалары, базарда өзінің жеке кәсібі бар, жалған ақпарат және т.б. мәлімет ұсынғаны үшін 32 млн 896 мың теңге төлем тоқтатылды.
Айта кетейік, 1 млн 34714 теңге мемлекет қазынасына өз еркімен қайтарылды, 2 құжаттың материалы сотқа берілді, 132 құжат салық басқармасына, 9 құжат еңбек инспекциясына жіберілді.