Мемлекетіміз жастарды қолдау мақсатында бүгінгі күнге дейін түрлі шараларды қабылдап, көптеген жобаларды жүзеге асырып келе жатқаны белгілі. Сондай әлеуметтік бастаманың бірі – жас мамандарды ауылға тарту мақсатында қабылданған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы. Оның әлеуметтік мәніне баса мән беруіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені бұл тек жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталмаған, ол – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау кезеңіндегі еңсесі түскен елді мекендерді қайта гүлдендіруді көздейтін үлкен жоба. Осылайша ауылға қажет мамандарды тартып, істі де алға басқызды.
Бағдарлама шеңберінде ауылдық елді мекендерге тұрақты жұмысқа орналасқан жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, оларды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтермеақы төлеп, баспана алуына жеңілдетілген несие де беріледі. Ал «Дипломмен – ауылға!» жобасында түлектерге жүктелер үміт үлкен, сенім мол.
Сәтті жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бүгінде ауылдағы маман тапшылығын шешуге үлкен сеп болуда. Әсіресе, аудандағы елді мекендерде сұранысқа ие медицина, білім және мәдениет салаларына білікті де білімді жас мамандар көптеп келе бастады. Денсаулық сақтау саласына былтыр 133 жас маман келді. Жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның қорытындысымен келгендері – 68, олардың 31-і қалалық жерлерде еңбек жолын бастаса, 38-і ауылдарға аттанды. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір артқан. Бұл – 2018 жылы өңірімізге келген кадрлардың санынан едәуір артқан.
2020 жылы медициналық білім және ғылым ұйымдарының бітірушілерін жұмысқа орналастыру мақсатында барлық емдеу-алдын алу мекемелері www.enbek.kz электрондық еңбек биржасы порталына әлеуметтік қолдау шараларын көрсете отырып, бос орындар тізімін жариялады. Жоғары оқу орындарының түлектері мамандықты таңдап, онлайн режимінде медициналық ұйымдармен өзара келісім рәсімдеуде. Бүгінгі таңда басқармаға қарасты медициналық ұйымдар бойынша 350 бос орындар жарияланды, 631 бітіруші Жамбыл облысында жұмыс істеуге ниет білдіріп, оның 12-сі жұмысқа орналасты, 173-і жұмысқа шақырылды.
Сондай-ақ, облыста 2020 жылы медициналық оқу орындарының жұмыс істеуге өтініш білдірген 50 (21-қала, 29-аудан) түлекпен үш жақты келісім жасалған.
Жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 64 маманға 800,0 мың теңге көлемінде ақшалай көтерме ақы бөлінді. Қазіргі таңда аталған әлеуметтік көмек 11 адамға берілді, оның – 5 -і 2019, 6-ы 2020 жылы келгендер.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы елді мекендер еңсесін тіктеді десек, артық айтқандық емес. Себебі, жүрген жеріне қажыр-қайратымен жалын ала келетін жастар ауылға оралды. Сөйтіп, құлазыған ауылдарға жан бітті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы – негізінен әлеуметтік салаларды реформалауға арналды. Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау, білім, бизнес салалары үшін ауыр сынақ болды. Әсіресе, еліміздегі дәрі-дәрмекпен және медициналық өнімдермен қамтамасыз етуде біраз олқылық анықталды. Президент Үкіметке отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын жасауды тапсырды. Сондай-ақ бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқының қорғалмауы себеп болып отырғанын айтып, денсаулық саласына қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Олардың ішіндегі бастысы – медицина мамандарының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру. Дәрігерлердің айлығы 2023 жылға дейін орташа жалақыдан екі жарым есеге артық болуы керек. Сонымен қатар, алдағы 5 жылда медициналық мекемелер қажетті техникамен 100 пайыз қамтылатын болады.
Осы орайда бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылды.
Соңғы 3 жылда (2017,2018,2019) материалдық-техникалық жабдықтауға жергілікті бюджет есебінен 7 133,0 млн тенге бөлініп, 1987 бірлік медициналық құрал-жабдықтар алынды. Медициналық техниканы басқару жүйесінің (СУМТ) анықтамасына сәйкес жабдықталу – 74,74% құрады.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңес хаттамасының 7.2-тармағына сəйкес аудандық ауруханаларды қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылға республикалық бюджет есебінен Дүниежүзілік даму банкі арқылы аудандық орталық ауруханалар үшін 9 видеоэндоскопиялық кешен, 10 өкпені жасанды желдету аппараты, 9 ультрадыбыстық диагностикалық медициналық жүйелер сатып алу жоспарлануда.
Жалпы сипаттағы трансферттерге қажеттілік (ТОХ) бойынша материалдық-техникалық жабдықтауға 2020 жылға жергілікті бюджет есебінен 737 млн теңге бөлінген қаражатқа 10 аудандық орталық аурухана және 2 қалалық емхана үшін 260 бірлік медициналық құрал-жабдыққа өтінім қалыптастырылды және тендерлік рәсімдер жүргізілді. Қазіргі таңда сатып алынған медициналық құрал- жабдықтар медициналық ұйымдарға жеткізілуде.
Жарақтандыру көрсеткішін 100% жеткізу мақсатында орталықтандырылған ағымдағы трансферттер (ЦТТ) бойынша Денсаулық
сақтау министрлігіне 2020-2022 жылдарға қосымша 685 бірлік 8 млрд 396 млн теңгеге және жергілікті бюджетке 889 бірлік 5 млрд. 447 млн. теңгеге өтінім ұсынылды.
2020 жылы лизинг арқылы 1 874 млдр теңгеге 42 бірлік жедел жәрдем автокөлігін сатып алу устінде, сонымен қатар жергілікті бюджеттен 7 автокөлік сатып алу үшін 122 156 мың теңге қаражат бөлінген.
2020 жылы мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында Шу қалалық ауруханасына компьютерлік томограф және Тараз қалалық көпбейінді ауруханасын ангиограф аппаратымен жабдықтау жоспарланды. Аталған жобалардың құны – 1 236 862,0 мың теңгені құрайды. Бүгінгі күнге ангиограф жеткізуге «OPTONIC», компьютерлік томограф жеткізуге «DEMEU» ЖШС-терімен 2020-2024 жылдарға келісім-шарт жасалды. Одан басқа Меркі аудандық орталық ауруханасы және Талас аудандық орталық ауруханасы базасында мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы компьютерлік томография кабинетін ашу жоспарланып отыр.
2018-2021 жылдары аралығында онкологиялық көмекті жақсарту бағытында 200 төсекке арналған онкологиялық диспансердің құрылысы жүргізілуде, жобаның құны — 13,2 млрд теңге.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыстық көп бейінді аурухана құрылысын салу жоспарланған.
Қордай ауданында 270 төсек-орындық орталық аудандық аурухана, емхана және Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында 250 келушіге арналған емхана құрылысын 2023-2025 жылдары салу жоспарлануда.
Жұмыспен қамтудың жол картасына сәйкес, денсаулық сақтау саласында 14 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде (10-күрделі ж, 4-ағымдағы ж). Атап айтқанда, Байзак ауданында – 2, Сарысу ауданында – 3, Рысқұлов ауданында – 2, Талас ауданында – 1, Тараз қаласында – 1, Мойынқұм ауданында – 1 күрделі және 4 — ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны – 988,5 млн.теңгені құрайды. Жұмыс орындарының саны – 348, оның ішінде 178-і жұмыспен қамту орталықтары арқылы.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында дәрігерлердің айлығын кезең-кезеңмен 2020 жылы — 30%, 2021 жылы — 10%, 2023 жылы — 25% көтеру жоспарланған. Алайда, ҚР президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2023 жылға дейін дәрігерлердің айлығын экономикадағы жалақыдан 2,5 есе көтеру тапсырылғандықтан, 2023 жылы — 40%-ға көтеріледі. Облыстың денсаулық сақтау саласында 2020 жылдың 1 қаңтарында 3991 штаттық бірлікте 2467 дәрігер қызмет етеді. 2020 жылы дәрігердің еңбекақысы орта есеппен — 210444 теңгені, 2021 жылы — 231488 теңге, 2022 жылы — 266211 теңге, ал 2023 жылы – 372699 теңгені құрайтыны жоспарлануда. Осы мақсатта, 2020-2023 жылдар аралығында қосымша 13,0 млрд. қаржыны қажет етеді.
Еліміздің болашағы жарқын болып, жаңа биіктерден көрініп, келешекте экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртатынымызға еш күмән жоқ. Әлемді дүр сілкіндерген індеттен де құтылатын күн туар. Алда жақсы да жарқын күндер күтіп тұрғанына күмәнім жоқ. Тек осындай жақсы күндерге жету үшін аянбай еңбек етіп, алға қойған асқаралы істер мен міндеттерге жету жолында шаршамай, үлкен сеніммен алға қарағанымыз жөн.
Марат Жұманқұлов,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының басшысы