Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан және ауыр жарақат алған полиция қызметкерлеріне тағзым етіп, зор құрметін көрсетті, деп хабарлайды «ZhambylNews» AA.
Облыстық ПД бастығы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған Ғазиз Байтасов, Полат Аянқұлов, Жандос Бекдаировтың және аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде оқ жарақатын алған патрульдік полиция батальонының инспекторы Бекжан Тіленчиевтің отбасыларына барды.
— Біздің қызметкерлеріміздің ерліктері бүгінгі күнге дейін полицейлер үшін патриотизм мен жанқиярлықтың үлгісі болып қалады. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткен полицейлерді біз ешқашан ұмытпаймыз. Біздің жүрегімізде олар нағыз ержүрек батырлар болып қала бермек, — деді полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов қаза тапқан полицейлердің туыстары мен жақындарына.
Қайтыс болған қызметкерлердің туыстарымен әңгіме барысында Ж.Сүлейменов олардың өмірі туралы, балаларының тәрбиесі жайында сұрады. Мысалы, Полат Аянқұловтың қызы мен ұлы каратемен айналысып, көптеген жетістіктерге жетіп жүрсе, Ғазиз Байтасовтың кенже ұлы Әділжан бар ынтасымен футболға әуестенеді екен.
Жамбыл облысының ПД бастығы Бекжан Тіленчиевке де барды. Оны келе жатқан мерекемен құттықтап, денсаулық, төзімділік және тез қалпына келіп, қайта сапқа оралуын тіледі, сондай-ақ кейбір мәселелерді шешуге көмек ұсынды.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай полицейлердің отбасыларына құттықтау хаттары мен гүлдер табыс етілді.