Бурылдықтардың талап-тілегі тыңдалды

0 14

Байзақ ауданындағы Бурыл ауылдық округінде «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйытқы болуымен Жастар ресурстық орталығы өткізген шара Бурыл ауылдық клубында санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды.

Шара барысында бурылдық тұрғындарға Жамбыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нұрбек Жаманқұлов, «Отбасы банк» АҚ-ы облыстық филиалының бас қаржы кеңесшісі Ардақ Абдибаева, жастар ресурстық орталығының заңгері Бағдат Молдағалиев, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Тимур Серікбаев халыққа несие беру бойынша кеңестерін беріп, бизнесті қолдау және дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауыл тұрғындары клуб маңына көптеп жиналып, кезек бойынша қабылдауға қатысып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, заң аясында тиісті жауаптарын алып жатты.

Клубтың кітапхана бөлімінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен ауыл жастары және тұрғындармен кездесу өткізді.

— Бүгін, міне, Байзақ ауданындағы Бурыл ауылдық округіне «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында кезекті рет келіп отырмыз. Біздің келу мақсатымыз – ауыл тұрғындарымен кездесу. Мен өзім жеке жастармен жұмыс жүргізетін болғандықтан кездесуде ауыл жастары, студенттер, мектептегі жоғары сынып оқушылары, жас кәсіпкерлермен кездесіп, туындап жатқан мәселелер жөнінде және де алдыңғы уақыттан бүгінгі күнге дейін қандай мәселелер шешілгені жөнінде пікір алмастық. Басқосуда жастар тарапынан қойылған сауалдың басым бөлігі жеке кәсібін ашу мен тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі төңірегінде өрбіді. Осы сауалдарға қатысты түсіндіру, бағыт – бағдар беру жұмыстарын жүргіздік, — деді Айбек Қанатұлы.

Жобаның негізгі мақсаты — тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, білім беру мен медициналық қызметтер сапасын жақсарту, діни білім деңгейін көтеру, азаматтарға арналған жылжымалы қабылдау өткізу, әлеуметтік мәселелерін шешу, үйме-үй жүру, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастыру, халыққа несие беру бойынша кеңес беру, халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелерін шешу, заң аясында көмектесу, бизнесті қолдау және дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу екенін айта кетейік.

Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясындағы шаралар желілік кесте бойынша алдағы уақытта өз жалғасын таба бермек. Сондықтан, кез келген аудан тұрғынының шешілмеген мәселесі немесе көкейде жүрген сұрақтары болса, осындай ұйымдастырылатын жобаның жұмысшы тобымен кездесуге мүмкіндіктері бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.