Жаңатас жел электр станциясы іске қосылды

0 26

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында 2017 жылы құрылысы басталған Жаңатас жел электр станциясы іске қосылды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Мұнда тиісті мамандарынан бөлек, жергілікті жердің тұрғындарынан қазіргі уақытта құрылысы аяқталғанға дейін 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, станцияда 40 адам тұрақты жұмыс істейтін болады.

Жел электр станциясының қоршаған ортаға санитарлық-эпидемиологиялық әсері толық тексеріліп, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының оңды қорытындысы алынған.

Салтанатты жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмаз Мәдиев, аудан әкімі М.Сұлтанғалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Асанбай Сейналиев, Жаңатас жел электр станциясының бас директоры Гуо Ким, Визор – Қазақстанның өкілі Чукин Алмас қатысты.

Бұл жоба 2019 жылдың 15-ші маусымында басталып, 2021 жылдың 9-шы маусымында барлық 40 жел турбиналары іске қосылды. Жоба толық іске қосылған кезде өндіру қуаты — 100 мегават болады.

Осынау қуанышты сәтте алғашқы сөз Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмас Өскенбайұлына берілді. Сондай-ақ, Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев салтанатты шарамен құттықтады.

— Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Іске қосу жұмыстарының алғашқы кезеңін бастағалы отырған жел электр станциясы көлемі жағынан Орта Азиядағы электр қуатын өндіретін ең үлкен станция болмақ. Аудан, облыс тұрғындары бұл станцияның әлі талай игілігін көретін болады. Осынау игі істе баршаңызды бірлікте, ынтымақтастықта болуға шақырамын. Өйткені бірлігі бекем елді жау да, дау да алмайтыны сөзсіз. Бастағалы отырған ісіміз берекелі болып, ырыстарыңыз арта берсін!, — деді ол.

Бұдан кейін, алқызыл лента қиылып, салтанатты шараға келген бір топ қонақтардың жылы лебіздері айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.