Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық және еліміздің жүрегі, береке-бірлігіміздің тірегі болған Елорда күніне орай, Жаңатас қаласында тігін шеберханасы ашылды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Осынау қуанышқа толы мереке күні қарсаңында Жаңатас қаласында арнайы киімдер, медициналық киімдер және төсек жабдықтарын дайындайтын тігін цехын ашудағы басты мақсат – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, ауданымыздың көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын жұмысқа орналастыру.
Аталған жобаны жеке кәсіпкер — Ирина Георгиади қолға алып отыр. Бұл тігін шеберханасында дайындалған өнімдер тек аудан көлемінде шектелмей, республика бойынша келісімшарт негізінде «Инженерные Сети» ЖШС – Атырау қаласы, «Sitro» ЖШС – Алматы қаласына да жолдануда.
Бүгінгі күнге тігін цехы 20 адамға дейін жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, келісімшарт негізіндегі тапсырыстарға байланысты тұрақты және бірқалыпты жұмыс атқаруда. Ағымдағы жылы жобаны кеңейту жұмыстары жүргізіліп, жаңа нысанға орналасқан. «Слава» маркасы бойынша жұмыс жүргізуде.
Тігін цехының ашылу салтанатында алғашқы құттықтау үшін сөз Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиевке және аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевқа берілді. Сондай-ақ, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев ақ батасын беріп, салтанатты түрде алқызыл лента қиылды.