Бүгінде ауыл тұрғындарының әрбіреуінің ауласында тиесілі жерлері бар. Құрамы дәруменге толы бау-бақша өнімдерін өсіріп, баптап, өзгеге үлгі көрсетіп жүрген ауыл азаматтары жетерлік. Сондай еңбекқор апамыздың бірі Жайылма ауылының тұрғыны, зейнеткер Күләт Айтбаева үй ауласындағы 10 соттық жерге бау-бақша, көкөніс егіп, көпке үлгі көрсетуде, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Бақша егуге бала-шағасымен жұмыла кіріскен зейнеткер ерте көктемнен еңкейіп еңбек етті. Нәтижесі міне, еккен өнім жемісін беруде. Апамыз қолы бос уақытында ауласындағы бауды күтіп баптайды екен. Өйткені, балаларының несібесі. Үйінің айналасында бос жатқан жер жоқ деуге де болады. Зейнеткердің бақшасында асқабақ, қияр, қауын, қызанақ, жүгері өнімдері жайқалып тұр.
— Ауланың ішіндегі жерге көкөністің қияр, қызанақ, сәбіз т.б түрлерін егіп, нәпақамызды тауып отырмыз. Рас, бақшаның ұсақ-түйек жұмысы көп. Оған ерінбейтін адам керек. Ал еңбек денсаулыққа пайдалы. Арам шөбін жұлып, шаруасын жайғасаң бұл әрі бала-шағаңа көмек, әрі өз денсаулығыңа пайдалы. Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз бар. Жаз бойы ерінбей еңбек етсең, жыл бойы рахатын көресің. Ерте көктемде еткен еңбектің арқасында алыс-жақыннан ауылға келген немерелерім қызығын көруде. Кейінгі жастарға айтарым жалқаулықтан арылып, ерінбей еңбек етіп, еліміздің көркеюіне атсалысуға шақырамын. Әлемді жайлаған індеттен сақтанып жүрейік, — деді Күләт апа.
Сонымен қатар Күләт апа бос уақытында жүн түтіп, ұршық иіріп, бала-шағасына шұлық тоқып, құрақ көрпе жасайды екен.