Әйгерім бағындырған биік көп

0 3

Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің 5 сынып оқушысы Әйгерім Көшкінбектің ағымдағы жылы бір емес, бірнеше рет мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Күні кеше республикалық «Жарқын Болашақ» өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен V Республикалық «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауында «Көркем сөз» жанры бойынша қатарластарынан оқ бойы озып шығып, бас жүлдені жеңіп алғаны соның бір көрінісіндей.

Байқау еліміздің әрбір облыс, аудандарындағы дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсету, Отансүйгіштікке тәрбиелеп, орындаушылық шеберліктерін шыңдау мақсатында өткізілген болатын. Онда қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ақын-жазушылардың шығармаларын тыңдармандарға тамаша жеткізе білген көркемсөз шеберінің дауыс мәнері мен тіл тазалығы көрермен қауым мен әділқазылар алқасын тебірентпей қоймады. Сахнада өзін еркін ұстайтын, әр байқауда қойылған сұрақтарға да тиянақты жауап беріп жүрген Әйгерімнің тұла бойындағы тағы бір таланты би өнерінің қыр – сырын меңгеріп жүргені. Дәлірек айтқанда аталған байқаудың «Хореография» жанрында да сыныптастарымен ұйғыр ұлтының биін мың бұрала билеп, жүлделі II — орынға ие болғанын айта кеткеніміз жөн. Бұдан басқа да жүлделі орын алып жүрген жарыстарын атап айтар болсақ, Республикалық www.sabaq.kz ұстаздарға арналған танымдық-әдістемелік сайтының бастауыш сынып оқушылары арасында өткізген «Үздік бастауыш сынып оқушысы» атты қашықтық олимпиадасының, «Ақ Бота» интеллектуалдық марафонының, Х Халықаралық «Ғұмырдария» балалар мен жасөспірімдер арасындағы ән-би және өнер байқауының, Халықаралық «Махамбет, Абай және Мұқағали» оқуларында, «Самұрық» халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында «Көркем сөз» жанры бойынша Әйгерім ерекше дарынымен ерекшеленіп, байқаулардың бас жүлдегері, жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында өткен OFFLINE халықаралық өнер байқауына да жолдама алып, елдің ыстық ықыласына бөленді.

Әйгерімді өнерге шыңдап, алғаш сахнаға шығарған Өнер және қосымша білім беру мекемесінде еңбек еткен ұстазы Асанбекова Салтанат Саламатқызы мен «Ақниет» театр үйірмесінің жетекшісі Айша Мумеваның шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі зор.

Әйгерімнің не бәрі бастауыш сынып оқып жүріп, оқу мен өнерде «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанғаны бізді қуантады. Оның күні ертең-ақ өз өнерімен, таудай талабымен талайды тамсандыратыны анық.

Бүгінде аудан көлемінде өткізіліп жатқан айтулы мерейтойларда, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай өткен «Жыр патшалығының алыбы-Жамбыл» атты поэзия кешіне, Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз» атты әдеби кешке белсене қатысып, Алғыс хаттармен марапатталса, 4 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған мектепішілік жыр алыбы Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай өткізілген «Жамбыл жырларын» мәнерлеп оқу сайысында топ жарып, I — орын биігінен көрінді.
Маңайын өнерімен тамсандырып, айналасына шуақ шашып жүрген қызымызға «Өнерің өрге жүзсің, Әйгерім!, ауданымыздың абыройын асқақтата бер» деп тілектестігімізді бізде білдірдік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.