ZHAMBYLNEWS — «Асарлатып үй салу» жобасы аясында биыл Талас ауданына қарасты 6 ауылдық округте 8 тұрғын үй салу жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1-мамырында Есейхан ауылында аталмыш жоба бойынша 3 үй берілді. Бүгінде бірлікпен жасалған еңбектің арқасында Берікқара ауылдық округіне қарасты Қожағаппар ауылында құны 1,2 млн.теңгені құрайтын баспана салынып, пайдалануға беріліп отыр.
Қоныс той иесін құттықтауға Талас ауданының әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы арнайы барып, осындай игі іске ат салысқан барша қауымға алғысын білдірді.
Аталмыш істі ұйымдастырып, құрылыс жұмыстарына бас-көз болып келген ауылдық клуб меңгерушісі Момынқұл Мырзахметов пен екі ай бойы асарға келген ағайынға ас-суын дайындап берген ауыл тұрғыны Назымкүл Райымбековаға алғысын жеткізді.
Салтанатты рәсім барысында ауылда бой көтерген жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстау үшін ауыл зейнеткері Жақып Құтпанбаев қария құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғыны, жағдайы төмен, жалғызбасты азамат – Дәулетбек Райымбековке 4 бөлмелі үйдің кілтін табыстады.
Айта кетейік, өткен жылы жоба аясында Талас ауданында 7 үй беріліп, қоныс тойлары тойланған болатын.