Бүгін Жуалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Жомарт жүрек» сыйлығының аудандық іріктеуінің лауреаттары марапатталды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, комиссия мүшелері және кәсіпкерлер қатысты.
Малайзияда кәсібін дөңгелетіп, туған өлкесіне 100,0 млн теңгеден аса қаржыға медициналық көліктер мен қорғаныш құрылғыларын сыйлаған Талғат Турумбаев ZOOM арқылы қатысып, туған өлкеге көмек қолын созу әркімнің перзенттік парызы екенін жеткізді. Сондай-ақ, уылдастарынан мұндай сый-құрметке бөлену асқан жауапкершілік жүктейтінін де жасырмады.
Сонымен, биылғы жылдың «Үздік меценаты» болып кәсіпкер Т.Турумбаев атанды. «Туған өлке» аталымы ақтөбелік кәсіпкер М. Сабденалиевке, «Жыл тұлғасы» аталымы «Боранды» ШҚ төрағасы А.Елекбаевқа, «Жылдың үздік қамқоршысы» аталымы ақсайлық «Олжабай» ШҚ жетекшісі Ә.Олжабаевқа, «Жылдың үздік ұйымы» аталымы «Жуалы сүт өнімдері» ЖШС-не бұйырды.
Сонымен қатар,аталған шарада «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық іріктеуінің жеңімпаздары да марапатталды. Барлық жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.