Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/4 мекемесінде жалпыға бірдей декларациялау мәселесіне қатысты жиын өтті. Мұндағы мақсат – еліміздің салық жүйесінде енгізілген жалпыға ортақ декларацияны мекеме қызметкерлеріне жан-жақты түсіндіру. Жиында сөз алған Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ғазиз Рахымбердиев қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлеріне 270 нысаны бойынша өткізілетін анықтамалар жайында кеңінен айтып өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
– Елімізде азаматтардың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауды енгізілгені белгілі. Жалпыға бірдей бұл құжатты енгізудегі басты мақсат – көлеңкелі экономикамен күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралды қалыптастыру әрі ел бюджетін толықтыру. Жалпыға бірдей декларациялауға елдің әрбір азаматының өмірін жақсартудың көптеген мүмкіндігі кіреді, – деді ол. Бұл декларацияны енгізе отырып, мемлекетіміз заңсыз табыстарды анықтауға, азаматтардың салық төлеуші ретінде мәдениетін қалыптастыруға қол жеткізбек. Нақтырақ айтқанда, тұрғындардың салықтық міндеттемесін орындауға деген талап жоғарыламақ. Айта кетейік, Салық кодексінде жалпыға бірдей декларациялауды енгізу төрт кезеңде өтеді деп көзделген. Үшінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарында басталады. Бұл кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары қамтылады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап төртінші кезеңде халықтың қалған санаттары жалпыға бірдей декларациялауға толық көшеді.
Түзеу мекемесінде өткен жалпыға бірдей декларациялау мәселесіне қатысты маңызды жиында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінің қызметкерлеріне жан-жақты ақпарат беріліп, түсіндірілді.