Облыс әкімі «WorldSkills Jambyl – 2022» облыстық чемпионатының ашылуына қатысты

0 6

«Балалары жылы» аясында облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен жалпы еңбек қоғамын құру және жұмысшы мәртебесін арттыру мақсатында «WorldSkills Jambyl – 2022» облыстық чемпионаты басталды. Шараның ашылуына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты.

Аталған чемпионатқа өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 100-ден аса студент қатысуда. Үш күнге жалғасатын білім жарысында студенттер автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету, графикалық-дизайн, веб-дизайн, электрмонтаж, наубайшы ісі сынды 17 мамандық бойынша бақтарын сынайды.

Облыстық чемпионаттың ашылуына қатысқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бүгінгі таңда елімізде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталып, техникалық-кәсіптік мамандарды даярлауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беруді дамыту, соның ішінде техникалық-кәсіптік мамандарды даярлауға үлкен мән беріп отыр. Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында техникалық және кәсіби білім беру жобасын жүзеге асыру жүктелді. Осыған орай, биылғы жылғы тегін кәсіптік біліммен 5500-ден астам талапкер қамтылса, 2025 жылы 8500-ден астам колледж студенттері грантпен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Мемлекеттің тікелей қолдауымен тегін білім алған студенттерді нәтижелі жұмысқа орналастыру мәселесі де басты назарда. Көптеген студенттер кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, бүгінгі таңда тұрақты жұмысқа орналасқан. «Жастар ел тірегі» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен 11 колледжге 3 млдр. 750 млн теңге қаражат бөлінген. Колледждердің өндірістік шеберханаларында дайындалған түрлі өнімдер өңіріміздегі 18 әлеуметтік дүкенде сатылуда.

«WorldSkills» чемпионаты барлық кәсіптіктің білімнің дамуына ықпал ететін әлемдік жоба. Сайыс барасында өздеріңіздің кәсіби біліктілік пен шеберліктеріңізді дәлелдеп, облысымыздың намысын республикалық, халықаралық деңгейде қорғайды деп сенемін. Жарысқа қатысатын барша жастарға сәттілік тілеймін. Жаңа Қазақстанды құратын жастарымыздың болашағы жарқын болсын, — деген облыс әкімі шараға қатысушы қонақтармен бірге студенттер жасаған ауылшаруашылық техникаларынан ұйымдастырылған және шығармашылық-инновациялық жобалық көрмелермен танысты.

Айта кетейік, жастардың білім деңгейін сынап көруіне әрі мамандығы бойынша тәжірибе жинауына  мүмкіндік беретін чемпионаттың облыстық кезеңінің жеңімпаздары республикалық жарыста аймақтың намысын қорғамақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.