Ақын Ғайни Әлімбекқызының «Қарлығаштар мекені» атты ән кеші өтті

0 121
«Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен ақын Ғайни Әлімбекқызының «Қарлығаштар мекені» атты поэзия кеші өтті — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Ән әуелеп, жыр төгілген шығармашылық кешке өмірдегі, өнердегі достары мен ет жақындары, бір топ өлең сүйер қауым жиналды.
Орталықтың балауса-балғындары ақынды зор қошеметпен қарсы алып, кітабының мұқабасындағыдай құшағын күлгін гүлдермен толтырды. Одан соң, «Сырғалым» сырласу клубының қыздары Ғайни Әлімбекқызының жырларын оқып, өлеңге сусап келген халықтың шөлін басқандай болды.
Ақын өлеңдерінің қай қайсысын алсаңызда тазалық пен шынайылықтың исі аңқып тұрады. Арманын «Ақша бұлттар арасынан іздеген» ол, мақсатына қол жеткізгендей де. Бүгінгі таңда бес бірдей өлеңдер жинағы жарық көріп үлгерсе, келесі жинағын да шығарар күн алыс емес. Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған бірнеше әндер орындалып, сиясы кеппеген туындыларының тұсауы да кесілді.
Ғайни Әлімбекқызы – сыршыл ақын. Ол көбінде көктемді жырлайды. Өйткені, көктеммен бірге әлем жаңаратын сияқты — дейді өзі. «Қарлығаштар мекені» деп аталатын жинағында мейірімділік, адалдық, сұлулық тақырыбындағы өлеңдері топтастырылған. Сондай-ақ, қоғамдағы адам бойындағы құбылыстар, отансүйгіштік, туған жерге деген махаббат айқын бейнеленсе, ақын жүрегі мен қарлығаш жүрегіндегі тазалық өзара үндестік тапқан дерсіз!
Ақынның поэзия кешіне алыс-жақыннан келген достары жылы лебіздерін білдірді.
Жырдан жауһар терген Ғайни Әлімбекқызының өлеңдері өміршең. Бұл-көпшіліктің берген бағасы. Үш сағатқа созылған әдемі кеш келушілерді ерекше әсерге бөледі. Бізден тілек – көктем жырлары, өмір жырлары таусылмасын, жалғаса берсін!
Осындай керемет кеш үшін ақын мен кеш қонақтары «Анаға тағзым» орталығына ыстық ықыласқа толы алғыстарын жеткізді.
Leave A Reply

Your email address will not be published.