Облыс әкімі онлайн режимде Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысты

0 4

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отыз бірінші сессиясының отырысына бейне-байланыс режимінде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және өңірдегі бірқатар этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері қатысты — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» күн тәртібімен өткен Ассамблеяның жиынынан соң облыс әкімі Мемлекет басшысының сөзінің басым бағыттары мен маңызды міндеттерге тоқталып өтті.

— Президент өз сөзінде Ассамблея сессиясын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналғанын және мұның зор символдық мәні бар екенін айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің саяси реформаларға белсенді қатысуы маңызды. Баршаңызды саяси реформалардың мақсаты мен мәнін халық арасында түсіндіру шараларына жоғары деңгейде атсалысуға шақырамын. Бұл реформалардың барлығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыру, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

Қазір ақпараттық технологиялардың дамыған кезеңі.  Адамдар көп уақытын ұялы телефонға бөледі. Сондықтан, әлеуметтік желіде нақты, шынайы ақпарат тарату, тәрбие және ағартушылық тұрғыда тұрақты жұмыстар жүргізу керек.

Еліміздің әр азаматы өзгерісті өзінен бастауы қажет. Біз біртұтас ұлт ретінде қоғамның дамуына, басты құндылықтарымыздың бірі – елдегі ынтымақ пен келісімнің сақталуына бар күш-жігерімізбен атсалысуға тиіспіз. Бұл біздің мерейлі міндетіміз,-дей келе облыс әкімі бірқатар мәселелер алдағы өтетін форум барысында жан-жақты сараланып, бірге талқыланатындығын жеткізді.

Аймақ басшысы қатысушыларды алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен, Отан қорғаушылар және Жеңіс мерекесімен құттықтап, елдің тыныштығын, халқымыздың амандығын тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.